Accessibility links

 
Қазақтың үшінші ғарышкері әзір ғарышқа ұшпайды, ол енді екінші ғарышкердің кеңесшісі

Қазақтың үшінші ғарышкері әзір ғарышқа ұшпайды, ол енді екінші ғарышкердің кеңесшісі


Айдын Айымбетов, қазақ космонавты, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының кеңесшісі. Астана, қазан, 2009 жыл.
Айдын Айымбетов, қазақ космонавты, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының кеңесшісі. Астана, қазан, 2009 жыл.

Үкіметтің айтуынша, запастағы қазақ ғарышкері, қыркүйек айында ғарышқа ұшуы тиіс Айдын Айымбетовтың жолын экономикалық дағдарыс кесті. Үшінші қазақ космонавты Айдын ғарыш төңірегінде, оның болашақ үшін маңыздылығы жөнінде Азаттық радиосына әңгімелеп берген еді.

Айдын Ақанұлы, сіздің таяу жылдары ғарышқа ұшу сапарыңызды Үкімет белгісіз уақытқа дейін деп кейінге шегеріп қойды. Бұл шешім сіздің үмітіңізді сөндірген жоқ па? Негізі қазақ үкіметі ғарышқа ұшуға қанша ақша төлеу керек еді?

– Ресей ғарыш агенттігі мен Қазақстан ғарыш агенттігі арасындағы келісім бойынша, Қазақстан жағы Ресейге 900 млн. рубль шамасында (36 млн. АҚШ доллары көлемінде) төлеу керек болған. Ұшу коммерциялық негізде жүзеге асу керек еді. Бірақ көктемде республикалық бюджеттік комиссия ғарыш саласына бөлінген қаржыны қысқартты. Соның ішінде ғарышқа ұшуға бөлінген ақшаны да кесті. Әрине, бұл қаржы дағдарысы салдарынан болғанын түсінеміз.

Бұл жерде айта кету керек, қазақ ғарышкерін ұшыру мәселесі күшін жойған жоқ. Тек екі-үш жылға кейінге шегерілді. Қазір алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сосын нақты қашан ұшатыным белгілі болады. Бірақ, әрине, алты жыл бойында Жұлдызды қалашықта тәжірибеден өтіп жүріп, аяқ астынан Қазкосмос ғарышкерін ұшырудан бас тартып жатыр дегенді естігенде маған ауыр болды. Бірақ бұл бір ғана адамның шешімі емес екеніне түсіністікпен қарау керек.

Қазақстан үкіметінің шешіміне қарағанда қазақ ғарышкерінің ұшуына әлі үш жылдан да көп уақыт керек болуы мүмкін делінеді. Негізінде ғарышқа ұшу үшін жас шамасында шектеу бар ма?

– Ғарышқа ұшу үшін жасқа шектеу қойылмайды. Ең бастысы – денсаулық. Әрбір адамды ғарышқа ұшардың алдында жан-жақты медициналық сараптамадан өткізеді. Егер ғарышкерлеріміз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты алатын болсақ, олар 45-47 жастарында ұшты. Ал менің жасым 37-де. Демек әлі уақыт жағынан мүмкіндігім бар. Ең бастысы денсаулығымды сақтауым керек.

Ол үшін не істеп жүрсіз? Немен шұғылданасыз?

– Өзіңнің қалағаныңнан бас тартпай отырып, салауатты өмір салтымен жүру керек. Яғни, тәтті жегің келсе, көп емес, тек аздап. Майлы тағам жегің келсе, аздап дегендей.

Қазір үкімет дағдарыстан көп қаржыны қысқартып жатыр. Солай істей тұра, кейбір жобалары сәтсіз аяқталады. Мәселен, ҚазСат-1 жер серігіне бөлінген 65 млн. доллар далаға кетті десе де болады. Сол қаржының орнына екі рет ғарышқа ұшып барып келуге болмас па еді?

– Егер 65 млн. желге ұшып кетті десек, дұрыс болмайды. Ұшып кеткен жер серігі. Қайтып оралмады. Ал ақша таяу арада төлемақы есебінде Ресей тарапынан мемлекетке қайтарылуы тиіс. Біз қазір КазСат-2 жер серігін ұшыруға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл да өте маңызды. Себебі, жер серігі арқылы Қазақстанға сандық спутниктік телеарналар көбеймек. Сонымен бірге тек қана радиожиіліктер емес, оптикалық кеңістіктер де жұмыс істейтін болады. Алыстан басқару жүйесі жер бетінің қыртыстарын, көмірсутек кеніштерін зерттеуге де мүмкіндік береді. Жер серігінің маңызды жақтары өте көп.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Азаттық радиосына берген сұхбатында ғарышқа ұшу, жаңа технологияларды игеруде өзге әлеуметтік мәселелерден де маңызды екенін көтерген еді. Сіз осымен келісесіз бе?

– Әрине, келісем. Ғарыштық сала әлемдік экономиканың локомотиві деуге болады. Мысалы, Ресей, АҚШ, Қытай, Үндістан секілді мемлекеттер ғарышқа ұмтылуда.

Қазір әлемде экономикалық күйзеліс деп шуылдағанымен аталған елдер ғарышты дамытуға ақшаларын барынша құйып жатыр. Олар бюджеттерін қысқартпай, керісінше, оны көбейтуде. Жаңа станциялар салуда. Ғылыми зерттеулер, тәжірибелер жүргізуде.

Мәселен, ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка халықаралық ғарыш станциясынан үлкен жаңалық әкелді. Оның тәжірибесі көрсеткендей, ғарышта жасаған сынағы бойынша, бұрын болмаған қатерлі індеттерді емдейтін дәрі жасап шығаруға болады. Қазір ғалымдар осымен шұғылдануда.

Сіз жақында ғана Қазақстан ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың кеңесшісі қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл қызметті сізге жұбату үшін берген жоқ па?

– Мен осыған дейін Жұлдызды қалашықта жұмыс істедім. Яғни, космонавтарды дайындайтын Ресей мемлекеттік ғылыми-зерттеу
Әлемде тек екі жерде – Ресей мен АҚШ-та ғана космонавт-сынаушы лицензиясын беретін орталықта алған білімім мен білігімді еліме жұмсауға шешім қабылдадым.
институтында. Ғарышқа ұшуға дайындалып жүрдім. Бірақ, Ресей мен Қазақстан арасындағы ғарышқа ұшу келісім шарты бұзылған соң, Жұлдызды қалашықты тастауға мәжбүр болдым.

Алайда, әлемде тек екі жерде – Ресей мен АҚШ-та ғана космонавт-сынаушы лицензиясын беретін орталықта біліміммен Қазақстанға оралмауым мүмкін емес деп түйдім. Өз білімім мен білігімді еліме жұмсауға шешім қабылдадым. Қазақстан ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевпен кездесіп, өз ойымды айттым. Осыдан кейін ол кісі маған кеңесші қызметін ұсынды. Мен келісіп, жұмысқа кірістім.

Ресейде жүрген кезіңізде өзге елдерден шақырту болды ма?

– Иә. Өте қызықты ұсыныстар болды. Өте қомақты жалақысы бар жұмыстар да ұсынды. Алыс, жақын шетелдерден де ұсыныстар түсті. Олар адам баласына қажетті барлық материалдық жағдаймен қамтамасыз етеміз деп те көндіргілері келді. Бірақ мен адам өмірі тек пәтер, ақша секілді материалдық құндылықтардан ғана тұрмайды деп ойлаймын. Егер байлықтың соңынан қуып, Қазақстанға қажет мамандар шетелге кете берсе, өз елімізді, мемлекетімізді кім көтереді?! Қазақ баласының өз Отаны бар. Ең бақыттысы осы. Өз елің, өз жерің тұрғанда өзге жерде жұмыс істеп неге керек? Отаныңа қызмет етуің керексің!

Егер сол сіз асығып жеткен еліңіз сізді өкпелетіп жатса ше?

– Жоқ, бәрі дұрыс...

Ғарышқа ұшу коммерцияға айналып кетті. Бұл ғылымның дамуына кедергі келтірмей ме?

– Байқоныр ғарыш айлағы Қазақстандағы ең ғажап жерлердің бірі. Қазақ жерінен ең бірінші адам баласы ғарышқа ұшты. Кейін Совет Одағы құлағаннан кейін, оны игеретін бізде мамандар болмады. Оны игеру үшін өте қомақты бюджет керек болды. Сол себептен қазақ үкіметі оны Ресейге жалға беруге мәжбүр болды. Осыдан кейін Байқоңырды қалай игерем десе де, ол Ресейдің өз еншісінде.

Қазір Жұлдызды қалашықта тәжірибеден өтіп жатқан қазақ балалары бар ма?

– Өкінішке қарай, жоқ. Тек төрт қазақ баласы – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев мен және Мұхтар Аймахановтар ғана білім алдық.

Ғарышкер болу бала кезіңіздегі арманыңыз ба еді?

– Менің балалық шағымда, бәріміз тек ғарышкер болуды армандайтынбыз. Сол кездері бұл мамандық өте қасиетті болып саналатын. Бәрі құрметпен қарайтын. Ол қазіргі жастар ғой ақшасы көп деп, банкир, мұнайшы, заңгер болуды қалайды. Әрине, адам баласы ғарышқа ұшқан кезде Совет Одағы мен Батыс елдері арасында қырғи-қабақ соғыс жүріп жатты. Соған қарамастан Юрий Гагарин алғаш ғарышқа ұшқан кезде бүкіл әлем қуанды. Менің де сол Юрий Гагарин секілді ғарышкер боламын деген арманым әскери ұшақ училищесіне түсуіме себепкер болды. Оқуымды тәмәмдаған соң космонавтар отрядына түсуге жолдама алдым.

Ал балаларыңыз кім болуды армандайды?

– Менің үш балам бар. Үлкен ұлымның жасы он бірде. Екі қызым әлі кішкентай. Ұлым қазірден бастап әскери адам болуды армандайды. Әкесінің жолын қуып.

– Сұхбатыңызға рақмет!
XS
SM
MD
LG