Accessibility links

Қазақстанда қымбатшылық тоқтар емес


Мамыр айында Қазақстанда инфляция деңгейі 1 пайызға жеткен. Ресми мәліметке жүгінсек, өнеркәсіптік өнімдердің бағасы 8,8 пайызға өссе, азық-түлік бағасы 2 жарым пайызға қымбаттаған. Азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы әсіресе, зейнеткерлер мен тұрмысы нашар отбасыларға қиын соғып отыр.

Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2007 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда тұтынушы тауарлар мен қызмет көрсету бағасы 4,5 пайызға қымбаттаған. Парламент Мәжілісі жанындағы әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі депутат Бекболат Тілеухан елдегі қымбатшылыққа негізгі себептердің бірі - әлемдік азық-түлік пен энергетика нарығындағы бағаның өзгеруіне байланысты дейді:

- Индия мен Қытай яғни, жер шарының 3 млрд-қа жуық халқы ет пен нан жей бастаған заманда, азық-түлікке деген мұқтаждық күшейген сайын әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр деп айтып жатыр ғой. Қазақстан әлемдік қауымбастықтың бір бөлігі емес пе?!

Депутаттың сөзіне қосарымыз, осы жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында бидайдың әлемдік бағасы екі есеге қымбаттаса, күріш – 2,5 есеге өскен. Қазақ үкіметі биылғы жыл бойы елдегі инфляция деңгейін 12 пайыздан асырмаймыз деп уәде еткен еді.

Мамандар баға осылайша шарықтай беретін болса, 12 емес, 20 пайыздан бір-ақ асып кетуі ықтимал екендігін ескертеді. Таяуда Үкімет инфляциямен күресудің бір жолы ретінде шетелге астық, күріш және мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салған болатын. Дегенмен де үкіметке ұзақ мерзімдегі стратегиялар жоспарлар жетіспейді деп отыр мамандар.

- Үкіметтің инфляцияға қарсы шаралар қолданып жатқаны бір бөлек те, ол шаралардың қаншалықты тиімді екені бөлек әңгіме. Мәселен, жыл сайын көрші елдерде жеміс-жидек піскен кезде олардың Қазақстанға еш кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді. Бірақ бұл шаралар жүйелі емес. Ал жүйелі болмаған жағдайда тиімді деп те айта алмаймыз, - дейді «Эксперт Казахстан» журналының қызметкері Толқын Тәшімов.

Ал экономист Рахман Алшанов әлемде болып жатқан қымбатшылықпен күресу үшін мемлекет кем дегенде үшжақты шара қолдану қажет деген пікірде:

- Бағаны өсіріп отырған спекулянттарды монополистермен бірге қолға алу керек. Монополияға қарсы күресетін комитет бұл жерде бағаны кім көтеріп жатыр, әдейі көтеріп жатыр ма деген сияқты мәселелермен шұғылдануы керек. Сондай-ақ, елдегі қымбатшылық әлеуметтік жағынан қамсыздандырылмаған топтарға ауыр жүк болмақ. Сол себепті мемлекет осы жағын назардан тыс қалдырмауы керек. Осының зардабын шегетіндер мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар. Соларға көмекті көбейту керек. Бірден емес, шетінен.

Алматы қаласында тұратын ұстаз Гүлнәш Төлекова бағамен бірге жалақы да өсуі керек деп санайды:

- Қазір қарап отырсаңыз, баға күн сайын көтерілуде. Ал біздің жалақымыз күніне көтерілмейді ғой. Мұғалімдердің жалақысы 2006 жылдан бері өзгерген жоқ. Сол кезде 30 процент қосылған. Біз сол 2006 жылғы жалақымен жүрміз қазір Ал біздің алып отырған жалақымыз мына бағаға сәйкес келмейді.

Жалақы демекші, елдің экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі алдағы уақытта жалақының төменгі мөлшерін 10500 теңгеден 12000 теңгеге дейін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, зейнеткерлер қосымша 1200 теңге, мүгедектерге 2900 теңге қосылатын болады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG