Accessibility links

Желтоқсан-1986: жиырма жыл өткен соң


Осыдан дәл жиырма жыл бұрын Қазақстанды басқаруға осындағы ел-жұрт танымайтын өз адамын жіберген Мәскеудің саясатына қарсылық танытып, Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарына қарсы коммунистік Кеңес өкіметі қалың әскер шығарып, күшпен аяусыз басып-жанышқаны бүкіл әлемге тарады. Кейіннен «Желтоқсан көтерілісі» деген атауға ие болған қазақ жастарының бұл бас көтеруі - Кеңестер Одағы құрамындағы елдерді орталықтан басқаруға негізделген коммунистік жүйе саясатына халық ашық қарсылық білдірген алғашқы оқиға еді. Бүгін, желтоқсанның 17-күні Алматыда, бұдан 20 жыл бұрынғы сол бір азалы күнді еске алып, көтеріліс қахармандарының ерлігіне бас ию рәсімі өтті.

Жексенбі күні таңертеңнен Алматының орталық алаңында орташа жастағы адамдар жинала бастады. Кейбірі бала жетектеген олардың көбінің қолында гүл шоқтары бар. Жүздері ойлы жігіт ағалары мен әйелдер осы жерде кезіккенде бір-бірін танып амандасып жатты. Бұлар осыдан тура 20 жыл Алматының дәл осы алаңында болған оқиғаның куәгерлері еді. Қазірде қаладағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейтін Айгүл Құрманғазы қызы сол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде 4-курс студенті екен.

- Негізі оқиға 17-желтоқсан күні таңертең басталды ғой. ҚазМУ-дің қалашығында сағат 10-11-де студенттер жинала бастады, мән-жайдың бәрін түсіндірді. Қазақпын деген студент жатқан жоқ қой жатақханада да, сабақта да болған жоқ. Сол күні келдік осы жерге, Брежнев алаңы дейді ол кезде, қазіргі Республика алаңы. Тимирязев көшесінің бойымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін салып бәріміз келдік, - деп есіне алады Айгүл.

О баста жастардың бейбіт шеруімен басталған жиынды таратпақ болған биліктің іс-әрекетінен ештеңе шықпаған соң, өкімет оларға қарсы милиция мен әскер күшін шығарып, алаңдағы жұртты күшпен басып-жаншуының соңы қақтығысқа ұласты дейді оқиға куәгері Айгүл:

- Қолында шоқпарлары бар, қалқандары бар әскерлер бірден тап берді тұрған халыққа. Жұрт басында бірнеше рет қашты, содан кейін ашынды ғой, енді.

Жиырма жыл бұрын осы алаңда болғандардың тағы бірі, қазірде мұғалім Жанар Сыбайласова желтоқсанның сол бір ызғарлы күні өзі куә болған жайтты көзіне жас үйіріліп, даусы булыға еске алды:

- Мен алаңға 18-күні келдім, ол кезде мен 19-жастамын, ҚазПИ-дің дайындық курсында оқып жүрген едім, біз онда осындай көтеріліс болады-ау деп ойлаған да емеспіз. Көрдік қандай болғанын осы жерде... талай жігіттер, қыздар азап шекті... Сол кезде алаңға шыққан жастардың барлығы - құрбан болып кеткендер, сол үшін кейін жапа шеккендер, әлі аттары аталмағандар - өздерінің ерліктерін көрсете білді деп ойлаймын. Сол жастардың армандары орындалды, солардың арқасында тәуелсіздікті алдық деп санаймын.

Желтоқсанда алаңға шыққандардың арасында Қазақ педагогика институты тарих факультетінің 1-ші курс студенті Серікбек Арғынғазин де болған екен.

- Қон-жоса болды бұл жер. Машиналардың өртенгенін, өрт сөндірушілердің су шашқанын көзбен көрдік. Түнгі сағат екіде мына ғимараттың ішіне қашып кірдік, соның ішінде ұсталып тындық ақыры, - дейді Серікбек.

Қазірде Қазақ энциклопедиясының ғылыми қызметкері Серікбек ұсталғандарды алаңда болғаны үшін жазалау ерекше қатыгездікпен жүргізілгенін айтады:

- 17-жаста болатынмын, ұсталғандарды тоқпақпен, шынжырмен аямай ұрып-соқты, қыздарды жанды жерден әдейілеп соққылағанда... Басыма тапанша да төседі «мойында, шыныңды айт» деп.

Заң орындары тергеушілерді ұлтына қарай іріктеп алып, қитұрқы саясат қолданғанын бозбала Серікбек көзімен көріп, өз басынан өткеріпті.

- Спецназ сабады байлап қойып. Бір қазаққа екі орыстан қосып берген, сонда өзіміздің қазақ азаматтар жанын сала қимылдады ғой, солар қатты ұрды енді... Мен үш күн жаттым түрмеде, қайта бір адвокат ағайдың, жасы үлкен кісі болатын, сол кісінің көмегінің арқасында 3 күннен кейін босап шықтым. Ол кісі қазір бар ма, жоқ па білмеймін, үлкен алғысымды айтар едім. Сол кездегі тәртіп бойынша комсомолдан шығарылдық, содан соң оқудан да шықтық. Келесі, 1987 жылы жазда армияға кеттім. Армияға барғаннан кейін де мен бір жылдай ұмыта алмай жүрдім, көрген азап-сұмдықтар, қыздарды сабағаны түсіме кіріп, шошып оянатынмын... Армияда да бізге ерекше қарады, алты ай оқу-жаттығуда болғанда қолымызға автомат бермеді, Алматыдан барғандар үшін саяси сабақты бөлек өткізетін, - деп күрсіне еске алды Серікбек Арғынғазин.

- Жиырма жылдан кейін қандай баға алды Желтоқсан?

- Әлі толық мойындалмай жатыр ғой, Желтоқсанға қатысқандар - тәуелсіздіктің қарлығаштары ғой. Лайықты бағасын әлі күнге ала алмай келеді, сол - өкінішті.

1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің 20-жылдығына арнап биыл күзде Алматыдағы Желтоқсан және Сатпаев атындағы көшелердің қиылысында ескерткіш тұрғызылған болатын. Жексенбі күні сол ескерткішке гүл ғойып, көтеріліс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Оған сол көтеріліске қатысқандар, қала басшылығы, парламенттің кейбір мүшелері, журналистер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Бас-аяғы 15 минутқа созылған рәсім осыдан 20 жыл бұрын Алматыда шеруге шыққан қазақ жастары шырқаған, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным!» әнін осы жерге арнайы әкелінген әскери оркестрдің орындауымен аяқталды.

Желтоқсан көтерілісін зерттегендердің бірі Коммунар Табей 1986 жылғы қазақ жастарының бас көтеруін басып-жаншуды айғақтайтын және осы көтерілістің әлі де болса анықталмай жатқан тұстарын ашатын құжаттардың Мәскеуде жатқанын айтады.

- 1986 жылы 17-желтоқсан күні кешкі сағат 8-де Алматыдағы жастар толқуын басып-жаншу мақсатында штаб құрылды. Мәскеуден КСРО ішкі істер министрінің бірінші орынбасары генерал-полковник Елисов бастаған бір топ генерал Алматыға шұғыл ұшып келген. Солар басқарған штаб кейін бүкіл құжатты жинастырып, өздерімен бірге Мәскеуге ала кеткен екен. Қазір ол құжаттар Ресей президентінің архивінде жинаулы жатыр. Ал, Қазақстандағы құжаттарды, Желтоқсанды зерттеу үшін 1990 жылы парламенттік комиссия құрылған кезде, заң орындары «тарихи маңызы жойылды» деген желеумен акт жасап, өртеп жіберген. Сол кезде олар ойлаған болуы керек әлгі құжаттардан құтылдық деп. Ал, шын мәнісінде, Орталық Комитет осы жақтан өздеріне қажетті-ау деген негізгі деген құпия құжаттардың барлығын Мәскеуге аударғанда олардың бір-бір данасы сонда кеткен. Сонымен бірге, сол кезде үлкен қызметтер атқарған шенеуніктер әлі де сот, құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүргені мәлім, олар Желтоқсан ақиқатының аяғына дейін ашылуына мүдделі емес екендігі де рас. Бірақ, түбінде ақиқаттың алмас қылыш секілді жарып шығатынына мен сенемін, - дейді К.Табей.

1986 жылғы желтоқсанның 16-күні Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы соған дейін Қазақстанда ешкім жөнді танымайтын адамды осы елді басқаруға жібергеніне наразылық білдірген қазақ жастарының бас көтеруін кеңес өкіметі аяусыз басып-жаншыды. Сот үкімімен 99 адам қылмыстық іс бойынша сотталды, солардың ішінде екі адам ату жазасына кесілді, жүздеген адам партия мен комсомол қатарынан шығарылып, жұмыстан және оқудан қуылды. Осы оқиғадан кейін 1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының пленумында қазақ ұлтшылдығы туралы атышулы қаулы қабылданды. Кремльдегі басшылық өз шешімімен келіспеген қазақ жастарының желтоқсандағы қозғалысына осылайша баға берді.

Алматыда қазақ жастарының Кремль саясатына қарсы бас көтеруі туралы хабарды сол кезде әуе кеңістігінде қазақ тілінде алғаш рет «Азаттық» радиосы таратқан болатын. Ал кеңестік-коммунистік ақпарат-насихат құралдарында Алматыдағы бұл көтеріліс «кеңестік жүйеге жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы» деп сипатталды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG