Accessibility links

«Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң жобасы қоғамдық ұйымдарды әрі-сәрі етіп қойды


Қазақстандағы қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің кейбірі үкіметтік емес ұйымдар ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деген пікірде. Елде «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң қабылдау мерзімі жақындаған сайын осындай сөздер жиі айтылатын болды.

Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар бұндай көзқарасқа қарсы уәж айтып, әділдік сұрап ел президентіне жүгінген болатын. Себебі, президент бұл заң жобасын қайтаруға немесе вето салуға құқылы.

Қоғамды демократияландыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев:

- Қазір Қазақстанда 4,5 мыңнан астам мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар бар, сондықтан олардың жағдайын жан-жақты саралау керек, - дейді.

Парламент Сенатының қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің хатшысы Тасбай Симамбев болса:

- Украина, Грузия, Қырғызстандағы түрлі-түсті төңкерістер кезінде үкіметтік емес ұйымдар, шетелдік қорлар митингілер мен қозғалыстарды қаржыландырды деген ақпараттар бар, - дейді.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын зерттеп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың бірі - «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженова, шетелдік ұйымдар іштен бір түрткі болатын күштерді қаржыландырып отыр деген мәселе қозғалатын болса, бұл адами, философиялық тұрғыдан алғанда дәйексіз, себебі, іште бәрі дұрыс болатын болса, тыстан ешкім де ешнәрсені өзгерте алмайды деген пікір айтады.

Ал, астаналық Шәріп және Ғалым есімді жігіттер елдің экономикалық ахуалы тұрақты, сондықтан мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысы көршілес елді саяси-экономикалық тұрақсыздықтарға апарып соқтыратындығы анықталып жатса, ондай ұйымдардың жұмысын тоқтату қажет деген ойларын білдірді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мемлекеттік емес ұйымдардың саны төрт мыңнан асса да, пәрменді жұмыс жасап жатқаны небәрі жүз шақты деп отыр.

- Мемлекеттік емес ұжымдарсыз Азаматтық қоғамды елестету қиын. Егер де қауіпсіздік қызметі бір ұйымның шетелден қаржыландырылатындығына күдік келтірсе, онда жан-жақты тексеру жүргізіп, қортындысын баспасөзде жариялауына болады. Ал, барлық үкіметтік емес ұйымдарды сыпыра жауып тастау немесе қудалау Қазақстанның имиджіне нұқсан келтіреді, - деп санайды Ә. Ғали.

Сонымен, қазір Президент жанындағы қоғамды демократияландыру жөніндегі Ұлттық комиссия облыстарда партия жетекшілерімен бірлесіп көшпелі отырыстар өткізу арқылы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң бойынша жергілікті халықтың пікір-тілектерін ескеруде. Саясаткерлер мен заңгерлер заң жобасы жөнінде кереғар пікірлер көбейіп кеткен жағдайда, бұл заң жобасын Президенттің қайтарып алуына немесе вето қоюына да болатындығын айтады.
XS
SM
MD
LG