Accessibility links

Украина президенті Виктор Ющенко Астанаға сапармен келді


Украина президенті Виктор Ющенко Біртұтас экономикалық кеңістік туралы сөзінде «негізгі мәселелер бойынша тәуелсіздігімізді сезінгіміз келеді» деді. Сондай-ақ, Виктор Ющенко Астанадан украин мектебіне жаңа ғимарат беру үшін қазақ парламентінің қолдауын сұрады.

Қазақстанға келе салған бетте, Украина президенті Виктор Ющенко Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жұмыстарында ең негізгі деген 29 құжаттың 16-сына қол қоятындығын мәлімдеген.

- Бізде бұл күрделі машинаны іске қосуға қажет позициямыз бар. Біріншіден, біз жүйені іске қосуға қажет келіссөздерді өткізуге мүдделіміз, екіншіден, транзит саясаты, - деді В.Ющенко.

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевпен кездесуінде президент Ющенко қызыл-сары файлға салынған қағазға қызыл-сары қаламмен осы мәселелерді жазып отырды. Және басты мақсаты мұнай-газ саласында келіссөздер өткізу екендігін жеткізді. Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру мәселесіне тоқталған Украина Президенті билікке демократиялық күштердің келуімен бұл мәселе бір орында тұрып қалмағанын атап өтті. Бірақ, В.Ющенко Біртұтас Экономикалық Кеңістік туралы әңгімесінде:

- Біз пікірталасты ұлт үстіндегі институттар құрудан бастағымыз келмейді. Біз негізгі мәселелер бойынша тәуелсіздігімізді сезінгіміз келеді, - деді.

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев бұл мәселелердің бюрократияға жататындығын мойындады. Бұған дейін Қазақстандағы сапарында Беларусь президенті Александр Лукашенко, Біртұтас Экономикалық Кеңістік құжаттары бойынша Украина толық келіспей отыр деген. А.Лукашенконың айтуынша, украиндықтар ұлт үстіндегі органдар жайлы ұлт сөзіндегі әріптен басталатын сөз кездесетін құжаттарды өзгертуді сұраған.

Қазақстандық саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, ұлт үстіндегі органдар Біртұтас Экономикалық Кеңістік сияқты ұйым үшін қажет нәрсе.

- Ал, егер Украина жағы саяси емес, тек экономикалық ынтымақтастықты көздесе, бұл басқа әңгіме, - дейді саясаттанушы.

Экономикадан кейін екі жақ гуманитарлық мәселелерді қарастырды. Ресми құжаттарда жазылғандай, тың игеру кезінде Қазақстанға 300 мыңға жуық украиндықтар келген екен. Бүгінде Қазақстанда жарты миллионға жуық украиндықтар тұрады деген мәлімет бар. Республикада 20-шақты украин ұлттық орталықтары тіркелген. Олардың қарамағында мектептер, бұқаралық ақпарат құралы және ансамбльдер жұмыс істейді. Осыған орай, Виктор Ющенко Астанадан Украин мектебіне жаңа ғимарат беру үшін парламенттің қолдауын сұрады.

Бұл мәселе бойынша, Парламент Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев парламент жағынан қолдау болатындығына сендірді. Қазақстанға екі күндік ресми сапарының жоспары бойынша, Виктор Ющенко сейсенбі күні Маңғыстау облысының әкімімен кездесті. Бұған дейін, Астанаға келген президенттер аймақтарға бармайтын.
XS
SM
MD
LG