Accessibility links

Баспасөзге шолу. 26 мамыр 2005 жыл


Бейсенбі күнгі газеттер АҚШ президенті Джордж Буштың Кавказ бен Орталық Азия елдерін елеулі өзгерістер күтіп отырғандығы туралы өз ойын білдіргендігін жазыпты. Сондай-ақ, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваға жазған ашық хаты жарияланыпты.

Бейсенбі күні жарық көрген “Жұма таймс/Дата недели” апталығында, Қазақстандағы демократиялық күштерден президенттік сайлауға бірегей кандидат ретінде түскелі отырған, “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Вашингтонда Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Бушпен түскі аста бірге болғандығы айтылыпты.

Аталмыш басылымның хабарлауынша, Жармахан Тұяқбай Америка Құрама Штаттарына, 2008 жылы президенттік сайлауға түскелі отырған, сенатор Джон Маккейннің шақыруымен барған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Джон Маккейін қоғамдық негізде Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылатын Халықаралық республикалық институт, әлемдегі оппозициялық партиялар мен қозғалыстарды, демократиялық бағдарламаларды қолдаумен және оны қаржыландырумен айналысады.

Мақала авторының айтуынша, аталмыш институт ұйымдастырған түскі ас кезінде сөйлеген сөзінде Америка Құрама Штаттарының президенті Джордж Буш, өзі басшылық етіп тұрған кезінде, Ақ үйдің әкімшілігі тарапынан әлемдегі демократияны қолдауға 4,6 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлінгенгендігін айтып өткен. Сондай-ақ, Джордж Буш өз сөзінде, Кавказ бен Орталық Азия елдерінің елеулі өзгерісті күтіп отырғандығы туралы да ойын білдіріпті.

Бұл тақырыпқа айрықша тоқталған “Сөз” басылымының хабарлауынша, Америка Құрама Штаттары Президенті Джордж Буш соңғы 18 айдың ішінде көптеген елдерде революциялық төңкерістердің орын алғандығына ерекше назар аударған. Джордж Буштың айтуынша, таяу уақытта демократиялық төңкерістер Кавказ бен Орталық Азияның басқа елдерін де күтіп тұр.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Буш қандай елдерді үлкен өзгерістер күтіп тұрғандығын нақты атамағанымен, оның Кавказды, Арменияны, ал Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан мен Өзбекстанды меңзеп отыруы ықтимал.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген ақпараттар ағымында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Америка Құрама Штаттарына барған сапарында, конгрессмендер Кристофер Смит және Джозеф Питпен, сондай-ақ мемлекеттік департамент пен ұлттық қауіпсіздік кеңесінің адамдарымен, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескендігі хабарланыпты.

Сонымен қатар автор өз мақаласында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Вашингтонға және Нью-Йоркке барған кезінде Карнеги қорында, Адам құқығын қорғау жөніндегі Лигада сөз сөйлегендігін де тілге тиек етіпті.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы да бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың басты қаһарманына айналды. Атап айтқанда, бірқатар басылымдардың бетінде А.Сәрсенбайұлының республикалық “Асар” партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның атына жолдаған ашық хаты жарияланыпты.

Сәрсенбайұлының айтуынша, парламент сайлауынан кейін, өткен жылдың күзінде “Хабар” ақпарат агенттігі оны сотқа беретіндігі туралы ақпарат таратқан. Агенттіктің экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беруге оның “Республика. Деловое обозрение” апталығына берген сұхбаты себеп болған. Осыған орай А.Сәрсенбайұлы өз хатында кезінде “Время” газеті арқылы осы ақпаратқа байланысты жауап бергендігін, өзінің Дариға Назарбаевамен соттасуға әзір екендігін және ол басшылық ететін “Хабар” агенттігіне қатысты керекті құжаттардың барлығын жария етуге дайын екендігін мәлімдегендігіне тоқталыпты.

А.Сәрсенбайұлының айтуынша, осы оқиғадан кейін “Хабар” агенттігі ешқандай іс-әрекет жасамағанымен, таяуда ол Алматы қалалық Медеу аудандық сотынан шақыру қағазын алған. Алтынбек Сәрсенбайұлы өз хаты арқылы “Республика. Деловое обозрение” апталығына берген сұхбатында “Хабар” агенттігінің іскерлігіне нұқсан келтіретін тұстардың жоқ екендігін, тек оның басшысы Дариға Нұрсұлтанқызының атына бағышталған сөздердің ғана бар екендігін ескертіпті. Осыған орай Алтынбек Сәрсенбайұлы “Хабар” агенттігінің емес, “Асар” партиясының басшысы Дариға Назарбаеваның оны сотқа беру керектігін тілге тиек етіпті.

“Жас Алаш” басылымында А.Сәрсенбайұлының басындағы жағдайға байланысты жарық көрген редакциялық мақалада бұл істің саяси астары бар екендігі туралы қорытынды жасалыныпты.
XS
SM
MD
LG