Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15 ақпан 2005 жыл.


Сейсенбілік газеттерде "Ақ жол” партиясы басшыларының арасында өзара келіспеушіліктің бар екендігі айтылыпты.

“Жас алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген “Билік, Бәйменов және бес себеп” атты бас мақалада “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменовтың пленум шақырып, “Әділетті Қазақстан үшін” атты бүкілхалықтық қозғалыстың құрылғандығына өз наразылығын білдіргендігі айтылыпты.

Газет тілшісінің хабарлауынша, осы мәселеге арналған баспасөз мәслихатына келген журналистердің көбісі, Ұлттық баспасөз клубына, партияның басқа жетекшілері мен төралқа мүшелері өткізетін басқосуға кетіп қалған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Әлихан Бәйменов өткізген пленумда "Ақ жол" партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіру туралы шешім қабылданған.

Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап өткізген баспасөз мәслихатында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов осы мәселеге қатысты қойылған сауалдарға нақтылы жауап бере алмапты. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы болса журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында: "партияның кейбір мүшелері билік тарапынан ұйымдастырылған “емтиханнан” өте алмады" деп мәлімдепті.

Партияның үш тең төрағасы - Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы және төралқа мүшелері Әлихан Бәйменовтің жетекшілігімен өткен жиынға қатысудан бас тартыпты. Олардың айтуынша "бұл – интригалық аппараттық ойынан басқа түк те емес". Сондай-ақ олардың мәлімдемелерінде “тәуелсіз ақпарат құралдары қуғынға ұшырап, партиялар жабылып жатқан қиын уақытта мұндай әрекетке бару тек “Ақ жол” партиясының ғана емес, бүкіл Қазақстанның демократиялық қозғалыстарына маңдайдан тиген соққы. Бұл мәселенің адамгершілік және саяси жауапкершілігі - Әлихан Бәйменовтың мойнында” деген сөздер бар.

“Жас алаш” газеті тілшісі жасаған қорытындыға сүйенсек, "Алтынбек Сәрсенбайұлының беделінің күшейіп кетуі, Әлихан Бәйменовтың осындай қадам жасауына себеп болып отыр". Газет тілшісінің айтуынша, “Қазрейтинг” ұлттық агенттігінің жылдық қорытындысында ашық саясатта үш жылдан бері жүрген Бәйменовтың тасада қалып, кеше ғана келген Алтынбек Сәрсенбайұлының Назарбаев пен Тасмағамбетовтың қатарына шығып кеткені де "Әлихан Бәйменовтың ызасын келтірген фактілердің бірі болуы" ықтимал.

“Айқын” басылымының сейсенбілік санында жарық көрген Берік Бейсенұлының мақаласында “Ақ жол” партиясының арасында өзара келіспеушіліктің бар екендігі бұрыннан айтылып жүргендігі тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, Әлихан Бәйменовтың бастауымен Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіру жиынына 60 адам қатысқан. Осы жиынға қатысқандардың екеуі ғана бұл ұсынысқа қарсылық білдірген.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы болса, негізгі түсінбеушіліктің парламент сайлауы өткен соң басталғандығына тоқталыпты. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы “өзіне сенімсіздік білдіру мәселесін партияның Орталық кеңесінің пленумы емес, сьезд шешу қажеттілігін де атап өтіпті.

Кәсіби дипломат Болатхан Тайжан “Айқын” басылымына берген сұхбатында “Ақ жол” партиясының екіге айырылуына партияның өз ішінде түрлі бағыттардың болуы септігін тигізуі ықтимал деген ойын білдіріпті. Болатхан Тайжанның айтуынша, "ұлт мүддесін толық түйсінбеген саяси күштердің ешқайсысы да Қазақстанда бұқаралық сипатқа ие бола алмайды".

“Экспресс К” басылымында жарық көрген “Әулие Әлиханның күні” атты мақалада “Ақ жол” партиясы тең төрағаларының ғашықтардың “Валентин күнінде” арыздасып жатқандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Әлихан Бәйменов өзінің партияластарын жеке басының мүддесін партияныкінен жоғары қойып отыр деп айыптаса, “Ақ жол” партиясының тағы бір тобы Әлихан Бәйменовтың әрекеттерін партияның ішіне іріткі салу үшін жасалып отырған қадам ретінде бағалапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Литер” басылымында бастапқы кезде, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Ақ жол” демократиялық партиясының арасында өзара келіспеушіліктің бар екендігі туралы әңгіменің болғандығын, ендігі уақытта бұл әңгіменің шындыққа айналғандығы тілге тиек етіліпті.

Мақала авторының айтуынша, таяуда ғана оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдардың біріне “Ақ жол” партиясында ешқандай да келіспеушіліктің жоқ екендігін мәлімдеген Алтынбек Сәрсенбайұлына партияның кезектен тыс өткізілген пленумы сенімсіздік білдіру туралы мәселені күн тәртібіне қойып отыр.

“Литер” басылымында жарық көрген мақаладағы газет тілшісінің талдауына сүйенсек, Гүлжан Ерғалиева, Петр Своик, Асылбек Қожахметов бір жағынан, екінші жағынан Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Ораз Жандосов және оларға қосылған Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова Қазақстандағы демократиялық қозғалысқа үлкен соққы жасады.
XS
SM
MD
LG