Accessibility links

Оппoзициялық «Сөз» газеті мен ұлттық қауіпсіздік комитеті арасындағы сот аяқталды


Алматының экономикалық соты ҰҚК-нің талап-арызын жартылай қанағаттандырып, оппозициялық газетке алдыңғы ақпаратты жоққа шығаратын мақала жариялап, талапкерге бес миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің талап-арызы бойынша, елдегі оппозициялық «Сөз» газетінің үстінен Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында сот процесі басталған болатын.

Арызда ҰҚК өз ар-ұжданына «Сөз» газеті кір келтіріп, шындыққа жанаспайтын хабар таратты деп шағымданып, соттан «Сөз» газетінің кінәсін мойынына қоюды және моральдық төлем ретінде басында 5 миллион теңге, содан кейін 10 миллион теңге өндіртіп алуды сұраған еді.

Қаңтардың 31-інде түске дейін сот осы іс бойынша екі тарап өкілдерінің соңғы сөздерін тыңдады.

Аталмыш процеске түрткі болған жағдай – Қазақстандағы оппозициялық газеттердің бірі «Сөз» басылымы өзінің 2004 жылғы қыркүйек айының 23-і күні шыққан санында «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшілерін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аңдып, бейнетаспаға түсіргендігі туралы хабарлаған болатын.

Алайда ұлттық қауіпсіздік комитеті «Сөз» газетінің таратқан бұл хабары ешқандай қисынға келмейді, ҰҚК қызметкерлері «Ақ жол» партиясының жетекшілерін бақылауға алып, аңдымаған деп мәлімет таратып, газет редакциясынан "қатесін түзетіп", кешірім сұрауын талап еткен болатын.

Басылымның қазақша нұсқасының редакторы Шәріп Құрақбаев бұл ақпараттың тек «Сөз» газетінде ғана емес, басқа да басылымдарда жарияланғанын алға тартып, өздеріне қарсы сот ісінің басталуында саяси астар барын айтты.

Қаңтардың 31-і күні таңертең Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында осы істің соңғы отырысы өтті. Отырыс барысында тараптардың іске қатысты барлық құжаттары негізге алынып, екі жақ өкілдерінің пікірлері тыңдалған болатын.

ҰҚК мүддесін қорғаушы адвокат Анатолий Гинзбург, «Сөз» басылымы жалған ақпарат бергендері үшін кешірім сұрап, және де моральдық төлем ретінде 10 миллион теңге төлеулерін талап етті. Осы ретте сөз алған басылымның адвокаты Сергей Уткин «өткен аптаның соңында Гинзбург мырзамен болған әңгімемізде екі жақ мәмілеге келеміз бе деп едік. Ал бүгінгі оның мұндай ұстанымы мені тіптен таң қалдырды» деді.

- Гинзбург мырзамен болған әңгімемізде ол бізге ҰҚК үшін ең бастысы ақша өндіріп алу емес, бастысы сіздердің жазған ақпараттарыңызды жоққа шығару деген болатын. Біз өз тарапымыздан газетіміздің бірінші бетінде тиісті ақпартты жариялаймыз деп уәде бергенбіз. Өткен аптадағы жұма күні сондай келісімге келгендей болып, сенбі, жексенбі күндері бұл мәселе екі жақ үшін де тиімді түрде шешілер деп ойлаған едік. Дегенмен, бүгін таңертең Гинзбург мырза ешқандай мәмлеге келіспейтінін мәлімдеді, - деді адвокат Уткин.

Ал басылымның меншік иесі, «Лист-инфо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гюзаль Байдалинова, егерде сот ҰҚК-нің талап-арызын қанағаттандырар болса, басылым жұмысын тоқтатуға мәжбүр дегенді айтып отыр.

- Басылымның айналымда жүрген бар қаржысы 1 миллион теңгедей ғана. Бұл ақша журналистердің қаламақысына, сонымен қатар, баспа жұмыстарына жұмсалып отыратын қаржы. Сөз болып отырған 10 миллион біздегі бар ақшадан 10 есе көп ақша.

«Сөз» басылымының адвокаты Сергей Уткин «бұл әу бастан басылымның жабылуын көздеген іс» деген пікір айтты.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты ҰҚК-нің талап-арызын жартылай қанағаттандырып, оппозициялық бағыттағы «Сөз» басылымын алдыңғы ақпаратты жоққа шығаратын мақаланы жариялап, сонымен бірге 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді міндеттейтін шешім шығарды.
XS
SM
MD
LG