Accessibility links

Әнші Мақпал Жүнісова: “Шығармашылығыма әдейі тұсау қойып отыр”


Саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің зайыбы әнші Мақпал Жүнісова елдегі электронды ақпарат құралдары өзінің шығармашылығын көрсетуді доғарғанын айтып, мұны күйеуінің былтырғы наурызда президент Назарбаевты сынаған әйгілі мәлімдемесімен байланыстырады.

Ширек ғасырға жуық уақыттан бері әншілік өнерімен Қазақстан жұртшылығына танымал Мақпал Жүнісова жұбайы, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің билікке қарсы жасаған саяси мәлімдемесінен кейін шығармашылығын халыққа жеткізуде кедергіге тап болғанын айтады.

- Жылдағы жоспар бойынша жасалатын гастрольдік сапарларым тоқтатылды. Облыс, аудан әкімшіліктері "сізді қабылдай алмаймыз, жоғарыдан сондай нұсқау түсті" деп, барған жерім мені қабылдаудан бас тартты. Өз еркіммен саналы түрде Қазақстанның халықтық партиясына мүше болып, сайлау уақытында Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Сол кезде менің алдымнан үнемі кедергілер ғана шығып отырды. Қазақстанның халықтық партиясының мүшесі болғаным үшін мені билік 1937 жылдардағыдай "халық жауы" санады. "Қазақконцерттің" ресми әншісі бола тұрсам да, сол жердің басшылары мен мәдениет министрлігі тарапынан ешқандай қолдау көрмей отырмын. Мен мұны әдейі істелген қиянат деп есептеймін, - дейді Мақпал Жүнісова.

Әнші Мақпал Жүнісова өзі үшін қымбат тыңдарман қауыммен қауышуға мүмкіндік бермей отырған кедергілерге қапалы екенін айтады.

- Енді олармен қайта кездесе алмай қаламын ба деген ой мазалайды мені, соны ойлағанда жүрегім қарс айырылады. Менің басылым беттерінде “саяси баспана сұрап шет елге кетуіміз мүмкін” деп мәлімдегенімнің басты себебі - осы, - деді Мақпал Жүнісова.

Сондай-ақ, әншінің жұбайы Заманбек Нұрқаділов өзіне билік тарапынан қысымның күшейіп, бүгінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаментінің “президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына нұқсан келтірді” деген айыппен өзіне қарсы қылмыстық іс қозғағандығын жеткізді.

Оған өткен жылдың шілде айының 23-і күні “Қазақстан” газетінің бетінде Заманбек Нұрқаділовтің атынан жазылған “Асхаттың алдында қарыздармын” деген мақала себеп болған.

- “Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған мақаланы жазбағанымды ресми түрде мәлімдеймін. Маған қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар. Егер іс осылайша жалғаса беретін болса, Қазақстанда 1937 жылғы қуғын-сүргін басталды деп есептеуге болады, - деді Заманбек Нұрқаділов.

Ал әнші Мақпал Жүнісова “егер өнерімді осылайша тұншықтыра беретін болса, онда жұбайыммен елден кетуге мәжбүр боламыз” деген сөзін тағы қайталады.
XS
SM
MD
LG