Жұма күні Қазақстан астанасына АҚШ үкіметінің Еуропа және Еуразия елдеріне жәрдем көрсету жөніндегі үйлестірушісі, елші Карлос Паскуаль мен АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) Еуропа және Еуразия жөніндегі басқарушысының көмекшісі, доктор Кент Хилл келді. Баспасөз өкілдерімен болған кездесуде елші Карлос Паскуаль Қазақстан қоғамын демократияландыруда оппозицияның рөлі маңызды болғандықтан оппозицияның өз пікірін айтуға мүмкіндігі болуы тиістігін атап айтты. Бұл орайда американ елшісі Қазақстан сотының үкімі бойынша қылмысты деп танылып, сотталған журналист Сергей Дуванов пен қазірде түрмеде отырған, «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрушылардың бірі, бұрынғы облыс әкімі Ғалымжан Жақияновтың істерін атады.