ЖАҢАЛЫҚТАР
Ресей әскері Киевке ракетамен соққы жасады, жараланғандар бар

6 сәуірге қараған түні Ресей әскері Киевке ракетамен соққы жасады. Украина төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, кемінде үш адам зардап шеккен.
Қаланың Дарница, Соломенск және Оболонский аудандарында өрт шыққан. Адам тұрмайтын құрылыс қирап, бірнеше көлікті бүлдірген. Бұған қоса, бизнес-орталық ғимараты жартылай бүлінді деп жазды Киев мэрі Виталий Кличко.
"Таңғы сағат 6:30-дағы жағдай бойынша, Киев пен Украинаның қалған бөлігіне ресейлік баллистикалық және қанатты зымырандар шабуыл жасап жатыр. Астанада қатты жарылыс [естілді] және көптеген қалаларға шабуыл жасалғаны жөнінде хабар бар" деп жазды АҚШ-тың Украинадағы елшісі Бриджит Бринк.
Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский америкалық дипломатты Ресей әскерінің Кривой Рогқа жасаған соққысына өте әлсіз реакция білдірді деп сынаған. Кривой Рогқа жасалған соққыдан 19 адам өлді, 9-ы бала. Бринк оқиға жанын түршіктіргенін айтып, осы себепті "соғыс аяқталуы керек" деп жазған. Ол жазбасында Ресей сөзін қолданбаған.
АҚШ қаржы министрі: Зеленский пайдалы қазба туралы "ең жеңіл мәмілені" бұзды

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент тележүргізуші Такер Карлсонға берген сұхбатында Украинамен пайдалы қазба туралы келісім Ақ үйде президент Дональд Трамппен сөз таластырып қалған Владимир Зеленскийдің әрекетіне байланысты тоқтап қалды деп мәлімдеді.
"Ол әлемде ең оңай іс саналатын шаруаны бұзды" деді Зеленскийдің әрекеті туралы айтқан Бессент. Қаржы министрінің сөзінше, Украина басшысы пайдалы қазба туралы келісімге үш рет қол қоюға оқталған, бірақ әр кез сайын айнып қалған.
Дегенмен Бессент "екі жаққа пайдалы келісімге жақын арада қол қойылатын болар" деп үміттенетінін жеткізді.
28 ақпанда Зеленский АҚШ-қа Украинаның сирек металын өндіру құқығын беретін келісімге қол қою үшін Вашингтонға барған. Дональд Трамп және вице-президент Джей Ди Вэнспен сөз таластырып қалған Зеленский кездесу бітпей жатып кетіп қалған. Осылайша келісімге қол қою рәсімі өтпей қалды.
Апта басында Трамп президент Зеленскийді "келісімнен бас тартпақ болды" деп айыптаған. Зеленский жуық арада келісімге қол қоймаса, "үлкен мәселеге" тап болады деп сес көрсеткен.
Наурызда Вашингтон келісімнің жаңа нұсқасын ұсынған. Киев бұл ықтимал сценарийлердің бірі, келіссөз жалғасып жатыр деп айтқан.
Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктері Financial Times басылымына аталған құжат Украинаның егемендігіне нұқсан келтіріп, кірістің бәрін шетелге жіберіп отыруға міндеттейді, Вашингтонға тәуелділікті арттырады деген.
ХАМАС тұтқынға алынған адамдар туралы жаңа видео жариялады

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған ХАМАС тобы израильдік тұтқындар туралы жаңа видео жариялады.
Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, тұтқындардың бірі - донбастық Максим Харкин. Оның анасы, бауыры мен қызының Ресей азаматтығы бар. Екінші тұтқынның аты-жөні – Бар Куперштейн.
Видеода тұтқындар өте ауыр жағдайда қамауда отырғандарын, жақын арада су мен тамақ бітуі мүмкін екенін айтады.
Харкиннің отбасы жақындарын таныды деп жазды Израильдің Ynet жаңалықтар порталы. Бұл палестиналық топтың 2023 жылы 7 қазанда оны ұстағаннан бергі алғашқы видеосы.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жағдайдан хабары барын айтты.
Наурыз айында Израильдің әскері Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери қимылды қайта бастаған. Қазір ХАМАС-тың қолында 59 израильдік тұтқында отырғаны айтылады. Ондаған адам тірі емес деген болжам бар.
ХАМАС 2023 жылы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газа секторында әскери қимыл бастаған. ХАМАС шабуылынан шамамен 1200 адам қаза болды, 250-ден астам адам тұтқынға алынды.
ХАМАС-қа қарсы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс барысында ондаған мың палестиналық опат болған. Дегенмен бұл мәлімет тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ. Қаза болған палестиналықтардың қаншасы ХАМАС әскерінің құрамында болғаны туралы мәлімет жоқ.
Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза болғандар үш мыңнан асты

Мьянмада жер сілкінісінен қаза болғандар 3354-ке жетті, 4850 адам зардап шекті, 220 адам із-түзсіз жоғалды. Бұл жөнінде Мьянманың мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген Reuters агенттігі жазды. Елде 1 сәуірден бері қаралы күн жарияланған.
БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер зілзала ошағы маңында орналасқан Мандалай қаласына барды.
"Қираған нысындардың ауқымы орасан зор. Адамдар өлді. Үйлер қирады. Тіршілік көзі жойылды. Бірақ халықтың төзімділігі ғажап" деп жазды Флетчер X желісінде.
Жұма күні БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының айтуынша, әскери хунта өз билігін қолдамайтын зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізуді шектеген.
Мьянманы басып алған әскерилер жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеңілдету үшін осы аптада 22 сәуірге дейін атысты тоқтататынын жариялады. Хунтамен күресіп жүрген ереуілшілердің тобы бір айлық үзіліс алып, әскери қимылды тоқтатқаннан кейін болды.
28 наурызда магнитудасы 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Халық саны жағынан Мьянмадағы екінші қала Мандалай қаласының басым бөлігі жер сілкінісінен қатты зардап шекті. Зілзала Таиланд, Вьетнам, Қытайда сезілді.
Кейінгі 70 жылда Қырғызстандағы мұздықтар 16% азайған

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров кейінгі 70 жылда елдегі мұздықтардың аумағы 16 пайызға азайғанын мәлімдеді, 2100 жылға қарай олардың жартысы жоғалуы мүмкін. 4 сәуірде Самарқанда (Өзбекстан) өткен «Орталық Азия жаһандық климаттық қауіп-қатерлерге қарсы: ортақ гүлдену үшін ынтымақтастық» атты халықаралық форум кезінде Жапаров осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, былтыр Қырғызстанда лай көшкіні артып, инфрақұрылымдарға едәуір нұқсан келтірген. Бұл құбылыстың салдарынан адам өлімі тіркелген, халықтың қоныс аударуына түрткі болған.
"Бұған қоса, мұздықтардың жылдам еріп, мұздану аймақтарының қысқарып жатқанына, су деңгейінің төмендігіне, құрғақшылық пен шөлейттерге куә болып отырмыз. Жыл сайын олардың саны мен ауқымы артып келеді" деді Жапаров.
Оның сөзінше, Қырғызстан газдандыру арқылы көмір пайдалануды қысқартып, электр энергиясын тасымалдау мен үлестіру кезінде жоғалатын энергия көлемін азайтуға тырысып жатыр, қалалардың жылу жүйелерін жақсартуға ұмтылып келеді.
БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы жүргізген зерттеу өзге аймақтарға қарағанда Қырғызстанда ауа температурасы екі есе жылдам жылитынын анықтаған.
1960-2023 жылдары аралығында Қырғызстанда орташа ауа температурасы 1,2 °C көтерілген. Әлем бойынша орташа көрсеткіш – 0,6 °C.
Марат Жыланбаевтың адвокаты белсенді түрмеде аузын тіккенін хабарлады

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеде жазасын өтеп жатқан белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастама топ жетекшісі Марат Жыланбаев қарсылық ретінде аузын тікті. Бұл жөнінде белсендінің әйеліне сүйенген адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады. Бұған дейін Жыланбаев түрме әкімшілігінің әрекетіне наразылық білдіріп, 26 наурызда аштық жариялаған еді.
— Түрме әкімшілігі оған берген уәдені орындаған жоқ. Олар оған жүгіруге мүмкіндік беретінін айтқан. Ол сурет те салады, олар оған сурет салуға рұқсат беруге уәде еткен. Бірақ олар өз уәделерінде тұрмағандықтан Марат Жыланбаев аштық жариялап, аузын тікті, – деді Досқараев Азаттыққа.
Азаттық Степногорск мекемесіне хабарласты. Кезекші бөліміндегілер толымды ақпарат беруден бас тартты.
Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі депаратменті 4 сәуірде шағын хабарлама жіберді:
"Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған сотталушы мекеме әкімшілігіне ешқандай шағым түсірмеген. Ол адвокатпен үнемі байланыста, туыстарымен телефон арқылы сөйлеседі, олармен кездесулер ұйымдастырылған" деп жазылған хабарламада.
61-жастағы Жыланбаев түрмеде отырып, түрмедегі жағдай мен сот үкіміне қарсы бірнеше рет аштық жариялаған. Оны тәртіптік изоляторға да қамаған.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Бұған дейін IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан еді.
Алматы полициясы ВИЧ-ке шалдыққан адамдар тізімінің жарияланып кетуіне орай тексеріс жүргізіп жатыр

Алматы полициясы ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың жеке деректерінің жарияланып кетуіне орай тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде полицияның баспасөз қызметіне сүйенген "Власть" сайты жазды. Бұған дейін әлеуметтік желіде медицина колледждердің бірінде осындай тізім тарағаны жөнінде мәлімет пайда болған.
"Бұл фактіге байланысты Алматы қалалық полиция департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Жай-жапсары анықталып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады" деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Qumash телеграм-арнасының жазуынша, қаладағы медицина колледждердің бірінің студенттері зертхана жұмысы кезінде ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың тізіміне қол жеткізіп, оны желіде таратып жіберген. Колледж бен клиника аты айтылмайды.
Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасады. Кемінде 15 адам қаза болды

Ресей әскері Кривой Рог орталығындағы тұрғын үйлерге баллистикалық ракеталармен соққы жасады. Облыстық әскери әкімшіліктің мәліметінше, кемінде 15 адам қаза болған, арасында балалар да бар. 50-ден астам адам жараланған. Оқиға орнынан түсірілген сурет-видеоларға қарағанда ракетада кассеталық оқ-дәрі болған. Ол балалардың ойын алаңы аумағына түскен.
Жарақат алған 39 адам ауруханаға жеткізілген.
"Жағдайы ауыр және өте ауыр адамдар бар. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр" деді әскери әкімшіліктің жетекшісі Александр Вилкул. Днепропетровск облысының жетекшісі Сергей Лысактың айтуынша, жараланғандардың ең кішісі – үш айлық нәресте.
Украина президенті Владимир Зеленский қаза болғандар арасында алты жасар бала барын айтты.
"Күн сайын Ресей соққысы. Күн сайын адамдар өліп жатыр. Мұның әлі жалғасып жатқандығының жалғыз себебі ғана бар: Ресей атысты тоқтатқысы келмейді және оған көзіміз жетіп отыр. Бүкіл әлем көріп отыр" деді Зеленский өзінің телеграм-арнасында.
Бірнеше дереккөз ракета "Магеллан" мейрамханасы аумағында жарылғанын жазды. 29 тұрғын үй бүлініп, бірше көлік өртенген. Кейбір үйлерде газ жүйесі істен шыққан.
Ресей қорғаныс министрлігі Кривой Рогқа жасалған зымыран шабуылын «қолбасшылар жиналысына жасалған жоғары дәлдіктегі соққы» деп атады. Министрліктің хабарламасында Ресей қарулы күштері «бөлімше командирлері мен батыстық нұсқаушылармен мейрамханалардың бірінде кездесу өткізген жерге» шабуыл жасағаны айтылған.
Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Каллас әлеуметтік желідегі парақшасында "Кривой Рогтан қайғылы кадрлар түсіп жатыр. Ресей әскері халық тығыз орналасқан ауданға соққы жасап, нәтижесінде кемінде 14 адам, оның ішінде 6 бала да бар, қаза болды. Ресей Украинаны жойып жатыр, ол атысты тоқтатуға ынталы емес" деп жазды.
"Ойын алаңына зымыранмен соққы жасау - бұл соғыс емес, жабайылық. Қаза болғандардың отбасыларымен және өз елін ресейлік лаңкестіктен қорғайтындармен бірге. Чехия сізбен бірге" деп жазды Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский.
"Путиннің бітімі осы" деп жазды Литваның сыртқы істер министрі Кястутис Будрис.
2 сәуірде Кривой Рогтағы қала кәсіпорындарының біріне баллистикалық зымыранмен шабуыл жасалып, 4 адам қаза болып, 14 адам жараланған еді. Бірнеше көпқабатты тұрғын үй бүлінді.
Кривой Рог - Украинаның ірі өнеркәсіп орталығы. Онда бірнеше тау-кен өндіру, өңдеу және металлургия кәсіпорындары орналасқан.
USAGM "Настоящее время" хабарын тарататын кей спутник жүйелерімен келісімді тоқтатты

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/ Азаттық радиосына (АЕ/АР) қарасты орыстілді "Настоящее время"телеарнасының хабарларын таратын екі спутник жүйесімен келісімшартты тоқтатты.
4 сәуірде "Настоящее время"телеарнасы Азаттық радиосының жұмысын бақылайтын USAGM-нің әрекетінен соң Astra және Eutelsat спутник жүйелерінен хабар тарату мүмкін болмай қалғанын хабарлады. Дегенмен әзірге телеарна хабарлары Hotbird жүйесі арқылы көрсетіліп тұр. USAGM неге мұндай шешім қабылдағанын түсіндірген жоқ.
Ресей әділет министрлігі "жағымсыз ұйым"деп таныған "Настоящее время"телеарнасы көрермен өз хабарларын көру үшін басқа да цифрлық құралдарды қолданса болатынын мәлімдеді. "Телеарна негізінен Ресей, Украина, Орталық Азия, Шығыс Еуропа аймақтарынан хабар таратады.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 23 елде 27 тілде хабар таратады, оның аудиториясы 50 миллионға жетеқабыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп 14 наурызда жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді көздейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.
Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң USAGM-нен жолданған хатта АЕР/АР қызметін қаржыландыруға деп бөлінген, АҚШ конгресі мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жазылған. Хатқа өз лауазымын "USAGM бас директоры міндетін уақытша атқарушы аға кеңесші" деп көрсеткен Кэри Лейк қол қойған.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы мұны заңсыз шешім деп санап, сотқа қайырылды. Қазір USAGM-мен арада бұл іс бойынша сот жүріп жатыр.
25 наурызда АҚШ соты USAGM "өз бетінше негізсіз шешім шығарған"деген тұжырым жасап, Азат Еуропа/Азаттық радиосының уақытша тыйым салу туралы бұйрығын (TRO) шығару өтінішін қанағаттандырды. Ертесінде USAGM грантты тоқтату туралы шешімінің күшін жоятынын, бірақ бұл “USAGM-нің грантты тоқтату өкілетіне нұқсан келтірмейтінін"айтып Азат Еуропа/Азаттық радиосына хат жолдады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы 1 сәуірде көп қызметкерін азайтылған жалақы төленетін демалысқа жіберуге мәжбүр болғанын және USAGM-нен конгресс бөлген қаржыны күтіп отырғанын хабарлады.
25 наурызда АҚШ-тың заң шығару органы – конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.
Сөз бостандығын қорғау ұйымдары USAGM-нің бұл әрекетін өткір сынап, бұл әлемдегі авторитар режимдердің еркінсуіне жол береді деді.
20 наурызда 27 халықаралық журналистік ұйым АҚШ үкіметін баспасөз бостандығын қорғауға және АҚШ ғаламдық медиа агенттігі(USAGM) арқылы басқарылатын немесе қаржыландырылатын ақпарат құралдары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, мәлімдеме жасады.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) USAMGM-нің бұл шешімі Азаттық радиосымен байланысы болған көп журналиске қауіп төндіретінін мәлімдеді.
CPJ-мен қоса PEN America, "Шекарасыз тілшілер"және басқа да журналистерді қорғау ұйымдары қол қойып, АҚШ конгресіне жөнелткен хатта "USAGM-мен байланысы бар журналистер саяси тұрғыда шетін тақырыптағы репортаждары үшін үлкен қоқан-лоққыға тап болады, оларға қудалау және түрме қаупі төнеді"делінген. Олар конгресті АҚШ қаржыландырған ақпарат құралдарында жұмыс істеген журналистерді қорғау бойынша "жедел шара қолдануға"шақырды.
Маңғыстау облысында бір топ адам билікке үндеу жолдап, жұмысты әділ бөлуді талап етті

Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Жетібай, Құрық, Мұнайшы елді мекендерінің жұмыссыздары билікке үндеу жолдап, жұмыспен қамту орталығынан бөлінетін жұмыс орындарын әділетті әрі заңды түрде үлестіруді талап етті. Олардың видеомәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда олар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің аты-жөнін атап, оларды қызметтен босатуды да талап еткен.
Видеомәлімдемеде ондаған адамның Жетібай деген үлкен жазу бар ауылдың кіреберісінде тұрғаны көрінеді. Олар ұстаған үлкен плакатта "Әділетті жұмысты талап етеміз!" деген жазу бар.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл үндеу жазылғанға дейін 3 сәуірде Жетібай кентінің орталығындағы мәдениет үйінде жұмыссыздық мәселесі талқыланып, оның соңы айғай-шумен аяқталған. (Ақпаратқа қарағанда, бір адам ашуланып өзін жарақаттаған. Алайда бұл оқиғаның жай-жапсары анықталмай жатыр).
"Ешқандай нәтиже жоқ, әкімдер өздері жан-жақта, халықтың мұң-мұқтажын тексере алмай отыр. Біз ешқандай заңсыздыққа барған жоқпыз. Халық ашынып кеткен. Келген жұмыс орындары әділетті бөлініп жатқан жоқ. Комиссия құрмай отыр" деді жиналысқа қатысқан тұрғындардың бірі Азаттыққа. Бірақ онымен кейін байланыс үзіліп, барлық сұрақтарға жауап ала алмадық.
Жетібай тұрғыны Айнұр Өтегенованың сөзінше, 12 мың халқы бар Жетібайды жұмыссыздық мәселесі қажытып жіберген.
"Келген жұмыс шынайы мұқтаж адамдарға беріліп жатқан жоқ. Үйінде жұмыс істейтін адамдары бар, жағдайы бар адамдар арасында өзара бөлісіледі. Қарапайым мұқтаж халық жұмысқа кіріп жатқан жоқ. Халықты осы нәрсе ашындырып отыр. Қара халық аш, жағдайы жоқ. Олардың үнін ешкім естімейді" деді ол.
Оның сөзінше, кешегі жиналыстан кейін тұрғындар стеласы бар ауылдың кіреберісіне шерулетіп барып, билікке үндеу жасаған. Жұмысты әділ үйлестіруді талап еткен.
Әлеуметтік желіде осы оқиғалардан бірнеше видео тарады. Солардың бірінде үлкен залға көп адам жиналғаны, бірнеше адамның ашуланған бір адамды тоқтатуға тырысып жатқаны көрінеді. Болжам бойынша, айналасындағылар өзін жарақаттығысы келген адамды олай жасамауға көндіріп жатқанға ұқсайды.
Мінберде отырған билік өкілі "халықты арандатпаңдар! Халықтың атынан шығатын біздер – жергілікті атқарушы органдар..." дейді.
Тұрғындардың сөзінше, жиналыс орта жолда осылайша айғай-шумен аяқталған.
Азаттық тілшісі 4 сәуірде Жетібай ауданы әкімдігіне хабарласты. Өзін әкімнің орынбасары ретінде таныстырған Рахат Қаратаев "жиналыста адам өзін жарақаттады" деген ақпаратты растамады. Оның сөзінше, жұмыссыздық мәселесі бар елді мекен тұрғындарына бұған дейін 200-250 мың теңгелік жалақысы бар жұмыс ұсынылған, алайда жұмыссыздар мұнай саласынан жұмыс талап еткен. "Жұмыс әділетсіз бөлінеді деген" уәжге қатысты ол нақты жауап берген жоқ.
Аудандық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, 12,9 мың халқы бар Жетібай кентінде 2025 жылы 2146 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Басқарма жетекшісі Дина Сайытованың айтуынша, мұнай саласына жұмысқа тұру үшін өзге елді мекен тұрғындарының осы жақтан тұрақты тіркеу алып, жұмысқа орналасу талпынысы бұған дейін анықталған және осы жайт жағдайды күрделендіріп отыр.
Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өңірінде жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Аймақта жалақысы жақсы, тұрақты жұмыс талап еткен наразылықтар жиі болып тұрады. Жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.
Орталық Азия мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік орнатуға уағдаласты

Орталық Азия мен Еуропа одағы елдері өзара стратегиялық әріптестік орнатпақ. Бұл жөнінде Самарқанда өтіп жатқан "Орталық Азия – Еуропа одағы" саммитінен соң тараған бірлескен баспасөз хабарламасында айтылған.
"Соңғы жылдары жоғары деңгейде екіжақты байланыстар артқандықтан әрі көпжақты, аймақтық күн тәртібі жылдам өзгеріп жатқандықтан Еуропа одағы мен Орталық Азия елдерінің басшылары екі өңір арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік орнату жолымен жоғары деңгейге көтеруге уағдаласты" делінген хабарламада.
Саммит соңынан стратегиялық әріптестік орнату бойынша соңғы шешім қабылданбақ. Өзбекстан президенті Шавқат Мирзияев мұны "тарихи шешім" деп атады.
"Арамыздағы стратегиялық әріптестік нақты шешімдермен, жоба, бағдарламалармен толығуы керектігіне сенімдімін" деді Мирзияев.
Еуропа одағы мен Орталық Азия сауданы арттырып, "адамдар арасындағы байланысты кеңейтеді" деді Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта. Ол Еуроодақ аймақтың "тұрақты дамуына инвестиция салып", оның "сенімді серіктесі болып қала береді" деді.
Бұл саммитте Еуропа одағы құны 12 миллиард еуро болатын "Ғалам қақпасы" инвестициялық пакетін ұсынды. Ол екі аймақ арасындағы транспорт байланысын арттырып, маңызды шикізат өндірісі, цифрлық байланыс, су және энергия саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған.
"Бұл инвестиция екі жаққа да пайда келтіреді, себебі біздің серіктеріміз өсіп, гүлденсе, Еуропа да гүлденеді" деді Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен.
Орталық Азия – Еуропа одағы саммиті Өзбекстанның Самарқан қаласында 3-4 сәуірде өтті. Оған Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан президенттері қатысты.
Еуропа одағы - 27 елдің басын қосатын саяси-экономикалық одақ. Ол АҚШ пен Қытайдан кейінгі ірі экономика саналады.
Самарқандағы саммитте Тоқаев сауда байланысы және жасыл энергетика туралы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен Орталық Азия – Еуроодақ саммитінде сөз сөйлеп, Еуропа оағы мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты жақсарту жолдарына тоқталды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Тоқаев сөзінде екі аймақ арасында сауда және экономика саласында байланысты арттыру қажетін айтты және Еуропа нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты.
– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз, – деді Тоқаев.
Бұған қоса Қазақстан президенті жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға да мән беретінін айтты.
– Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді ол.
Қазақстан басшысы күрделі геосаяси ахуалға да тоқталып, Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөз барысына қолдау білдірген.
– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Украина бойынша мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді ол.
Саммиттен кейін жасалған бірлескен баспасөз мәлімдемесінде екі өңірдегі ел лидерлері бейбітшілік, қауіпсіздік және демократия бағыттарында бірлесе дамуға ниетті екені, заң үстемдігі мен адам құқығын сақтауға әрі қорғауға бейіл екенін танытқаны жазылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.
Орталық Азия – Еуропа одағы саммиті Өзбекстанның Самарқан қаласында 3-4 сәуірде өтті. Оған Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан президенттері қатысты.
NBC News: Трамптың айналасындағылар оған Путинге хбарласпауға кеңес береді

АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағылар Ресей президенті Владимир Путин Украинада атысты толық тоқтатуға келіспейінше оған хабарласпауға кеңес береді. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген NBC News сайты жазды.
Басылым дереккөзінің айтуынша қазіргі кезде екі ел басшыларының телефон әңгімесі жоспарланбаған. Алайда олар Трамп аяқ астынан Путинмен сөйлесемін деуі мүмкін екенін жеткізді.
Америка басшысының өзі NBC News арнасына жексенбі күні Путинмен сөйлесуге оқталып отырғанын айтқан. Ол сонымен бірге Украина басшысы Владимир Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтірген Путинге "қатты ашулы" екенін айтқан еді.
Американың үш шенеунігі NBC News арнасына кеше Ресей президентінің инвестиция-экономикалық әріптестік бойынша арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев Ақ үйде республикашыл-конгресмендермен кездескенін айтты.
Басылым дереккөзінің айтуынша, ол сенаторлар Линдси Грэм және Маркуэйн Маллинмен кездескен. Кездесу Трамптың бастамасы бойынша өткен. Дереккөздің айтуынша, Дмитриев және сенаторлар Украинада атысты тоқтату шарттары мен Путиннің талаптарын талқылаған.
- Дмитриев – бұл Ресейдің Украинадағы басқыншылығы басталғалы бері Вашингтонға барған бірінші жоғары лауазымды ресейлік шенеунік.
- Телеарнаның жазуынша, Дмитриевке виза беру үшін Америка санциясын уақытша алып тастаған. АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдері бұл құпия мәселе болғандықтан виза мәселелеріне түсініктеме берген жоқ.
Бұрынғы дипломат Сәкен Мамаш қамауға алынды

Астана полициясы экс-дипломат Сәкен Мамашты қамауға алды. Былтыр оның әйелі 10 жылдан бері күйеуінен зорлық көріп келе жатқанын мәлімдеп, Қазақстан билігінен көмек сұрағаннан кейін бұрынғы дипломатқа қарсы қылмыстық іс қозғалған еді.
"Былтыр бұрынғы елшінің кеңесшісіне қарсы әйелін тұрақты түрде ұрып-соққаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Полиция жедел-тергеу тобын құрған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар қажетті сараптама жүргізілді. Айтарлықтай дәлелдемелік база жинақталды. Тергеу соты М.С-ны қамауға алу туралы шешім қабылдады" деп жазылған полиция хабарламасында.
Былтыр көктемде бұрынғы дипломаттың әйелінің шағымы жарияланған шақта сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БАӘ-дағы елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамашты елге қайтарып жатқанын хабарлаған. Ізінше дипломаттың әйелі БАӘ-дан Астанаға келіп, балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылғаны хабарланды.
Ресей Украинаға тағы дрондармен шабуыл жасады. Қаза болғандар бар

Жұма күні Ресей әскері Украинаға дрондармен шабуыл жасады. Украинаның Киев облысы мен Харьков қаласы да шабуылға ұшырады.
Харьковте дрондар тұрғын үйге түсіп, кемінде төрт адам қаза болды, кемінде 35 адам зардап шекті деді қала мэрі Игорь Терехов.
Киев облысында дрондар көлік тұрағы мен автосалонға түскен, 20-дан астам көлік бүлінген. Екі адам зардап шекті деп хабарлады Украинаның төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі.
Түнде ресейлік дрондар Днепр, Киев және Запорожье облыстарына шабуыл жасады. Днепрде үш адам зардап шекті, тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттан өрт шыққан. Киевте - екі адам, Запорожьеде бір адам зардап шекті.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, түнде Ресей әскері 78 дрон жіберген, 42-сі атып түсірілген.
4 сәуірге қараған түні Ресей аймақтарында 107 дрон атып құлатылды деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі. Дрондардың көбі (34 дрон) Курск облысында жойылған, Орлов облысында 30 аппарат құлатылған.
Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз атқылаудан шекарадағы Белая Березка ауылының тұрғыны опат болғанын айтты. Тағы бір тұрғын ауруханаға жеткізілген.
Мәскеуде үш дронның шабуылы салдарынан Домодедово, Жуковский және Внуково әуежайларында ұшақ қабылдау мен ұшыруға шектеу қойылған.
ПІКІРЛЕР