Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылы сулы, нулы, қойнауы алтынға бай Алтай тауында орналасқан. Мұнда екі өзеннің арнасы қосылып, қайнар бұлақтар бастау алады. Ауыл маңында 10 жылдан бері кен барлап келген тау-кен кәсіпорындары 2022 жылы алтын өндіретін фабрика сала бастаған. Содан бері ауыл адамдары «су мен табиғат бүлінеді, экология ластанады» деп үзілді-кесілді қарсы болып келеді. Ал облыс билігі фабрика құрылысында заңсыздық жоқ дейді.