Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келіссөз болса, оған НАТО мен Еуроодақ өкілдері қатысуы керек деді.
Киевке ресми сапармен барған Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Коштамен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский сөзбе-сөз былай деді: "Келіссөз үстелінің басында кім отырады? Ресей, Украина және, мен айтқандай, Еуроодақ пен НАТО. Өйткені біз өзімізді осы одақтардағы қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі ретінде көреміз. Және осы форматта не туралы келісе алатынымызды түсінемін".
Зеленский Украинаны әлсіз позицияда қалдыратын жағдайда соғысты уақытша тоқтатуға қарсы екенін атап айтты. Себебі, ондай жағдайда, бірнеше жылдан кейін Путин "қайта айналып шауып, Украинаны толық күйретеді" деді ол. Украинаның "позициясы мықты" болуы керек дегенде Зеленский өз еліне НАТО мен Еуроодақ тарапынан кепілдік берілсін дегенді меңзеп отыр.
Киев Ресей басып алған Украина аумақтарын өзгенің заңды жері деп ешқашан мойындамайды деген сөзін Зеленский тағы да қайталады. "Олар біздің жер, біздің адамдар. Украинаның уақытша басып алынған бөліктері. Әрине, оның бәрі қайтарылады. Басым бөлігі дипломатиялық жолмен қайтқанын қалаймын", – деді ол.
- Украина мен Ресей арасында келіссөз өткізу ықтималдығы әлемдік саяси ортада және бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыланып жатыр. Кремль өзі қойып отырған шарт орындалатын болса, бейбітшілік туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқан. Мәскеу Украинаның бес облысы бұдан былай Ресейдікі деп мойындалғанын қалайды, оның ішінде қазіргі уақытта Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерлер бар. Киев мұны "мүлде қабылдауға келмейтін шарт" деп санайды.
ПІКІРЛЕР