Accessibility links

Зеленский ел наразылығынан соң НАБУ және САП туралы жаңа заң ұсынды


Украина жемқорлықпен күрес агенттіктерін тәуелсіздігінен айыратын заңға наразылық. Киев, 23 шілде 2025 жыл.
Украина жемқорлықпен күрес агенттіктерін тәуелсіздігінен айыратын заңға наразылық. Киев, 23 шілде 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский ел парламентіне жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл құжат елдегі екі негізгі жемқорлықпен күрес қызметінің тәуелсіздігін қалпына келтіруді көздейді. Бұған дейін олардың дербестігін шектейтін даулы заң қабылданып, ел көлемінде жаппай наразылықтар туындаған.

Зеленский 22 шілде күні қол қойған заңнан кейін Украинаның Жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюросы (НАБУ) мен Жемқорлықпен күрес жөніндегі мамандандырылған прокуратурасы (САП) жоғары деңгейдегі жемқорлықты еркін тергеу кепілдігінен айырылған.

Осыдан соң Киевте және Украинаның өзге де ірі қалаларында жаппай наразылық өтті. Бұл қадамға Еуроодақ елдері де алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп екі күн өткенде Зеленский парламентке жаңа заң жобасын жолдады. Ұлттық бюро жаңа заң агенттіктің іс жүргізу құзыреті мен тәуелсіздік кепілдігін қалпына келтіреді деп мәлімдеді.

"НАБУ мен САП заң мәтінін әзірлеуге қатысып, Украина Жоғарғы Радасын президент бастамасын негізге алып, оны мүмкіндігінше тез қабылдауға шақырады" деді агенттік Telegram-да жарияланған хабарламасында. "Бұл НАБУ мен САП жүргізіп жатқан қылмыстық істерге төнетін қауіптің алдын алады".

Telegram-дағы мәлімдемесінде Зеленский заң жобасының мәтіні қос агенттіктің тәуелсіздігін қалпына келтіріп, олардың қызметіне "Ресей ықпалы болмайтынын" айтты. Бұған дейін бұл екі агенттікті бас прокуратура қарамағына өткізуге осы "Ресей ықпалы" түрткі болған.

"Біз барлық украинның ұстанымын құрметтейміз" деді Зеленский сол жазбасында.

Украина парламентінің спикері Руслан Стефанчук Facebook-тегі парақшасында құжат келесі пленарлық отырыста қаралатынын хабарлады. Бұған дейін оппозициялық депутат Ярослав Железняк Жоғарғы Рада тамыз айының соңына дейін «демалысқа шықты» деп мәлімдеген болатын. Дегенмен, Стефанчук Facebook-тегі жазбасында пленарлық отырыс бір ай ішінде өтіп қалады деді.

24 шілде күні жаңа заң жобасы жайлы мәлімдеме жасаған Зеленский кейінірек Германия канцлері Фридрих Мерцпен сөйлескенін айтты. Украина басшысы Германияны құжатты талқылау процесіне қосылуға шақырған және Мерц бұл ұсынысты қолдайтынын айтқан.

Зеленскийдің айтуынша, Германия канцлерімен әңгімеде Украинаның Еуроодаққа қосылуының алғышарттары талқыланған.

"Бұл мәселеде Германия тарапынан толық қолдау бар" деді Зеленский.

Содан бір күн бұрын Еуроодақ агенттіктерді бас прокуратура қарамағына өткізетін заңды сынап, оны "кері шегіну" деп атаған. Өзге сыншылар аталған заң Украинаның демократия жолындағы еуропашыл бағыттан айнуының көрінісі деген.

Германия да заңдағы өзгерістер "Украинаның Еуроодақ бағытындағы жолын бөгейді деп мәлімдеген. Еуроодақ комиссары Урсула фон Дер Ляйен де заңдағы түзетулердің салдарына алаңдап, бұл өзгерістер Украинаның жемқорлықпен күрес архитектурасына теріс әсер етеді деді.

Әкесінің мойнына отырған қыз НАБУ мен САП қызметінің тәуелсіздігін шектейтін заңға вето қоюды талап етіп тұр. Киев, 24 шілде 2025 жыл.
Әкесінің мойнына отырған қыз НАБУ мен САП қызметінің тәуелсіздігін шектейтін заңға вето қоюды талап етіп тұр. Киев, 24 шілде 2025 жыл.

Кейінгі күнде Украина астанасына жойқын шабуылдар жасалып жатса да, жүздеген адам Киев орталығына барып, Зеленскийден заңға вето қоюды талап еткен. Олардың айтуынша, агенттіктердің тәуелсіз қызмет ету мүмкіндігінен айырылуы үкіметтің жоғары лауазымды қызметкерлер арасындағы жемқорлықты әшкерелеуге кедергі келтіруіне жол ашпақ еді.

"Іс жүзінде Украина сыбайлас жемқорлықпен күрес тұрғысынан он жылға шегініп бара жатыр", – деді Киевтегі алғашқы наразылықтардың біріне қатысқан жас соғыс ардагері Дмитро Козятынский.

НАБУ мемлекеттік институттардағы жемқорлықты тергесе, САП жемқорлықтың өзге түрлерін тексеретін. Қызметі 2015 жылы басталған НАБУ-дың тергеулері бірқатар жоғары лауазымды шенеунікті әшкерелеген.

Азаттықтың Украин қызметі

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG