Accessibility links

Шеттегі қазақтар Жаңа жылды қалай тойлады?


Мемлекеттік мерекелердің бірі кезінде Астанада атылып жатқан отшашулар.
Мемлекеттік мерекелердің бірі кезінде Астанада атылып жатқан отшашулар.

Қазақстандықтар Жаңа жыл мерекесін екі күн бойы атап өтті. Азаттық шетелде тұратын қазақтардың бұл мейрамға қаншалықты мән беретіндерін сұрап білді.

Григориан күнтізбесі бойынша жыл басы – 1 қаңтар – әлемнің көптеген халықтары тойлайтын мейрам. Қазақстанда жаңа жыл құрметіне екі күндік (1-2 қаңтар) мемлекеттік мереке жарияланған. Бірақ шеттегі қазақтар тұратын кейбір мемлекеттерде, мәселен, Еуропа елдерінде Жаңа жыл мейрамының маңыздылығы желтоқсан айының 25-інде тойланатын Рождествоның дәрежесімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

БАТЫСТАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ

Жамбыл облысының тумасы, қазір Францияның астанасы Париж қаласында тұратын Жәзира Есбергенова «бұл жақта жаңа жыл кезінде Қазақстандағыдай тойлау мүлдем жоқ» дейді.

Жәзира Есбергенова.
Жәзира Есбергенова.

– Мұнда жеке отбасы түгілі мемлекеттік мекемелер де жаңа жылдық кешке дайындалмайды. Әрине, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған сәтті – түнгі сағат 12-ні күтіп алады. Онда да Қазақстандағыдай шабылмай, бірнеше адам бірігіп ресторанда не өз отбасыларында қарапайым түрде ғана атап өтеді, – дейді ол.

Жәзира Есбергенова биыл Париж маңындағы шағын қалалар артық шығынға балап, жаңа жылдық безендірулер ілу не пиротехникалық өнімдер ату шараларынан да бас тартқанын айтады.

– Аста-төк дастархан, көк түтінге ораған отшашуларды мұнда мүлдем көрмейсің. Ортаңа қарап өзің де бейімделеді екенсің. Біз де өз отбасымызда түнгі 12-ні қарсы алып, ары қарай демалдық, – дейді Парижде тұратын қазақ.

Қажы Акпар Аюби.
Қажы Акпар Аюби.

Данияда тұратын қазақ Қажы Акпар Аюби де жаңа жылды ел қатарлы атап өтетіндерін, бірақ «тойға айналдырып жібермейтіндерін» айтты.

– Қаңтардың 1-ін атап өту арқылы өткен жылдан қорытындылап, келесі жылға план жасауымыз керек. Ең жақын деген екі-үш отбасы бірге боламыз, жақсы көретін асымызды жасаймыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Той емес, бір-бірімізде құттықтау ғана. Дания тұрғындары да осылай жасайды, – дейді ол.

Ал Австрия астанасы Вена қаласында тұратын қазақ Қызырхан Шолпан қаңтардың 1-ін жаңа жыл мейрамы ретінде атап өтуге қарсы.

Қызырхан Шолпан.
Қызырхан Шолпан.

– Әрине, өзім тұратын ел негізгі діні христиан болғандықтан 1 қаңтарды міндетті түрде тойлайды. Бірақ мұндағы қазақтар жаңа жылды тойламайды. 1 қаңтардың бақ-береке, құт әкелетініне ешқашан сенбеймін, сол себепті тойламаймын. Наурызды жаңа жыл ретінде атап өтеміз, өйткені ата-бабаларымыз неше мың жылдан бері тойлап келе жатыр, – дейді Қызырхан Шолпан.

Канадада тұратын қазақ Ержан Нұрхасен ол ел желтоқсанның 25-інде басталатын Сhristmas (Рождество, Иса пайғамбардың туған күні) мейрамы құрметіне он күндей демалатынын айтады.

– Жаңа жылда қонақ келіп қалса, қазақша тамақ беру үшін керек деп желтоқсанда қой соямын. Бірақ Жаңа жылды тойлауымыздың әкетіп бара жатқан ерекшелігі жоқ. Желтоқсанның 31-і күні ең жақын достарымызды үйге қонаққа шақырамыз. Содан соң түн бойы әңгімелесеміз, ән айтамыз, билейміз, – дейді ол.

БІР ЖЫЛДА – ҮШ ЖАҢА ЖЫЛ МЕЙРАМЫ

Ал Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын Жанарбек Ақыби ол елдегі қазақтар 1 қаңтарды мерекелеуге желтоқсан айының соңғы аптасынан бастап дайындалатын айтады.

Жанарбек Ақыби.
Жанарбек Ақыби.

– Қазір моңғол еліндегі ұлтшылдар сырттан келген барлық мәдениетті ысырып тастап, өз құндылықтарын жаңғыртуға ерік берсе де, осы Жаңа жыл мерекесін қалдырып, «әлемдік мейрам» деген атаумен сән-салтанатын арттырып келеді. Бұл үрдіс қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий аймағында да қалыптасқан. Мұнда әрбір мекемеден бастап жеке отбасыларға дейін қызу дайындыққа кіріседі, – дейді ол.

Жанарбек Ақыбидің айтуынша, ондағы қазақтар Жаңа жыл мейрамын жылына үш рет тойлайды. Әуелгі жаңа жыл – григориан күнтізбесі бойынша жыл басы 1 қаңтар, одан кейінгісі – моңғолдың ай күнтізбесі бойынша жыл басы (биыл 8 ақпанда келеді) Цагаан сар мейрамы, үшіншісі – иран мен түркі халықтарының көбі 21-23 наурызда атап өтетін Наурыз мерекесі.

XS
SM
MD
LG