Accessibility links

Моңғолиялық жас қазақ аниматор 3D-ге ұмтылады


Моңғолияда танымал бола бастаған жас аниматорлардың бірі - Нұрбол Даниялұлы.
Моңғолияда танымал бола бастаған жас аниматорлардың бірі - Нұрбол Даниялұлы.

Студенттер фестивалінде бас жүлде алған баян-өлгийлік қазақ компьютер дизайнері моңғол ертегісін смартфонға ыңғайлап фильм-ойын етіп шығарған. Оның арманы – 3D форматына көшу.

23 жастағы баян-өлгийлік қазақ Нұрбол Даниялұлы – Моңғолияда танымал бола бастаған жас аниматорлардың бірі. Ұланбатырдағы «Сити» университетінде «Компьютерлік графика және дизайн» мамандығын игеріп жатқан студенттің «Қыңыр шал» анимациялық туындысы мамырда өткен жергілікті «Көктем келбеті – 2015» студенттер фестивалінде гран-при жеңіп алған. Азаттық тілшісі Нұрболмен шығармашылығы және мамандығы туралы сұхбаттасты.

Азаттық: – Анимациялық туынды жасау бала күнгі арманыңыз ба еді, әлде өсе келе, білім ала жүріп дағдыландыңыз ба?

Нұрбол Даниялұлы: – Бала күнімде негізінен компьютерге деген қызығушылығым басым болды. Бұзылған компьютерлерді жөндеуге, программалар жасауға керемет қызығатынмын. Бірақ мүмкіншілік аздау болды. Кейін орта мектепті аяқтағаннан кейін Ұланбатырдағы «Сити» университетінің «компьютерлік графика және дизайн» бөліміне оқуға түстім. Осында оқып жүріп мобильдік құрылғыларға арналған анимациялық жұмыстар жасауды қолға алдым. Өзім де осы кішкентай балаларға арналған мультфильмдерді жақсы көремін.

Азаттық: – Студенттер арасында өткен фестивальде жүлделі орын алған «Қыңыр шал» алғашқы жұмысыңыз ба, әлде бұдан да басқа жұмыстарыңыз бар ма?

"Көктем келбеті - 2015" фестивалінде Нұрбол Даниялға берілген сертификат. Сурет оның жеке архивінен алынды.
"Көктем келбеті - 2015" фестивалінде Нұрбол Даниялға берілген сертификат. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Нұрбол Даниялұлы: – Бұл – менің ең алғашқы жұмысым. «Қыңыр шал» - моңғол халқының ертегісі. Қазіргі балалар бұрынғыдай кітап ұстап, ертегі оқымайды ғой. Оған қоса қазіргі балаларды теледидардың алдына да тарта алмайсыз. Қолы бос уақыттарында смартфонмен отырады. Сол себепті ертегіні ұялы телефонға арналған ойын ретінде жасап шықтым. Бала ойынды ойнау арқылы ертегіні оқып шыққандай әсер алады.

Азаттық: – «Қыңыр шал» көпшілік назарына ұсынылды ма?

Нұрбол Даниялұлы: – Қазіргі жағдайда бұл жұмысым әлі ұялы телефон нарығына шыға қойған жоқ, тек жоба күйінде тұр. Оны жарыққа шығару үшін белгілі бір деңгейде қаржылық көмек керек. Жобаны әрі қарай дамытып, дайын өнімге айналдыру қажет. Осы тұрғыдан келгенде бұл жұмысты ары қарай алып кететін демеуші адам болмай тұр.

Азаттық: – Қазір немен айналысып жатырсыз?

Нұрбол Даниялұлы: – «Көктем келбеті – 2015» фестивалі жыл сайын болады. Келесісі 2016 жылдың сәуір айында өтеді. Соған дайындалып жатырмын. Алдағы болатын байқауға 3D форматындағы анимациялық жұмыс ұсынбақпын.

Азаттық: – Негізгі мамандығыңыз «компьютерлік дизайн» екен. Бұл сала Моңғолияда қаншалықты дамыған?

Нұрбол Даниялұлы: – Шынымды айтсам, 2011 жылдан бастап қана қолға алынды. Қазір біршама даму бар. Өйткені осы салаға қатысты жыл сайын байқау өткізіліп, жастардың жұмысы мадақталып отырады. Оған қоса біздегі негізгі мамандар – Оңтүстік Кореядан, Жапониядан білім алып келгендер.

Азаттық: – Осы салада жүрген қазақ жастарының үлесі қандай?

Нұрбол Даниялұлы: – Менің мамандығым бойынша оқып жатқан, бітіріп жұмыс істеп жүрген жастар баршылық. Компьютерлік дизайнер тек өнер саласында ғана емес қой. Егер дұрыс пайдалана алатын адам болса – бұл бизнес. Биыл мамандығым бойынша соңғы курста оқып жүрмін. Мақсатым – болашақта мықты графикалық дизайнер болып шығу.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG