Accessibility links

Ескерткіштерді жермен-жексен ету – постсовет елдерінде қалыпты жағдай


Украинаның Запорожье қаласында Ленин ескерткішін құлату сәті. 2016 жыл.
Украинаның Запорожье қаласында Ленин ескерткішін құлату сәті. 2016 жыл.

Наразы жұрттың ескерткіштерді жаппай құлатуы Батыс әлемін шошытты, олар бұл құбылысты 21 ғасырдың жаңалығы деп қабылдады. Ал постсоветтік елдерде ескерткіш құлату – қалыпты құбылыс, олар 20 ғасырдың басынан бері ескерткіш қиратудың кемінде үш кезеңін басынан өткізген.

АҚШ-та наразылар президенттерге "шабуылдады"

АҚШ-та наразылар президенттерге "шабуылдады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:50 0:00

Ескерткіштерге қарсы саяси күрестің басында большевиктер тұрды, олар аймақты патша заманының символдарынан жүйелі түрде тазалап отырды. Соның ішінде ерекше есте қаларлығы – Эйзенштейннің 1928 жылы шыққан "Қазан" фильмінде жұрттың Александр ІІ мүсінін құлатып жатқан көрінісі. Хрущев тұсындағы "десталинизация" науқаны кезінде "жеке басқа табынудың" барлық белгісі дәл осылай қиратылған. Науқан кезінде Сталиннің мумияланған мәйіті, сансыз көп ескерткіші, ол туралы фильмдер жойылды. 1991 жылдан бері өте көп ескерткіш құлатылды, соның ішінде КГБ-ның бастауында тұрған ЧК-ның (контрреволюция мен саботажға қарсы күрес комиссиясы – ред.) негізін қалаған Феликс Дзержинскийдің Мәскеудің Любянка алаңында тұрған мүсіні де бар.

Алайда Дзержинский ескерткішінің құлатылуы мекеменің тек атауын ғана өзгертті. КГБ ФСБ-ға (Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі) айналды, ол әлі сол Любянкадағы ғимаратта орналасқан. Өзін "чекиспін" деп атайтын Владимир Путин билікке келгелі бұл орган Ресей мемлекетін қатаң бақылауға ала бастады. Дзержинский мүсінін 1991 жылғы Тамыз бүлігі кезінде халық кенеттен алып тастады. Ал сансыз көп өзге мүсіндер Ельцин режимін нығайту кезінде әдейі құлатылды.

Совет монументтерін қирату науқаны 1990 жылдардың соңына қарай бәсеңдеді, бірақ совет режимінің құрбандарын еске алуға, қуғын-сүргін архивтерін толық ашуға шақырған үндеулер үлкен қолдау таппады. Тіпті қазірдің өзінде ГУЛАГ-ты, Сталин заманындағы алапат ашаршылықты еске алуға арналған мемориал саусақпен санарлық қана әрі олардың барлығы дерлік Ресей үкіметінің емес, азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен орнатылған. Дзержинскийді тұғырында қалдырып (ең дұрысы бетімен құлаған күйінде жатқызып), қасына оның құрбандарына арналған монумент тұрғызбай-ақ, оны түбірімен алып тастау өткенді ұмыту процесін жеделдетті деген пікір бар. Иә, Украинада бұдан гөрі жан-жақты өткізілген символдық десоветизация халықты жікке бөлді, елдің түйінді проблемаларын шешіп бере алмады.

Орталық Азияда көп жұрт Ресей және совет заманында тұрғызылған ескерткіштерді идеологиялық тұрғыда ауыр заманның ғана емес, отаршылдықтың белгісі ретінде қарастырады. Патша билігі тұсында Ресейдің Орталық Азияны жаулап алуының ең басты кезеңдерін есте қалдыру үшін ескерткіштер сериясы тұрғызылған. Олардың арасында 1864 жылғы Иқан шайқасы, 1865 жылғы Ташкенттің құлауы, 1881 жылғы Гок-Тепедегі түркімен қырғыны бар.

Бұлардың барлығын 1917 жылдан соң большевиктер қиратты. Ірі символдық орындардың бірі ретінде патшалық Ресей қоластындағы Ташкенттің орталық алаңын айтуға болады. Отыз жыл талас-тартыстан соң, 1913 жылы мұнда 1865 жылы қаланы басып алу кезінде қаза тапқан жауынгерлер мен Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы Константин Петрович фон Кауфманға ескерткіш орнатылған. Бұл ескерткіш арада алты-ақ жыл өткенде қиратылды. 1940 жылдардың соңында мұнда Сталиннің ескерткіші қойылды, 1961 жылы ол да жермен жексен болып, 1968 жылы да Карл Маркстың мүсіні тұғырға қойылды. Кейін 1993 жылы оны атқа мінген Әмір Темірдің ескерткіші алмастырды. Қазір алаң да Әмір Темірдің атымен аталады.

Орталық Азияда патша заманынан сақталып қалған мен білетін ескерткіштердің бірі – 1878 жылы Өзбекстанның Зарафшан алқабындағы Жам ауылы маңында тырысқақтан өлген солдаттарға қойылған шағын мемориал. Екіншісі – 1860 жылы қазіргі Алматы маңында Ресей мен Қоқан хандығының әскері арасында болған Ұзынағаш шайқасына қойылған ескерткіш. Біріншісі ұмытылып, назардан тыс қалған, ал екіншісі 1921 жылы жартылай қиратылған, бірақ кейіннен ол Жетісу аймағына қоныс аударған орыстардың бірегейлігін паш ететін символға айналған сияқты. 1950 жылдары ол Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аймаққа оралған қазақтар мен орыстардың символына айналды. Бұл ескерткіш жақында жақсы жөндеуден өтті.

Бұдан бөлек Қырғызстандағы Қаракөл маңында саяхатшы Николай Пржевальскийдің ескерткіші бар. Пржевальский – Ресей империясын кеңейтуге ерекше үлес қосқан, тым нәсілшіл адам болған. Дегенмен совет режимі география ғылымын дамытудағы рөлі үшін оны "прогрессивті" ғалым деп әспеттеп, ескерткішін орнында қалдырған. Бүгінде Пржевальский өмірбаянының көлеңкелі тұстары ұмытылып, оның мүсіні жас жұбайлар барып суретке түсетін, жергілікті халық мақтан ететін тарихи орынға айналған.

Аймақтағы совет ескерткіштеріне қатысты көзқарас әркелкі. Өзбекстан мен Қазақстан Ташкент, Алматы сияқты қалалардың орталық алаңдарында тұрған Ленин мүсіндерінің көбін құлатқан, ал мозаика, мурал сияқты алып тастауы қиын символдардың біразы бар, қазір оларды ерекше өнер туындысы ретінде бағалап жатқандар да кездеседі.

Алматы облысында құлатылған Ленин бюсті. 2018 жылдың маусымы
Алматы облысында құлатылған Ленин бюсті. 2018 жылдың маусымы

2003 жылы алғаш рет Тәжікстандағы Худжант қаласына барғанымда Сырдарияға қарайтын биік беткейде Лениннің алып ескерткіші әлі тұрған. Ол қаланың совет кезіндегі атауы – Ленинабад екенін еске салатын. Қазір оның орнына Тәжікстанның жаңа ұлттық символы Исмоил Сомонидің мүсіні қойылған, ал Ленин өзен жағалауындағы аласа жерге көшірілген.

Сол кездегі Пішпектен шыққан еуропалық қоныстанушы Михаил Фрунзе басқарған қызыл армия әскерінің аймақты басып алу кезінде қаза тапқан жауынгерлері құрметіне қойылған большевиктер ескерткішінің орнына қазір қырғыздардың жаңа ұлттық символы "Алай патшайымы" Құрманжан Датқаның мүсіні орнатылған.

Орталық Азияның адам сирек баратын елеусіз жерлерінде совет заманының ескерткіштері көбірек сақталған. Маған ең күшті әсер еткені – Солтүстік Қазақстандағы Тонкошуровка ауылында тұрған Лениннің бетоннан жасалған шағын мүсіні. Тұғырындағы жазуды оқысаңыз, мүсін 1940 жылы "Фриден колхозында" әзірленген деп тұр. Атауына қарасақ, бұл Еділ бойынан көшірілген немістер қоныстанған ауыл сияқты.


Әлі де сырланып, күтім көретін бұл мүсін 1990 жылдары салынған католик шіркеуіне жол нұсқап тұрғандай. Дегенмен ол жойылып кеткен неміс қауымдастығының ауыр тағдырынан хабар береді. Тонкошуровка тұрғындарының көбі кейінгі жиырма жылда шетелге көшіп кеткен. Тарихи тұлғаның да, оның идеологиясының да мазмұнын бермейтін бұл мүсін қазір мүлде басқа символдық мәнге ие болған.

Бұдан түйетініміз – ескерткіш үнемі өз кейіпкерін құрметке бөлеп, халыққа авторлар көздеген әу бастағы мән-мағынаны меңзеп тұра бермейді. Алматыдағы Вознесенск шіркеуінің қасындағы Панфиловшылар мемориалы ешқашан болмаған оқиғаны "еске салу" үшін Брежнев заманында қойылған. Онда Мәскеуді нацистерден қорғаған 28 қаһарман панфиловшының ерлігі дәріптеледі. Бұл – Сталин заманында ойлап табылып, қола мен мәрмәрға айналдырылған жалған аңызы болатынын, оқиғаның ойдан құрастырылғанын біраз ғалым дәлелдеген. 1976 жылы мемориал ашылғанда панфиловшылардың құрамында болды деген майдангерлердің кейбіреуі әлі тірі болатын. Бірақ ескерткішке деген алматылықтардың бүгінгі көзқарасына бұл оқиға көп әсер еткен жоқ. Ол тек орыстар ғана емес, бүкіл совет халқының нацизмді жеңу жолындағы ерлігінің нышаны саналады. Бұрынғы Совет одағы елдеріндегі басқа соғыс ескерткіштері сияқты мұнда да жас жұбайлардың үйлену салтанатынан бастап түрлі мерекелер өтіп жатады, жұрт оның қасында бір-біріне тілек арнап, суретке түседі.

Алматыдағы Панфилов паркіндегі ескерткіш. 9 мамыр 2019 жыл.
Алматыдағы Панфилов паркіндегі ескерткіш. 9 мамыр 2019 жыл.

Ескерткішті жою оқиғаны ұмыттырады, дегенмен оны орнында қалдырып, тарихи мән-мағынасын сол қалпы сақтап, тек оған заман талабына сай жаңа контекст беру әдісі де бар. Осының ең жарқын үлгілерінің бірі – Солтүстік Үндістандағы Лакхнау отарлаушылар қонысындағы мемориал. 1857 жылы болған бүлік кезінде жергілікті халық құрсауда қалған. Үйінділерден, мемориалдар мен бейіттерден тұратын бұл үлкен кешенді британдықтар отар Үндістан мемлекетін құру кезінде өмірін құрбан еткендердің ерлігіне тағзым белгісі ретінде қалдырған. Үндістан тәуелсіздік алған соң мемориал сол қалпы қалды, бірақ ел үкіметі қантөгіс кезінде қаза тапқан үнділерге жаңа мемориал орнатып, үлкен кешеннің басқа жерінде "бүлікшілер" деп сипатталған адамдардың ержүрек патриот болғанына назар аудартты.

Салыстыру үшін Орталық Азияны алайық. Ташкенттің орталығында 1913 жылғы фон Кауфманның, 1968 жылғы Карл Маркстың және қазіргі Әмір Темірдің ескерткіштері бір ансамбль түзіп тұрғанын көзге елестетіп көріңіз. Ол осы замандағы Ташкентті тұрғызған үлкен күштер – Ресей отаршылдығы, совет коммунизмі және қазіргі өзбек ұлтшылдығының бүгінгі көрінісі болып шығады. Кейінгі жылдары өткеннің көп естелігі тып-типыл болды.

Өткеннің қай символын қабылдауға болатын-болмайтыны бойынша шешім қабылдау өте қиын, осы тұрғыда ескерткішті құлатқысы келетіндер мен сақтап қалуды көздейтіндер арасында үнемі тартыс жүріп жатады. Ерекше қатыгездігімен есте қалға Сталиннің ескерткіштері қазіргі саяси шерулерде жиналатын орын ретінде кәдеге жарауы мүмкін деген оймен шетке ысырылған. Гок-Тепе қырғынын ұйымдастырған генерал Михаил Скобелевке 2014 жылы Мәскеудің Вернадский даңғылында ескерткіш қойылды. Бұл Ресейдің отаршыл саясатын жоққа шығаратынын және "Ақ генералды" ақтап алуға тырысатынын аңғартты. Ал оның Тверская көшесіндегі 1912 жылы тұрғызылған ескерткішін большевиктердің талқандауы оқиғаны мүлде ұмытуға алып келгені және белгілі.

Дегенмен біз биліктегі режим мен өкімет қоғамдық кеңістікке идеологиялық үстемдік орнатуы тиіс деген большевиктердікіндей көзқарастан абай болуымыз керек. Ескерткіш деген – жансыз зат, оларға тұрған ортасы мен заманы өз қалауынша мән-мағына береді. Сондықтан олар қала ма, жоқ па, оны үкіметтер емес, халық пен азаматтық қоғам шешуі керек деп ойлаймын.

(Блог авторы – Александр Моррисон, Оксфордтағы New Collage оқытушысы. Тарихшы. Империялар тарихын, басқыншылық соғыстарын, Ресейдің Орталық Азиядағы отарлауын зерттеуші. Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін. Блогты ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG