*2022 жылғы қаңтардың басында жарияланады деп жоспарланған бұл мақала Қазақстанда болған оқиғаларға байланысты кейінге қалған еді, бірақ елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер мен биліктің реформалар жайлы уәделерінің материалда қозғалған өзекті мәселеге де қатысы бар.
САРЫӨМІР ХАЛҚЫНЫҢ СОЛҒАН ҮМІТІ
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылы өңірдің әкімшілік орталығы Орал қаласынан 105 километр қашықта орналасқан. Ауылда мыңнан астам адам тұрады, көбі мал өсірумен айналысады. Жаз мезгілінде Орал қаласы мен көрші елдімекендерден жұрт демалуға келетін Шалқар көлінде жұмыс істеп, табыс табады.
Сарыөмірге дейін апаратын жүруге жарамды жол ауылға кіреберісте кілт үзіліп қалады. Ары қарай шаң-топырақ жол басталады. Суық түскен соң ауылға жеңіл көлікпен жету оңайға соқпайды: күзгі жаңбырдан қалған лай-батпақтың беті қатып, жолдың ой-шұңқыры көбейеді. Жергілікті жұрт бұл жолдың жайын әжуалап, "біздің жолдың үш күйі бар: батпақ, қатқан батпақ, кепкен батпақ" деп күледі.
Ауылда үй көп емес. Олардың бәрі кең көшелердің бойында, бір-бірінен алшақ орналасқан. Орталық көшеде әкімдіктің бірнеше кабинеттен тұратын тар ғимараты, жаңа мәдениет үйі, дүкен және шағын "дәмхана-тойхана" көзге түседі.
Азаттық тілшісі 28 қарашаға белгіленген ауылдық округ әкімін сайлауға үш күн қалғанда барған кезде Сарыөмірде маңызды шараға дайындық қызу жүріп жатты: мәдениет үйіне дауыс беру жәшіктері орнатылып, сайлау өтетін зал безендіріліп, дәлізге кандидаттардың суреті мен олар туралы ақпарат жазылған үш парақ ілінген.
Оған қарағанда, сайлаушыларға ауыл әкімі ретінде таңдау жасау ұсынылған кандидаттардың кейбірін жергілікті халық онша танымайды: сайлауға Сарыөмірден жүз километр жердегі Подстепное ауылының мал дәрігері Алмас Юмабаев, мамандығы мұғалім болғанымен, көп жыл бойы Сарыөмірден 40 километр жердегі Аңқаты ауылы әкімдігінде істеген, кейінгі екі жыл ауыл әкімі болған Айнұр Нұрышева түсіпті. Екеуі де – "Нұр Отан" партиясы мүшелері.
Ал "Нұр Отан" қатарындағы тағы бір кандидат – Сарыбек Мусинді ауыл халқы жақсы таниды. Ол Сарыөмір ауылы қарайтын Шалқар ауылдық округі әкімшілігін сегіз жыл басқарған. Халықтың сөзінше, осы уақыт ішінде ауылға бір де бір жол салынбаған, жайылымдық жер тарыла түскен.
Сарыөмір халқы үшін жол мен жайылымдық жер – аса көкейкесті мәселе. Сондықтан халық талап-тілегін жақсы білетін, амалын тауып, ауылдың мәселелерін шеше алатын, қолынан іс келетін "ел ішінен шыққан" азаматты әкім етіп сайлағысы келген.
Сайлауға үш күн қалғанда халық тілегіміз орындалар деп үміттенген еді.
Бірақ олар ойлағандай болмай шықты.
ТӘУЕЛСІЗ КАНДИДАТТЫҢ ТАЛПЫНЫСЫ
Кандидаттар арасында Сарыөмірде тұратын ешкімнің болмауы – жергілікті жұрттың саяси науқанға енжарлығынан емес. Ауыл тұрғындары арасынан сайлауға түсуге ынта білдірген екі азамат өзін өзі ұсынып, құжат тапсырған еді.
Олардың бірі – мектеп мұғалімі Шынтемір Тілесжановты кандидат етіп тіркемей қойды. Оған бұрын мұғалімнің үстінен әкімшілік хаттама толтырылғаны ілік болған. Тілесжановтың айтуынша, күнделікті өмірдегі бір мәселеге байланысты келіспей қалған жергілікті кәсіпкер полицияға мұғалімнің үстінен арыз берген. Арызды қараған билік Тілесжановқа айыппұл салған.
Бірақ ауыл халқы арасында мұғалімге қарағанда, Сарыөмірде туып-өскен жергілікті тұрғын Азамат Кенжеғалиев жеңіске жетеді деп сенгендер көп болған. Ол сайлауда біраз алға жылжып, саяси белсенділігінің салдары қалай болатынын да көрген.
Әуелгіде Кенжеғалиевті де тіркемей қойған. Қабылдау комиссиясы құжатты тіркеуге қабылдайтын соңғы күні жұмыс уақыты аяқталуына жарты сағат қалғанда Кенжеғалиевтің құжаттарын тіркеуге әкелгенін алға тартып, "кешігіп қалдыңыз" деп қайтарған. Комиссия шешімімен келіспеген Кенжеғалиев сотқа жүгінді. Сот комиссияның әрекетін заңсыз деп тапты. Қабылдау комиссиясы апелляциялық шағым берген.
– Азамат апелляциялық процесте де жеңіске жетті. Ол бүгін (25 қарашада – ред.) қалада жүр, құжаттарын алып кетті. Енді сайлауға қатыса алады, бірақ сотта жүріп, көп уақыт өлтіріп алдық. Үгіт-насихат науқаны аяқталуына екі-ақ күн қалды, – деді сайлаудан үш күн бұрын Азаттық тілшісімен сөйлескен Кенжеғалиевтің жақтасы Бейімбет Нығметов.
Бірақ осы әңгімеден кейін көп ұзамай халық арасынан шыққан кандидат тағы да кедергіге тап болды: Кенжеғалиев апелляциялық сот қаулысын алғаннан кейін бірнеше сағаттан соң үстінен қылмыстық іс қозғалғанын білген…
Азамат Кенжеғалиев бұл оқиғаға байланысты пікір беруден бас тартты. Оның жақтастары қылмыстық іс қозғауды партияда жоқ, халық арасынан шыққан кандидатты сайлауға қатыстырмаудың амалы деп біледі.
Полиция Қылмыстық кодекстің 385-бабы ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу") бойынша берілген арыз негізінде сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"ӘДІЛ САЙЛАУ ӨТКІЗУ – САЙЛАУШЫНЫҢ ҚОЛЫНДА"
Мұрат Байдекенов 2021 жылы шілде, қараша айларында өткен ауыл әкімдерін таңдау науқанында және 2019 жылғы кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіз бақылаушы болған. Ол 2021 жылғы қаңтарда өткен парламент сайлауында да дауыс беру процесін бақылаған. Байдекенов өзі куә болған жайттарды бір сөйлемге сыйдырып, "Қазақстанда барлық деңгейдегі сайлаулар әділетсіз әрі бәсекесіз өтеді" деп түйіндейді.
– Сайлау әділетсіз өтеді, өйткені тәуелсіз бақылаушылар мен сайлау комиссиясының кандидаттарға дауыс берген азаматтар саны туралы деректері екі түрлі болады. Елдің дауысы мен таңдауы ескерілмейді. Сарыөмір ауылындағы сайлауға жергілікті халықтың арасынан шыққан екі кандидатты қатыстырмай қойды. Көп кедергі ұйымдастырды. Бұл сайлаудың бәсекесіз өткенін көрсетеді. 1991 жылдан бері бізде бәсекеге толы сайлау болған емес, – дейді Байдекенов.
Өз еркімен бақылаушы болып жүрген азамат "елдегі жағдайды өзгертуге болады, ол үшін дауыс берушілер белсенді болуы керек, сонда ғана деректердің бұрмалануын тоқтатып, халықтың шынайы пікірін білеміз" деп есептейді.
– Тәуелсіз бақылаушылар ретінде деректердің бұрмалануына жол бермей, заң бұзу фактілерін тіркеп, бюллетеньдерді топтап салуды тоқтатып, сайлаудың әділ өтуіне үлес қоса аламыз. Әділ сайлау өткізу – дауыс берушілердің қолында, – дейді Байдекенов.
Сайлауға тәуелсіз бақылау жүргізумен айналысатын "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова жергілікті деңгейдегі әкімдерді сайлау мәселесіне келгенде дауыс беруге аз адам келетінін және заңнамада жетілдіруді қажет ететін тұстар көбін айтады.
– Ауыл әкімдерін сайлауға байланысты сұрақ көп. Өзі тұратын елдімекеннің бүкіл мәселесін бес саусағындай білетін, ауылға әкім болып, жағдайды өзгерткісі келетін азаматтарға көп кедергі жасалады. Кандидат мемлекеттік органдағы еңбек еткен және жоғары білімі болуы керек деген талаптар да бар, – дейді Швецова.
Сарапшы жергілікті деңгейдегі әкім сайлауын енгізу туралы шешімді құптайды. "Сайлау кезінде заң бұзу жайттары болса да, олардың саны парламент және президент сайлауы кезіндегіден аз" дейді ол.
Швецованың пікірінше, халық ауыл әкімін сайлауды қолдайды. Сарапшы "Еркіндік қанаты" қоры жүргізген сауалнамада респонденттердің 61 пайызы осы реформаны жақтағанын айтады.
– Бәрін бір қалыпқа салу үшін уақыт керек. Халық арасынан шыққан, өзгеріс болғанын қалайтын азаматтар қажет. Халық дауысының күшіне сенетін, лайықты әкім таңдап, ауыл басшысының жұмысы көңілінен шықпаса, оны орнынан алып тастай алатын тұрғындар керек, – дейді Швецова.
Азамат Кенжеғалиев бағын сынауға бел буып, Сарыөмірдегі қабылдау комиссиясына құжаттарын апарған кезден бірнеше ай бұрын Қазақстанда ауыл әкімін сайлау басталған: былтыр 25 шілдеде елдегі 14 өңір тұрғындары алғаш рет 700 жергілікті ауыл әкімін сайлаған.
Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, Батыс Қазақстандағы 31 елдімекенге басшы болып тағайындалған азаматтардың 22-сі – "Нұр Отан" партиясының, екеуі "Ауыл" және ЖСДП партияларының атынан сайлауға түскен, жеті кандидат өзін-өзі ұсынған.
Шілде айында Батыс Қазақстан облысында өткен сайлау елдегі жағдайды анық көрсетеді. Барлық өңірде сайлауда жеңіске жеткен азаматтардың басым көпшілігі – биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Көбі бұрынғы қызметіне қайта сайланған.
Билік мүддесін қорғайтын басқа партиялардан сайлауға түскен кандидаттардың бірен-сараны жергілікті әкім қызметіне сайланды. Сайлауда жеңіске жеткендердің оннан бір бөлігі немесе 75 азамат – өзін өзі ұсынған. Бірақ әр өңірдің көрсеткіші әртүрлі: мысалы, Қызылорда облысында өзін өзі ұсынған 75 кандидаттың бесеуі, Қостанай облысында 88 кандидаттың жетеуі ғана әкім қызметіне сайланған.
Сарыөмірдегі сайлау 2021 жылғы 28 қарашада өтті. Кандидаттар арасында өзін өзі ұсынғандар болған жоқ. Тәуелсіз бақылаушылар дерегінше, дауыс беруге сайлаушылардың 57,5 пайызы, яғни 470 адам қатысқан. 30 азамат "бәріне қарсы" дауыс берсе, 253 адам бұрынғы аудан әкімі Сарыбек Мусинге қолдау білдірген. 16 бюллетень жарамсыз деп танылған.
Сайлау өткеннен кейін Азамат Кенжеғалиев комментарий беруге құлық танытпады. Бірақ биыл қаңтардың аяғында Азаттық тілшісіне телефон шалған ол былтыр өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс осыдан бірнеше күн бұрын "қылмыс құрамы болмауына байланысты" қысқартылғанын жеткізді.
"Бірдеңені тексеріп-тергеп, екі жарым айдан соң істі жапты, ол жөнінде құжаттар жақында қолыма тиді" деді Кенжеғалиев.
Ол өзін сайлауға қатыстырмау үшін осы қылмыстық істі "әдейі қозғаған" деп санайды.
Қазір Азамат Кенжеғалиев мал өсірумен айналысып жүр, арасында қосымша жұмыс іздеп қояды. Бұрынғы балуан спортқа оралып, балаларды жаттықтыруды қолға алсам деп те ойлайды.
"Ал ондайға [сайлауға кандидат ретінде қатысуға] енді жоламаймын. Маған мүмкіндік бермейтінін түсіндім" дейді ол.
ПІКІРЛЕР