Accessibility links

"Әділдік іздегенім үшін жұмыстан қуылдым". Дәрігер, белсенді әрі депутат және оның күресі


Дәрігер, белсенді Мирас Әлібекұлы.
Дәрігер, белсенді Мирас Әлібекұлы.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауылында тұратын 32 жастағы эпидемиолог Мирас Әлібекұлы әп-сәтте тұрақты жұмысы мен табысынан айырылған. Оны 10 жыл бойы еңбек еткен мемлекеттік ауруханадан шығарып жіберген. Үш баланың әкесі жұмыстан шығуыма ауруханаға бөлінген ақшаны игерудегі заңбұзушылықтарды әшкерелеп, азаматтық белсенділік танытуым себеп болды дейді. Аурухана басшылығы жағдайды басқаша түсіндіреді.

21 сәуірде Мирас Әлібекұлының отбасында қуаныш болып, әйелі ұл тапты. Ол әйелін Ақжайықтан 60 шақырым жердегі Оралға апарып, перзентханаға жатқызу үшін төрт күнге жұмыстан босатуды сұрап, өтініш жазған. Аурухана басшылығы себепсіз жұмыстан қалды деп, дәрігерді қызметінен босатқан.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН?

Мирастың жұмысына еш шағым болмаған. Медициналық колледжді бітіргеннен кейін Теректі аудандық ауруханасына жұмысқа тұрған. Жас маман "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен Ақжайыққа көшкен. Оқу орны жақсы мінездеме жазып берген.

– 25 түлектің арасынан мені таңдап алды. Декан мен куратор "Жақсы оқыды, үмітімізді ақтайды" деп ұсынды. 2012 жылы сәуірде кадр бөлімі "Бізге кел, жұмыс тауып береміз" деді. 2012 жылы 2 шілдеде диплом алдым, 27 тамызда эпидемиолог болып жұмысқа кірістім. Жұмыстан шыққанша бір жерде ғана істедім, – дейді Мирас Әлібекұлы.

Жұмыстан шыққанын естігенде Мирастың төбесінен жай түскендей болған. Ойда-жоқта азын-аулық табысынан айырылған. Ол жалақысына отбасын асырап, мемлекеттік бағдарлама бойынша алған үйінің несиесін төлейтін (пәтерге 6 жыл бойы айына 19 мың теңгеден төлеген, қалған қарызын әлі 9 жыл төлеуі керек).

Мирас Әлібекұлы басшылықтан бірнеше күнге демалыс беруді сұраған. Олардан жауап болмаған. Әйелін жедел перзентханаға апару керек болған соң, жұмыстан қалған.

– Директор хабарламамды көрді, бірақ "иә" не "жоқ" деп жауап бермеді. "Келіп, сұранып кет" деді. Жұмысқа бардым, орнында жоқ екен, шаруаларымен қалаға кетіп қалыпты. Әйелімнің айы-күні жетіп отырған соң, шұғыл жолға шығуым керек болды, – дейді Әлібекұлы.

Мирас Әлібекұлы әйелі және қыздарымен бірге. Отбасы архивіндегі фото.
Мирас Әлібекұлы әйелі және қыздарымен бірге. Отбасы архивіндегі фото.

Мирас бұрын отбасы жағдайына байланысты ақысы төленбейтін еңбек демалысын беруді сұрағанда, басшылық жіберіп, қағаздарға кейін қол қоя салатын. Дәрігер бұл жолы да солай болады деп ойлаған.

17 сәуірде Мирас өзінің жұмысқа келмеуін арнайы комиссия талдағанын естіген: комиссияға мүше алты адамның төртеуі дәрігерді жұмыстан шығаруды қолдап, дауыс берген. Бұл шешімге дәрігердің үш күн бойы жұмысқа келмеуі себеп болған.

БЕЛСЕНДІЛІГІ ҮШІН ӨШ АЛУ МА?

Әлібекұлы директор азаматтық әрі саяси белсенділігім үшін жұмыстан шығарды деп топшылайды. Ол басшылық пандемия кезінде ауруханада заңсыз ақша алу фактісі болғанын әшкерелегенім үшін өш алып отыр дейді.

– 2021 жылы аурухана басшысы заңсыз ақша алып отырғанын анықтадым. Мемлекет бұл ақшаны коронавируспен күреске бөлді. Ол мемлекет қаржысын иемденіп, ақша жымқырған, қызметтік құзыретін асыра пайдаланған, – дейді Әлібекұлы.

Эпидемиологтің айтуынша, пандемия кезінде Теректі ауруханасының директоры мен қызметкерлердің бірі өз туыстарын ауруханада жұмыс істейді деп құжат рәсімдеген. Туыстары жұмыс істемесе де, ауруханадан жалақы алып отырған. Бұл ақшаны өздері бөліп алған. Пандемия кезінде коронавируспен ауырған науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша ақша төленетін.

Әлібекұлының есебінше, басшылықтың заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 400 мың теңгеден көп шығын келген. Жемқорлықпен күрес қызметі тексеріс жүргізген. Бірақ ешкім жауапқа тартылмаған.

– Жымқырылған болуы мүмкін қаржы көлемі – 476 мың теңге. Іс қозғау үшін 500 мың теңгеден көп болуы керек екен, – дейді Мирас Әлібекұлы.

Дәрігер жұмыстан шығуыма ауруханадағы заңбұзушылықты әшкерелеуден бөлек, саяси себеп те әсер етті дейді.

Әлібекұлы – кейінгі бірнеше жылда Jaria тәуелсіз бақылаушылар бірлестігіне мүше. Президент және парламент сайлауы кезінде ұйым мүшелері бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Дәрігерге "сайлауда бақылаушы болмай-ақ қойшы" деген өтініштер де айтылған.

Биыл көктемде өткен сайлауда Мирас Әлібекұлы аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болған. Бұл қызметке ақы төленбейді. Бірақ дәрігер маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатысқысы келіп, жергілікті өкілетті органға өзін-өзі ұсынған. Сайлауда жеңіске жетіп, аудандық мәслихат депутаты атанған. Ол сайлауға дайындық және үгіт-насихат науқаны кезінде туыстары мен серіктері қоқан-лоқы мен қысым көргенін еске алды.

– Ата-анама хабарласып, "Кандидатурасын алып тастасын, болашақта зияны тиюі мүмкін" деп қорқытқан. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде де қиындықтар болды. Сенімді өкілдерімді қорқытып, оларға кедергі жасады. Бірақ бәрібір сайлауда жеңіп шықтым. Бұған әзер қолым жетті, қандай қиын болғанын бәрі көрді. Қолдаушыларым сайлау учаскелерінде қатаң бақылау жүргізді. Осының арқасында ғана депутат болдым. "Аманаттың" (билік партиясы — ред.) кандидаты өтпей қалды, – дейді Әлібекұлы.

Ол Ақжайық ауылының сайлау учаскелерінде дауыс беру ашық өтті, өйткені тәуелсіз бақылаушылар жұмыс істеді дейді. Депутаттың пікірінше, бұл жайт жүйенің ашуын туғызған.

– Мен саяси себеппен жұмыстан шығарып отыр деп ойлаймын. Белсендімін, бақылаушы болдым. Заңсыздықтарды әшкереледім. Әділдік іздегенім үшін жұмыстан қуылдым, – дейді Мирас Әлібекұлы.

ЖҰМЫС БЕРУШІ: ЗАҢ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАН БОСАТЫЛДЫ

№ 2 Теректі ауруханасының директоры, Мирас Әлібекұлының бұрынғы бастығы Бекзат Кубаев дәрігер заң бойынша жұмыстан босатылды дейді. Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкер үш сағаттан артық, себепсіз жұмыс орнында болмаса, еңбек шартын бұзуға болады.

– Төрт күн жұмысқа келмеді. Оған дейін ақысыз еңбек демалысын беруді сұрап, өтініш жазған. Бірақ менімен келіспей кетіп қалған. Рұқсатсыз. Кадр бөлімінен хабарласып, "Өтінішіңізге қол қойылмапты, келіп, түсіндіріп кетіңіз" деп ескерткен. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер өзара келісуі керек, – дейді аурухана директоры Кубаев.

Ол жұмыстан қалуға негіз болатын себептерге жақын адамның қазасы, сәбилі болу мен үйленуді жатқызады. Директор қызметкер өтінішінде "отбасы жағдайына байланысты" деп жазғанын, бірақ не үшін сұранып жатқанын нақтыламағанын айтады.

– Жоғарыда аталған үш себепке "отбасындағы жағдай" кірмейді. Себебін білуге тырыстым, "отбасындағы жағдай" дегеннен артық ештеңе айтпады. Жағдайды айтып, жазбаша түсініктеме жазудан бас тартты, – дейді Бекзат Кубаев.

Жұмыс берушінің сөзінше, Әлібекұлын жұмыстан шығару туралы шешімді аурухананың алты қызметкерінен тұратын комиссия қабылдаған. Көпшілік дауыспен дәрігер қызметінен босатылған.

Мирас Әлібекұлы бюджет қаржысын жымқыру фактісін әшкерелегені үшін жұмыстан қуылды деген нұсқаны аурухана басшысы жоққа шығарады.

– Бұл – бір-біріне қатысы жоқ екі түрлі тақырып, – дейді ол.

"ӨЗІМЕ СЕНЕМІН"

Қазір жұмыссыз дәрігер сотқа құжат жинап жатыр. Ол заңның көмегімен жұмысына оралғысы келеді.

Әзірге бар ақшасын үнемдеп күн көруге мәжбүр. Үш балалы отбасы қазір Мирас жұмыстан шыққан кезде алған 200 мың теңгеге қарап отыр. Әйеліне бала күтіміне байланысты берілуге тиіс мемлекеттік төлемдер де әлі түспеген. Құжат рәсімдеуге уақыт керек.

Мирас ай сайын несиеге 100 мың теңге төлейді. Үйдің несиесінен бөлек, банктен алған қарызы бар.

Ол жұмысқа ораламын деп үміттенеді. Өз жұмысын жақсы білетінін, жауапты қызметкер екенін айтады.

– Өзіме сенемін, жұмысқа икемім бар. Нашар қызметкер болсам, адамдар сенбес еді. Мәслихат, ауыл маған сеніп отыр, – дейді Мирас Әлібекұлы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG