Accessibility links

Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.
Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.

Газа секторындағы жалғыз электр станциясы сөндірілді

ХАМАС шабуылынан Израильде қаза тапқан адам саны 1300-ге жеткен. Газа секторындағы денсаулық сақтау министрілігі 1200 палестиндік мерт болды дейді. Екі жақтан 9 мыңнан астам адам жараланған. ХАМАС тобы Газа секторынан тұтқиыл шабуыл жасаған соң Израиль кейінгі 50 жылда алғаш рет соғыс жағдайына көшкенін ресми түрде жариялады.

10:16 16.10.2023

Израиль мен ХАМАС қақтығысы: ең маңызды 5 сұраққа жауап

Израиль күштерінің шабуылынан қираған үйдің орнында қайғырып отырған адам. Рафақ босқындар лагері, Газа секторы, 15 қазан, 2023 жыл.
Израиль күштерінің шабуылынан қираған үйдің орнында қайғырып отырған адам. Рафақ босқындар лагері, Газа секторы, 15 қазан, 2023 жыл.

Израиль мен ХАМАС арасында ондаған жылдар бойы шешілмеген кикілжің тағы бір қақтығысқа ұласты. Бұл кикілжіңге сыртқы күштер де тартылып, Таяу Шығыстың тұрақтылығына қауіп төнді.

Қақтығыс қалай басталды? Израиль мен Палестина арасында бұған дейін қандай қақтығыстар болды? Неліктен? Бейбіт келісімге келуге талпыныс жасалды ма? Ол немен аяқталды?

Толығырақ оқыңыз ⇒

23:34 13.10.2023

Израильде білімін жетілдіріп жатқан қазақстандықтың әңгімесі

Израильдің Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова. Видеодан скриншот
Израильдің Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова. Видеодан скриншот

Қазақстан 124 азаматын Израильден арнайы ұшақпен елге жеткізді. Бірақ ХАМАС террор тобының тұтқиыл шабуылынан кейін соғыс жағдайына көшкен елде әлі де жүздеген қазақстандық бар. Кейбіреуі әзірге сонда қала тұруды жөн көрген.

Қазір Хайфа қаласында тұрып жатқан қазақстандық Ақмарал Рақымжанова қазір Израиль технологиялық институтында жұмыс істейді, докторантурадан өтіп жатыр.

ХАМАС тобының шабуылынан кейін оның әріптестері мен студенттердің бір бөлігі мобилизация бойынша Израиль қорғаныс армиясы қатарына шақырылған, қазір сол жастар Газа секторымен және елге қатер төнуі мүмкін деп саналатын Ливанмен шекарада әскери қызмет атқарып жүр.

Ақмарал Рақымжанованың Қазақстандағы туыстары Израильде не болып жатқанын жіті қадағалап отыр. Олар Ақмаралға үйге орал, тым болмағанда уақытша келіп қайт деп бірнеше рет айтыпты. Ақмаралдың Қазақстанға ұшақпен кетіп қалуға мүмкіндігі болды. Толығырақ оқыңыз ⇒

18:03 13.10.2023

Израиль армиясы Газа халқын оңтүстікке кетуге және ХАМАС-қа "тірі қалқан" болмауға шақырды

ХАМАС тобының терактісінен соң Израиль армиясы Газа секторына бірнеше күннен бері қарымта соққы жасап жатыр. 12 қазан, 2023 жыл.
ХАМАС тобының терактісінен соң Израиль армиясы Газа секторына бірнеше күннен бері қарымта соққы жасап жатыр. 12 қазан, 2023 жыл.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мәлімдемесін әлеуметтік желіде жариялады.

"ХАМАС террор ұйымы (бұл қозғалысты Израиль, АҚШ, Еуропа одағы мен басқа да бірқатар ел террор ұйымы деп таныған) Израиль мемлекетіне қарсы соғыс жүргізіп жатыр, ал Газа секторы ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақ. Эвакуация сіздерге қауіпті болмас үшін жасалады. Рұқсат туралы хабардан кейін ғана Газа қаласына орала аласыз. Израиль шекарасындағы қоршауға жақындамаңыз" делінген хабарламада.

Израиль әскері алдағы күндері қалада ұрыс қимылдары жалғасады, ЦАХАЛ "бейбіт тұрғындарға зиян тигізбес үшін бар күшін салады" деді.

ЦАХАЛ-дың ресми мәлімдемесіне дейін Газа халқына үндеу туралы БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик хабарлаған. Оның айтуынша, солтүстіктегі Вади Газаның шамамен 1,1 миллион тұрғыны оңтүстікке кетуге тиіс. Эвакуация жөнінде бұйрықты БҰҰ қызметкерлері де алған.

Стефан Дюжаррик Израиль армиясы эвакуацияға 24 сағат уақыт бергенін, алайда осынша қысқа мерзімде бұл талапты орындау мүмкін емесін мәлімдеді.

Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан ұйымның реакциясын "ұят" деп атады. Ол "БҰҰ жылдар бойы ХАМАС тобының бейбіт тұрғындар мен Газа секторы инфрақұрылымын адам өлтіру мен қару-жарақ жинау үшін пайдаланғанына көз жұма қарап келді" деді.

17:55 13.10.2023

HRW: Израиль Газа мен Ливанда ақ фосфорлы бомба қолданған

Фосфоры бар бомба тастаған ұшақ. Архивтегі сурет.
Фосфоры бар бомба тастаған ұшақ. Архивтегі сурет.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Израиль армиясы қазанның 10-ы мен 11-інде Газа секторы мен Ливанды бомбалағанда құрамында ақ фосфор бар қару қолданғанына айғақтары барын мәлімдеді.

Куәгерлердің видеожазбалары мен сөздеріне сүйенген ұйым осындай тұжырым жасады. Мысалы, AFP агенттігінің Газадан жариялаған суреттерінде әуеден ақ жолақ көрінеді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Газада ақ фосфорлы бомба қолдану халық өміріне қауіп төндіріп, халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын бұзады.

Ақ фосфор ауада жанып, әппақ із қалдырады. Оны әскери мамандар кейде аймақты белгілеу үшін пайдаланады, алайда ол адамды қатты күйдіруі мүмкін. Оны жұрт көп жүретін жерде қолдану өте қауіпті. Халықаралық құқық оны қолдануға тыйым салмайды, бірақ оның зиянды әсеріне байланысты қолдану шарттары қатайтылған.

Израиль әскері Reuters агенттігіне "Газа секторында ақ фосфоры бар қару қолданылған я қолданылмағаны белгісіз" деп айтқан.

Ресейдің Израильдегі елшісі Александр Бен Цви Израиль армиясының ақ фосфорлы бомба пайдаланғанын жоққа шығарған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG