Accessibility links

 
Вирусолог: "Халық былтыр вирустан қорыққан, биыл вакцинадан қорқады"

Вирусолог: "Халық былтыр вирустан қорыққан, биыл вакцинадан қорқады"


Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы Айдын Қыдырманов. Алматы, 11 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы Айдын Қыдырманов. Алматы, 11 наурыз 2020 жыл.

Вакциналау науқаны қарқын алғанда вирустың өршуіне не себеп? "Дельта" штамы несімен қауіпті? Ұжымдық иммунитет қашан қалыптасады? Азаттық вирусолог ғалым Айдын Қыдырмановпен осы мәселелерді талқылады.  

"АДАМНЫҢ БӘРІН ТІЗІМГЕ ҚОСЫП ЖАТЫР"

Азаттық: Кейінгі апталарда науқастар да, коронавирус жұқтырып қайтыс болғандар да көбейіп кетті. Неліктен?

Айдын Қыдырманов: Вирусолог ретінде айтар болсам, былтыр вирус жұқтырғандардың көбінде ауру ауыр өтті. Бірақ солай болса да, олар дәрігердің бақылауынан тыс қалды. Әркім өз бетімен емделіп жатты. Емханаларға бармаған соң, науқастар есебіне кірген жоқ. Ал қазір адамның бәрін тізімге қосып жазып жатыр. Науқастар есебінің көбеюіне бірінші себеп осы болуы мүмкін.

Екіншіден, статистиканы жүргізіп отырған мамандарға сұрақ бар. Жаппай вакцина салдырып жатқан кезде неге күніне алты, жеті мың адам ауырып жатыр? Бұрын вакциналау қарқыны төмен кезде күніне 2-3 мың ғана адам тіркелетін.

Қазір қазақстандықтар Ресейде жасалған "Спутник V" екпесін салдырып жатыр. Бұл – өте тиімді екпе, қауіпсіздік жағынан күмән жоқ. Бірақ оның бірінші компонентін салдырған адам ПТР тапсырса, нәтижесі кейде оң шығуы мүмкін. Яғни, күн сайын тіркеліп жатқан науқастардың бір бөлігі солар болуы ықтимал.

"Спутник V" құрамында зияны жоқ вирустың гені бар. Ол – коронавирустың әлсіретілген түрі. Бұл екпені салдырған адамның ағзасында коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін керек.

Билік мәжбүрлеуді күшейткенде вакцинаға қарсылар көбейді. Себеп неде?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:44 0:00

Азаттық: Тек науқас саны емес, коронавирустан қайтыс болғандар да көбейіп жатыр ғой?

Айдын Қыдырманов: Күніне жеті мың адам вирус жұқтырса, соның жүзі қайтыс болады. Бұл – науқастардың шамамен бір пайызынан асады. Ал коронавирусты жұқтырғандардың өлімі үш пайызға дейін жетеді. Менің ойымша, өлім статистикасына енген адамдардың бәрі тікелей коронавирустан қайтыс болған жоқ. Бұрыннан басқа жері ауыратын, бірақ, вирус жұқтырған соң ауруын асқындырып алғандар болады.

Өлім-жітім есебіне қатысты талдау жоқ. Бәлкім, [дәрігерлер] үлгермей жатқан шығар. Өйткені, адам неден өлгенін білу үшін терең әрі кешенді тексеру керек: патологоаномиялық, вирусологиялық, иммуногистохимиялық, молекулалық-генетикалық әдіспен марқұмның ағзасын зерттеп, содан кейін ғана қорытынды жасауға болады. Коронавирустан басқа да аурулар бар ғой, бәрін коронавирусқа жауып жатқан сияқты.

"ЖҰРТ КЕРІТАРТПАЛЫҚҚА САЛЫНЫП ЖҮРЕ БЕРСЕ, БҰЛ ЕШҚАШАН ТОҚТАМАЙДЫ"

Азаттық: Билік індеттің өршуін коронавирустың "Дельта" штамымен байланыстырады. Солай болуы мүмкін бе?

Айдын Қыдырманов: Вакциналау басталған кезде бір жылымық пайда болып, науқастар азайғандай көрінді. Аздан соң [билік] вирус күшейді деді де, оны коронавирустың "дельта" вариантымен байланыстырды. Бірақ коронавирустың бұл түрі Қазақстанға я қыста я Үндістанда эпидемия ушыққанда (биылғы көктемде – Ред.) келген болуы мүмкін. Бізде тек әлемнің басқа елдері "үнді вариантымен" күресуді бастаған кезде ғана хабарланды.

Жүз вирустың шамасы жетпегенімен, мутацияға ұшыраған біреуі адам ағзасына өтіп кетіп, көбейе бастайды. Ол әрі қарай дамып, дельта, лямбда болып өзгере береді. Оған мүмкіндік бермеу үшін, екпе салдыру керек. Егер жаппай екпенің уақытын созып, жұрт керітартпалыққа салынып жүре берсе, бұл ешқашан тоқтамайды. Жылдан жылға созыла беруі де мүмкін. Оның зардабы көп.

"Той көп, жұрт сақтанбай жүр". Коронавирус індетінің өршуіне қатысты ел пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Азаттық: Коронавирус бұдан да күшейіп, басқа түрлері пайда болуы мүмкін бе?

Айдын Қыдырманов: Күшеюі де, басқа түрлері пайда болуы да мүмкін. Елде вакцина алмағандар қаншалық көп болса, ол да соншалық көбейеді. Вирус сондай әлсіз топтардың ортасында тек күшейе түседі. Бұл вирустың қасиеті – тек қана даму, эволюция. Вирус ешқашан өз бетінше жоғалып кетпейді. Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай, вирустан ешқашан құтыла алмаймыз. Вирусты мемлекет деңгейінде шекараны жауып қойып қана жоя аламыз. Өйткені өзімізде иммунитет күшейсе де, біз қатынас жасап отырған елдерде жағдай әртүрлі.

Және коронавирусқа қарсы вакцинаны бір рет алып қоя салуға болмайды. Өйткені, уақыт өткен сайын вакцинаның құрамын вирустың жаңа түрлеріне қарсы компонеттермен толықтыру керек. Біз қазір салдырып жатқан вакциналар былтырғы штамдарға қарсы тұрады, коронавирус мутациясының қазіргі бар түрлерінен қорғайды. Бірақ қорғаныш мерзімі бір не екі жыл ғана болуы мүмкін.

"БИЛІКТІҢ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕКПЕНІ НАСИХАТТАУЫ НАУҚАНШЫЛЫҚҚА ҰЛАСЫП КЕТТІ"

Азаттық: Бүгінгі дерек бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің толық дозасын 3 миллионнан көп адам салдырған. Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін тұрғындардың қаншасы екпе салдыруы керек?

Айдын Қыдырманов: Қазақстандағы 18 жасқа толмаған балалар мен екпе алуға болмайтын адамдарды қоспағанда халықтың 70 пайызы екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасуы мүмкін. Бірақ вакцина олардың бәріне 100 пайыз әсер етіп, вирустан қорғайды дей алмаймын. Өйткені, әркімнің иммунитеті әртүрлі. Кей адамдар әлсіз келеді. Оларға екпе әсер етпеуі де мүмкін.

Азаттық: Вакцинаға қарсылық неге күшейіп кетті? Екпені міндеттеу әсер етті ме?

Айдын Қыдырманов: Халық былтыр вирустан қорыққан, биыл вакцинадан қорқып отыр. Ол – сауатсыздық. Екпеге қарсы топтар пайда болды, олардың ішінде лидерлері бар. Жұрт мамандардың емес, әншілердің, ақындардың сөзіне сенеді. Сондықтан, мамандар жан-жақты білімін жетілдіріп, елдің алдына шығып, халықтың сұрақтарына жауап беруі керек.

Екіншіден, биліктің коронавирусқа қарсы екпені насихаттауы науқаншылыққа айналып кетті. Сондықтан, екпеге шақыруы "науқанды өткіздік" дейтін есеп беру үшін ғана сияқты. Халықтың құлағына жететіндей ізденіс жоқ па деп ойлаймын. Қазір екпені салдырмастан, "салдырдым" деп құжат сатып алып жатқандар өте көп. Бірақ олар жауапқа тартылмас үшін мойындамайды, әрине. Олардың арасында дерт жұқтырғандарды көргендер "анау вакцинадан соң өлді, вакцинадан соң вирус жұқтырды" деген ойда қалады. Бұл да жұрттың екпеге деген сенімін азайтып жатыр.

Вакцина паспорты "сатылып жатыр". Денсаулық министрлігі тексеріс бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG