Accessibility links

Шенеуніктің қоқан-лоқысынан соң екі журналист қызметтен кетті


Өзбекстандағы Kun.uz басылымының бұрынғы журналистері Баходир Ахмедов (сол жақта) пен Зафар Солижонов.
Өзбекстандағы Kun.uz басылымының бұрынғы журналистері Баходир Ахмедов (сол жақта) пен Зафар Солижонов.

Ташкент қаласының әкімі "үш тілшіге қоқан-лоқы көрсетіп, ар-намысына тиді" деген ақпарат тарағаннан кейін жаңалықтар сайтында істеген екі өзбек журналисі жұмысынан кетті.

ҚОС ЖУРНАЛИСТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Өзбекстандағы Kun.uz сайтының бұрынғы тілшісі Баходир Ахмедов Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Артықхожаевқа қарата "[жұмыстан кеткенімізді] жеңісім деп ойламаңыз, себебі сіз [іс-әрекетіңізбен] бүкіл үкімет беделіне нұқсан келтірдіңіз" деп жазды.

"Журналистер құқығы қорғалмаған, ал БАҚ әлсіз болып қалып отырған кезде Kun.uz сайтын кінәлауға тырыспай-ақ қойыңыз" деген Ахмедов.

Журналистер мен шенеунік арасындағы дау қарашаның 16-cы күні, әлеуметтік желіде әлдебір азаматтың журналистерге егер билікпен әріптестік орнатпаса, "оп-оңай" көзін жоқ қылатынын немесе "гей" деген айдар тағып, "қоғам алдында масқара жасайтынын" айтып, қоқан-лоқы көрсеткен сөзі жазылған аудио жариялағанда басталған. Әлгі аудиода сөйлеген адам - Ташкент қаласының қазіргі әкімі деген болжам айтылды.

Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Артықхожаев (оң жақта) Өзбекстан президентінің күйеу баласы Отабек Умаровпен (сол жақта) бірге. Көрнекі сурет.
Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Артықхожаев (оң жақта) Өзбекстан президентінің күйеу баласы Отабек Умаровпен (сол жақта) бірге. Көрнекі сурет.

Журналист Баходир Ахмедовтың әріптесі Зафарбек Солижонов та әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында әкімінің тілшілердің "ар-намысына тиюіне құқы жоқ" деп мәлімдеген. "Бұл тартыста жеңімпаз жоқ" дейді ол.

"Журналист болып жұмыс істегеніммен, мамандығым – заңгер. Елімізде заң тәртібі сақталғанын қалаймын" деп жазды Солижонов Ахмедов екеуі интернет басылымдағы жұмысынан кеткенін хабарлаған қарашаның 18-і күні.

Баходир Ахмедов пен Зафарбек Солижонов өздері істеген Kun.uz сайты "әкіммен арадағы барлық түсініспеушілік шешілді" деп жазып, Артықхожаев пен онлайн басылым ұжымының кездесуінен түсірілген суретті жариялаған соң іле-шала жұмыстан кетті.

ТІЛШІЛЕРГЕ ҚОҚАН-ЛОҚЫ

"Мұны алты-ақ секундта істей аламын. Оны ұйымдастыру қолымнан келеді. Түсінікті ме? Үйіңнен жоғаласың, ешкім іздеп таба алмай қалады. Ешкім! Бәлкім, сені суға батып өлді деп жазатын шығар… Сондықтан бізбен бірге жұмыс істеп, көмектескенің өздеріңе жақсы" дейді таспаға сөзі жазылған адам.

Kun.uz сайты бұл - Ташкент қаласының әкімі қызметінде отырған бай кәсіпкер Жахонгир Артықхожаевтың дауысы деп жазды. Әкімдік пен прокуратура әлеуметтік желіде қатты сынға қалған таспаны зерттеп жатқанын мәлімдеді.

Интернет басылым әлгі аудиода Артықхожаев әкімдіктегі кездесу кезінде үш журналист – Рахматилло Исроилов, Шерзод Егамбердиев пен Баходир Ахмедовке қоқан-лоқы көрсетті деп хабарлаған. Сайт басшылығы аудионың әлеуметтік желіге тарауына қатысы жоғын мәлімдеді.

Аудиодағы адам журналистерге "гей" деген айдар тағып, қоғам алдында масқаралайтынын айтып, қоқан-лоқы жасаған. "Сендерді айналадағы адамдар іргесін аулақ салып, көршілерің сендерден сырт айналатын, ата-аналарың масқара болатындай жағдайға жеткізе аламын. Мұны алты-ақ секундта істеймін. Оның маған еш қиындығы жоқ" дейді ол.

Әлгі адам журналистерді "гейлермен бірге таксиге отырғызып" суретке түсіртемін деп қорқытады. Оның сөзінше, журналистерді абыройдан жұрдай қылу үшін "соның өзі жеткілікті".

Аудиода Жахонгир Артықхожаевтың иелігіндегі "Артель" компаниясының да аты аталады. "Артель" - Орталық Азияда электроника шығаратын жетекші компаниялардың бірі.

"Біріншіден, олар менің зауытымда шығаратын өнімді жамандайды... "Артель" түкке тұрғысыз деп жазады. Сосын, егер оларға 10 мың доллар берсең, бір аптадан кейін кәсіпорынды жер-көкке сиғызбай мақтай жөнеледі" дейді ол. Бұған қоса журналистерді "принциптен жұрдай, лас, сорлылар" деп атайды.

ҚЫЗБА ӘКІМ

Kun.uz сайтының дерегінше, бұл әңгіме Артықхожаев журналистер мен Ташкенттегі Олмазор ауданы шенеуніктері арасындағы дауды шешу мақсатында билік өкілдері және тілшілердің қатысуымен өткізген кездесуде айтылған. Бұған дейін Олмазор ауданы шенеуніктері өздерін сынаған мақалалар жариялаған Kun.uz сайты қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсеткен.

"Сол күні Ташкент әкімі екі тарапты татуластыру үшін кеңсесіне шақырған" деп жазды Kun.uz сайты. Бірақ олардың өзара келісімге келуден бас тартқанына "ашуланған әкім қатты сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткен". Бұл әңгімені аудиоға жазып алып, кейін әлеуметтік желіге салған кім екені белгісіз.

Қарашаның 17-і күні Өзбекстан бас прокуратурасы "аудионың қайда, қашан және қандай жағдайда жазылғанын тексеріп жатқанын" мәлімдеді. Сол күні Ташкент қаласы әкімдігі "мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін" арнаулы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Әкімдік аудионың "қоғамда резонанс туғызғанын" мойындаған.

Өзбекстандағы әлеуметтік желі қолданушылардың көбі аудиодағы адамның сөзін сынап, әкімді қызметінен кетуге шақырды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз еркіндігі мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир "жоғары лауазымды шенеуніктің журналистерге қоқан-лоқы көрсеткеніне байланысты алаңдап отырғанын" білдірді.

"Прокуратура бұл мәселеге жылдам реакция танытқанын құптаймын, мұны мұқият зерттеп, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп үміттенемін" деп жазды Дезир Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

"ҚҰДАЙЛАРЫҢА БАРЫҢДАР!"

Әкім Артықхожаевтың аңдамай айтқан сөзі үшін қоғам назарына ілігуі алғаш рет емес.

Тамыз айында Ташкент қаласының бір топ тұрғыны әлеуметтік желіге әкім кеңсесінде болған жиыннан жазылған делінген аудиотаспа жариялады. Тұрғындар әкімнен тұрғын үйдің қасындағы балалардың ойын алаңы орнына сауда орталығын салу жоспарынан бас тартуды сұраған.

Аудиода шенеуніктің (Артықхожаев деген болжам бар) өзіне келген адамдарға (арасында әйелдер де бар) өктем үнмен кекетіп-мұқата сөйлеген сөзі естіледі.

"Мені сотқа беріп көріңдер! Қалаған жерлеріңе барып шағым айтыңдар! Мейлі президентке, мейлі құдайларыңа барыңдар! Қаласаңдар, Брюссельге барыңдар! Наразылыққа шығыңдар!" дейді ол дауыс көтеріп.

Азаттықтың Өзбек қызметі осы аудиоға байланысты пікір алу үшін Ташкент әкімдігіне хабарласып көрді. Бірақ әкімнің баспасөз хатшысы телефон тұтқасын тастай салды.

2018 жылдың сәуір айынан Ташкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы болып істеген Жахонгир Артықхожаев сол жылы желтоқсанда бұл лауазымға ресми түрде бекітілген.

Бақылаушылар Өзбекстанда 2016 жылы президент Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін сөз бостандығы ахуалы бұрынғыдан аздап жақсара бастағанын айтқан.

Тұтқындағы бірнеше журналист бостандыққа шығып, кей ақпарат құралдары азаматтарды мақта теруге мәжбүрлеу сияқты бұған дейін қозғамай келген көкейкесті тақырыптарды қозғай бастаған. Алайда елде цензура әлі де басым, ал билік ақпарат құралдарын заңсыз бақылауды жалғастырып отыр.

Мақалаға Азаттықтың Өзбек қызметінің материалдары пайдаланылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG