Accessibility links

Украинада орыс тілі туралы заң бекітілді


Украина парламентіндегі басқарушы партия мен оппозициялық фракция депутаттарының төбелесі. Киев, 24 мамыр 2012 жыл.
Украина парламентіндегі басқарушы партия мен оппозициялық фракция депутаттарының төбелесі. Киев, 24 мамыр 2012 жыл.
Украинада парламентте жанжал тудырып, депутаттарды жұдырықтасуға дейін жеткізген заң ақыры қабылданып тынды.

Сейсенбіде орыс тілінің мәртебесін көтеретін тіл туралы заңға президент Виктор Янукович қол қойды.

2012 жылы шілденің 4-інде бұл заңды қолдап, парламенттегі 364 депутаттың 248-і дауыс берді. Заң елдің бірнеше аймағында сот, білім беру және бизнес салаларында орыс тілін қолдануға жол ашады. Бірақ орыс тіліне украин тілі сияқты мемлекеттік мәртебе бермейді.

Осы заңға Украина президенті қол қойса, күшіне енуі керек болатын. Тамыздың 8-і күні президенттің баспасөз қызметі Януковичтің Укаринада үлкен дау тудырған "Мемлекеттің тіл саясатының негіздері туралы" заңға қол қойғанын хабарлады.

Украина азаматтарының көпшілігі заң елдің егемендігіне нұқсан келтіреді деп, оның қабылдануына қарсы болған.

Заң жобасының авторы - Януковичтің өзі жетекшілік ететін Аймақтар партиясы. Заңды ұсынған кезде бұл партияның Рададағы (Украина парламенті - ред.) депутаттары "орыстарды күшпен ассимиляциялауға болмайды" деген уәж айтқан.

Ал оппозициялық партиялар украин тілін қорғау мәселесін айтып, "Украинада орыс тілін қорғау дұрыс емес" деген уәжбен заңды қабылдауға қарсы шыққан еді.

Бұл заңды талқылаудың соңы 2012 жылы мамырдың 24-і күні бір депутат ауруханаға түскен жаппай төбелеске ұласқан еді.

Ол төбелесті мына жерден көре аласыз:



Украинада елдің орыс тілді шығыс және оңтүстік аймақтары мен украин тілінде сөйлейтін батыс аймақтарының арасында бөлініс бар. Шығыс және оңтүстік аймақтар Украина президенті Виктор Януковичті қолдайды және Мәскеумен жақындасуды қалайды, ал батыс аймақтары НАТО-мен және Еуропа Одағымен тығыз байланыс орнатуды жақтайды.
XS
SM
MD
LG