Accessibility links

Түркіменстан түрмесіне түскен тілші


Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісі Сапармамед Непескулиев.
Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісі Сапармамед Непескулиев.

Азаттықтың Түркімен қызметінің шілде айында күмәнді айыптармен ұсталған тілшісін үш жылға соттаған сыңайлы.

Кейбір жайттардың болатынын алдын ала сезесің. Бірақ бұдан бойыңды кернеген ашу-ыза азаймайды. Шілденің басында Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісі Сапармамед Непескулиевті есірткіге байланысты әлдебір күмәнді айыптармен тұтқындап, екі ай бойы сырттағы ешкіммен сөйлестірмей ұстаған, ал жуырда оны үш жылға соттаған сияқты.

Сапармамед Непескулиев Түркіменстанның оңтүстік-батысындағы Балқан облысында жұмыс істеген. Ол облыстағы су мен электр жарығының тапшылығы, медициналық қызметтің нашарлығы, Каспий теңізінің түркімен жағалауындағы кейбір жергілікті шенеуніктердің зәулім сарайлары туралы жазған. Көп елдерде мұндай тақырыптарды қозғау қауіпті, ал Түркіменстанда мұның соңы үлкен қиындықтарға сөзсіз ұласады. Reporters Without Borders («Шекарасыз тілшілер») халықаралық үкіметтік емес ұйымы баспасөз еркіндігі рейтингінде Түркіменстанды 180 елдің ішінде 178-орынға қойған еді. Одан кейінгі екі орынды Солтүстік Корея мен Эритерия иеленген.

Азаттықтың Түркімен қызметі Сапармамед Непескулиевтің қайғыдан есеңгіреген анасы Райсинамен телефон арқылы хабарласты. Елдің батысындағы Балқанбет қаласындағы үйінен сөйлескен Райсинаның айтуынша, оның қызы, яғни Сапармамедтің қарындасы сот процесіне қатысып, үкімді естіген. Ол «баламның есірткіге еш қатысы жоқ, ал билік балама не болғанын айтқысы келмейді» деп шағынады.

Қыркүйектің 8-інде Reporters Without Borders ұйымы «Қазір Сапармамед Непескулиев қайда? Оған адвокат жолықты ма?» деген мәлімдеме жариялаған. Reporters Without Borders ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімшесінің директоры Йоханн Бир бұл мәлімдемеде «Биліктің Сапармамед Непескулиевтің тағдыры жайлы тіс жармауы – мүлде заңсыздық» дейді.

Бұл үнсіздік оның отбасын үрейлендіріп, қауіпсіздігіне қатысты қаупімізді күшейтіп отыр.
Йоханн Бир.

«Бұл үнсіздік оның отбасын үрейлендіріп, қауіпсіздігіне қатысты қаупімізді күшейтіп отыр. Билікті оның қазіргі жағдайы мен үкім шыққаны жайлы болжамға қатысты толық ақпарат беруге әрі оны дереу босатуға шақырамыз» дейді Йоханн Бир.

Тамыз айында АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері жөніндегі көмекшісі Ниша Бисвал Азаттыққа АҚШ-тың ресми тұлғалары Түркіменстанның ресми тұлғаларымен сөйлесіп, қамаудағы Сапармамед Непескулиевке қатысты мәселе қозғанын айтқан. Бірақ бұл Сапармамед Непескулиевтің ісін шешуге мүлде ықпал ете алмаған сияқты.

Мұның бәрі қайран қалдырады. Түркіменстан мен Өзбекстанда мұндай жағдай әдеттегі құбылыс саналады. Түркімен билігі өзіне қас, тәртіп бұзушы санайтын жандарды тез тұқыртып, қатал есеп айырысады. Бұл жүйеде қылмыс үшін тұтқындалған адам автоматты түрде айыптыға айналады. Сот процесі дегендері – қағаз жүзіндегі бос әңгіме. Сапармамед Непескулиевтің ісі де дәл осылай аяқталуы тиіс болатын.

Мақаланы Азаттық тілшілері Мухаммад Тахир, Тоймырат Бугаев пен Брюс Панниер жазған.

XS
SM
MD
LG