Accessibility links

Жоқ экс-президенттің миссиясы. Орталық Азияда тағы бір Конституция өзгертілді


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Орталық Азия елдерінің басшылары билікте ұзақ отырған сайын Конституция жиі өзгеретін аймаққа айналып келеді. Түркіменстан негізгі заңына тағы да өзгертулер енгізді. Бұл қандай өзгертулер еді, оны сарапшылар қалай бағалайды?

Бүгін – Түркіменстанда Тәуелсіздік күні. Осы мереке қарсаңында ел Конституциясына кезекті рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, оған президент қол қойып та үлгерді.

ТӨРТ ОТЫРЫСПЕН ӨЗГЕРТІЛГЕН КОНСТИТУЦИЯ

25 қыркүйекте Ашғабадта "жоғары өкілетті орган" Халқ маслахатының құрылтайы өтіп, онда Конституцияға енгізілетін өзгертулер мақұлданды. Құрылтай онлайн режимде өтті. Жиынға қатысқандар негізгі заңның кезекті мәрте өзгертілуін бір ауыздан мақұлдады. Маслахат жиыны арасындағы үзіліс кезінде қазіргі парламент – Мәжіліс те конституциялық реформа туралы заң жобасын дереу қабылдап үлгерді. Соңынан негізгі заңға енгізілген жаңа өзгертулерге президент Гурбангулы Бердімұхамедов қол қойды.

Түркіменстандағы Халқ маслахатының отырысы (архив).
Түркіменстандағы Халқ маслахатының отырысы (архив).

Конституцияны өзгерту туралы президент былтырғы қыркүйектегі Халқ маслахаты жиынында айтқан. Кейін өзгертулер жобасы ресми баспасөзде жарық көрді. Тиісінше, іле-шала "қуат пен бақыт дәуіріндегі" (Түркіменстанда Бердімұхамедовтің билік кезеңі осылай аталады) бұл өзгертулерді қолдаған мақала, пікірлер жарыса жарияланды. Ресми мәліметтерде президенттің бастамасын қолдаған "мыңдаған ұсыныс" туралы айтылады.

Конституцияға өзгерту енгізу үшін Бердімұхамедовтің төрағалығымен арнайы комиссия құрылған. Комиссияның төрт отырысы өтті. Соңғы отырысы тамыз айында онлайн режимде ұйымдастырылды. Оған қатысқан комиссия мүшелері мен билік тармағының басшылары Конституцияға өзгертулер енгізу кезінде "халықаралық тәжірибе және ата-бабалар тәжірибесі" ескерілгенін айтқан.

НЕ ӨЗГЕРДІ?

Түркіменстан Конституциясына енгізілген өзгертулер бойынша 2021 жылдан бастап парламент Милли Генгеш (Ұлттық кеңес) деп аталатын болады. Халқ маслахаты парламенттің жоғары палатасына айналады да, төменгі палатаны Мәжіліс құрайды. Президент ауыра қалса, немесе қайтыс болғанда оның міндетін атқару Халқ маслахатының төрағасына көшеді. Қазірге дейін бұл міндетті атқару Мәжіліс төрағасының құзырында болып келген. Алайда 2006 жылы Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғанда, іле-шала Мәжіліс төрағасы Овезгельды Атаевтың үстінен іс қозғалып, президент міндетін атқару сол кездегі вице-премьер Гурбангулы Бердімұхамедовке көшкен.

Жаңа Конституция бойынша ендігіде Түркіменстанның президенттері қызметінен кеткен соң Халқ маслахатының өмір бойы мүшесі болып қалады.

Бұл өзгертулер 2021 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енбек. Халқ маслахатының жоғары палата ретіндегі сайлауы алдағы жылдың бірінші тоқсанында өткізілмек. Конституциядағы жаңа өзгертулерді президент Бердімұхамедовтің өзі "елді демократияландыру жолындағы тағы бір маңызды қадам" деп атап отыр.

Өзгертулерде конституциядағы бір бап алынып, үш бап қосылған. Және тағы 27 өзгерту мен толықтыру енгізілген. 1992 жылы қабылданған Түркіменстан конституциясы бұған дейін 1995, 1999, 2003, 2006, 2008 және 2016 жылдары өзгертілген.

Осылайша, Гурбангулы Бердімұхамедов билікке келген 2007 жылдан бері Түркіменстан конституциясы – үшінші рет, ал ел тәуелсіздік алғалы жетінші мәрте өзгертілді. 2008 жылғы негізгі заңға Халқ маслахатын тарату туралы өзгертулер енгізілсе, 2016 жылы конституцияда президент болатын адамның жасы 70-тен аспау керек деген шектеу алынып тасталды және президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға ұзартылды. 2017 жылғы сайлауда Бердімұхамедов осы негізде жеті жылға сайланды. Бірақ Түркіменстанда президенттің қанша мерзімге сайланатыны нақтыланбаған. Мұның бәрі іс басындағы басшының шексіз билікке ие болғанын көрсетеді. 63 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов үш рет президент сайлауын өткеріп, соның бәрінде "басымдықпен" жеңіске жеткен. Алайда Түркіменстандағы сайлауларды халықаралық ұйымдар демократиялық түрде өтпеген деп санап, жиі сынайды.

"БЕРДІМҰХАМЕДОВ – НИЯЗОВТЫҢ АДАЛ ШӘКІРТІ"

Соңғы төрт жылдың ішінде Түркіменстанда екі рет өткізілген конституциялық реформа және соның бәрінде президенттің аяқталмаған құзырының алдын-ала өзгертілуі Бердімұхамедовтің ізбасары туралы болжамға себеп болған.

Бердімұхамедовтың атпен шауып бара жатқан сәті. 23 сәуір 2011 жыл.
Бердімұхамедовтың атпен шауып бара жатқан сәті. 23 сәуір 2011 жыл.

Бұл туралы Ұлыбританияда тұратын түркімен оппозициясының өкілі, Түркіменстан демократиялық таңдау қозғалысы жетекшілерінің бірі Какамурад Хыдыров Бердімұхамедов тұңғыш президент Ниязовтан үйренгенін істеп жүр деп санайды.

Бұрынғы компартияның бірінші хатшысы, кейіннен президент болған Сапармұрад Ниязов елде алауыздықты өрістету арқылы жеке дара билікке ие болды. Патшалық Ресей мен Иран падишахы ортасында екіге жарылған, бертінде Совет кезінде жік-жікке бөлінген түркімен қоғамына Ниязов жаңа ештеңе берген жоқ. Ол аз уақытта диктатор болып шыға келді. Бердімұхамедов те оның адал шәкірті болды, – дейді белсенді Азаттыққа.

Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) пен қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) пен қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Какамурад Хыдыровтың айтуынша, парламенттің жоғары палатасының құрылып, оған экс-президент мүшелігінің қарастырылуы кездейсоқ мәселе емес.

Бұрынғы президенттің жоғары палатаға мәңгілікке мүше болуы – іс барысында оның Халқ маслахатын өмір бойы басқарады деген мағынаны береді. Бердімұхамедов осы арқылы кейін президенттікті ұлы Сердарға өткізіп, жоғары палатаны өзі басқарып отыра бергісі келеді. Бұл жағынан ол Назарбаевтың президенттіктен кеткеннен кейінгі әрекетін қайталамақ. Кейін бәрінің үстінен өзі қарап, бақылап отырмақ. Ал оның ұлының да қоғамға жақсы бірдеңе беруі қиын. Өйткені оның да үйренгені – Бердімұхамедовтің қазіргі әрекеті, – дейді Какамурад Хыдыров.

Өткен аптада 39 жасқа толған Сердар Бердімұхамедов биылғы ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалған. Бұған дейін ол сыртқы істер министрлігінде басшылық қызмет атқарып, уәлаят басшысы және депутат болып үлгерген.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАЛҚАНЫ"

Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім де Орталық Азия елдерінің заңдар мен құрылымдарды бір-бірінен көшіретінін айтады.

Қазақстанда парламенттің жоғары палатасы бір жағынан билік үшін құрметті орын сияқты, екінші жағынан президенттің қалқаны сияқты. Президент өзі жаманатты көрінбес үшін Мәжіліс әзірлеген заң жобаларын Сенат арқылы қабылдайды немесе қайтарады. Осы тәсіл түркімендерге де ұнаған тәрізді, – дейді ол.

Дос Көшімнің пайымдауынша, Орталық Азия елдеріндегі жоғары басшының сайланбай-ақ құрметті орынға тағайындалуы – олардың кейін оппозицияға кетпеуіне кепілдік береді.

– Экс-президенттерді жоғары палатаға мүше қылу арқылы Түркіменстан олардың болашақта төрде отыратын орны бар екенін көрсетіп отыр. Түркіменстан осылайша бұрынғы президенттердің кейінгі билікке қарсы шығу жолын жауып тастады, – дейді саясаттанушы Азаттыққа.

КОНСТИТУЦИЯ ӨЗГЕРГЕНМЕН, КҮНКӨРІС ӨЗГЕРМЕДІ

Конституциясы жиі өзгеретін Түркіменстанда экономикалық-әлеуметтік ахуал оңалмай келеді. Елде жұмыссыздық деңгейі өсіп, күнкөріс нашарлаған. Көрші елдермен газ саудасы баяулағанда Түркіменстанда мойындалмаған пандемия да ауыр соққы болды. Ауруханалар лықа толса да ресми түрде елде коронавирусқа шалдыққандар тіркелмеген.

Соңғы жылдары байқалған азық-түлік дағдарысы және пандемия кезіндегі қиыншылықтар елдегі мәселенің қарапайым емес екенін аңдатады. Түркіменстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері мен БҰҰ кеңсесі алдында Ашғабадтың репрессиялық саясатына қарсы наразылық акциялары да жиілеген. Ел ішінде де наразылық жиындары өтетін болған.

23 қыркүйекте жарияланған Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы мен Адам құқығы туралы Түркімен инициативасының біріккен есебінде Түркіменстанның 2016 жылдан бергі азық-түлік дағдарысын мойындамай келе жатқаны айтылған. Есепте Түркіменстан билігінің тамақтану құқығына орай халықаралық міндеттерді орындамай отырғаны сыналған. Азық-түлік қауіпсіздігі желеуімен өлшеп берілетін азық жеткіліксіз, баға қымбаттаған, субсидиямен шығарылатын өнім қысқарған, валюталық бақылау күшейген. Пандемияға қарсы профилактика деген желеумен соңғы кезде азық-түлік сатпайтын дүкендердің және халыққа қызмет көрсету мекемелерінің жұмысы шектелген.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG