Accessibility links

"Бұл ресейшіл ұстаным емес". Трамп, баж салығы және Орталық Азия. Сарапшымен сұхбат


АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс мүшелері алдында жолдауын оқыды. Вашингтон, 4 наурыз 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс мүшелері алдында жолдауын оқыды. Артында тұрған вице-президент Джей Ди Вэнс пен төменгі палата спикері Майк Джонсон. Вашингтон, 4 наурыз 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 наурыз күні Конгресс мүшелері алдында өз жолдауын оқып, Украинадағы соғысты тоқтату және Мексика, Канада және Қытай тауарларына баж салығын арттыру мәселелерін қозғады. Содан бір апта бұрын ол Украинаның бағалы пайдалы қазбаларын игеру жөнінде келісімге қол қоймақ болып, Ақ үйде украин басшысы Владимир Зеленскиймен кездескен. Кездесу дауға ұласып, тараптар құжатқа қол қоймай тарқасқан. Оған дейін Ақ үй әкімшілігі 2022 жылы Украинаға басып кіргелі саяси оқшауда болған Ресеймен байланыс орнатып, Украинаға біршама талап қойған. Дональд Трамптың өзі Зеленскийді диктатор деп атап, Украинада президент сайлауын өткізу қажетін айтқан. Бұл қадамдардан кейін сарапшылар Вашингтон ресейшіл ұстанымға көшті деп алаңдай бастаған. АҚШ сыртқы саясатындағы бұл өзгерістерді жіті бақылап отырғандардың қатарында Орталық Азия елдері де бар, өйткені ғаламдық өзгерістер бұл аймаққа да әсер етпей қоймайды. Азаттық осы мәселелер жөнінде қазақстандық саясаттанушы Асхат Қасенғалимен сөйлесіп, сұхбат құрды.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫ БІРЖОЛА ТОҚТАТУҒА БОЛА МА?

Президент Трамп соғысты тоқтату керек, сарбаздар опат болып жатыр деп айтып келеді. Бірақ әлі күнге соғысты аяқтау жөнінде өз жоспарын ұсына қоймады. АҚШ президенті айтқан сөзін қалай іске асыруы мүмкін?

Саясаттанушы Асхат Хасенғали
Саясаттанушы Асхат Хасенғали

– Трамп о баста соғысты жылдам аяқтау мүмкіндігі барын айтқан. Тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға бір тәулік жетеді деген. Артынан бұл мерзім ұзара түсті. Қазір Трамп әкімшілігінің бұл мәселеге көзқарасы өзгере бастағанын көріп отырмыз. Соғысты тоқтату әлдеқайда қиын екені байқалды. Сол себепті қазіргі бағыт соғысты тоқтатудан гөрі ұрыс қимылдарын тоқтатуға жақындау. Трамп әкімшілігі ұсынылып отырған келіссөздер қазіргі қақтығысты түбегейлі шешуге жеткіліксіз деп санайды. Украинаның территориялық мәселесі бар, егемендігі бар. Дәл сол сияқты Ресей өз талаптарын қойып отыр. Яғни Киевтің де, Мәскеудің де көзқарасы Трамп әкімшілігі ұсынып отырған жоспарға сәйкес келмейді. Территория мәселесіне келгенде тараптар тығырыққа тіреліп отырғанын көріп отырмыз.

– Трамп әкімшілігінің соғысты аяқтау мәселесіне көзқарасы өзгергені Ресейдің ығына жығылғаны емес пе?

– Қазіргі уақытта Трамп әкімшілігін ресейшіл ұстанымда деп сипаттайтындар көп. Меніңше, Трамп әкімшілігі қақтығыстың түйінін шешудің күрделі екенін түсіне бастады. Бұл олардың ресейшіл болып кеткенін білдірмейді. Қазір Украинаны да, Ресейді де толыққанды қанағаттандыратын шешімнің болуы екіталай. Ақ үйдің қазіргі қадамдары осы түсініктен өрбіп жатыр. Бұл – ресейшіл ұстаным дегенге келіспеймін.

АҚШ САУДА СОҒЫСЫН БАСТАП ОТЫР МА?

– Трамп әкімшілігі сондай-ақ көршілері Канада мен Мексикаға және алыстағы Қытайға баж салығын арттыратынын мәлімдеп отыр. Ол мемлекеттер қарымта қайтарып жатыр. Сарапшылар сауда соғысы басталып жатқанын айтады. Мұның ақыры не болмақ?

– Сауда соғысының қайсысы болса да – күрделі процесс. Жаһандану дәуірінде елдер экономикалық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысқан. Трамп қазір америкалық кәсіпкерлер мен өнеркәсіпке басымдық беріп отыр. Сайлауалды науқанында ол АҚШ-ты қуатты ел қыламын, мұны кәсіпкерлер күшімен жасаймын деп уәде еткен. Қазіргі қадамдары осы уәде аясында жасалып жатыр. Яғни ол америкалықтар өз елінде шығарылған өнімді көбірек алады деп үміттенеді. Бірақ мұның кері әсері де болады. Бұл – баж салығы енгізілген елдермен бірге АҚШ өндірушілеріне де соққы. Өйткені АҚШ сатып алып қана қоймай, өзі де сатады. Сол себепті сауда соғысы АҚШ-тың ауыл шаруашылық саласына, фермерлерге соққы болады. Трамп 2018 жылы бірінші президенттік мерзімінде Қытаймен сауда соғысын бастағанда, америкалық фермерлер банкротқа ұшыраған. Әсіресе жүгері, астық өндірушілеріне ауыр тиді. Қазір Трамп сауда соғысын 2018 жылға қарағанда қаттырақ қарқынмен бастап отыр. АҚШ өз көршілері Мексика және Канадамен еркін сауда айналымы жөнінде келісімшарт жасасқан. Трамп бұл елдерден келетін тауарларға баж салығын арттыру арқылы осы шарттарды бұзып отыр. Бұдан бөлек 27 мемлекеттен тұратын Еуроодақ пен Қытайға да баж салығын арттырмақ. Алда басқа да елдер болуы мүмкін. Мұның бәрі АҚШ экономикасына да соққы болады.

АҚ ҮЙДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСАТЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

– 15 қаңтарда АҚШ-тың қазіргі мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 1974 жылы қабылданған Джексон-Вэник түзетуі тізімінен Қазақстанды алып тастауды ұсынды. Ол заң бойынша, АҚШ адам құқығын бұзатын елдермен сауда-саттық жасамайды. Қазақстанды түзету үшін Конгресстің мақұлдауы керек. Трамп әзірге бұл туралы ешнәрсе айтпады. Трамптың Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қатысты саясаты қандай болмақ?

– Барак Обама президенттігі тұсында АҚШ Орталық Азиямен С5+1 форматында жұмыс істей бастады. Трамптің бірінші президенттік мерзімінде осы формат жұмысы жанданды. Ал Байден билігі тұсында "Орталық Азия + 1" аясында АҚШ президенті Орталық Азия басшыларымен кездесті. Яғни дипломатиялық қатынастың бұл түрі президенттер деңгейіне дейін көтерілді. Трамптың қазіргі билігі тұсында бұл кездесу сыртқы істер министрлері деңгейінде өте беруі мүмкін.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен қол алысып тұр. Вашингтон, 2018 жылғы 16 қаңтар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен қол алысып тұр. Вашингтон, 2018 жылғы 16 қаңтар.

Трамп әкімшілігі Орталық Азияға саяси тұрғыда қатты қызығушылық таныта қоймайды. Вашингтон мен Мәскеу арасындағы келіссөздердің жанданғанына қарағанда, Ақ үй бұл бес елді Ресейдің саяси ықпалындағы аймақ деп қарауы ықтимал. Бірақ экономикалық тұрғыда қызығушылығы болуы мүмкін. 2018 жылы бірінші мерзімінде Трамп Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, стратегиялық әріптестікті нығайту жөнінде келісімдер жасалған. Қазақстанда Chevron секілді америкалық компаниялар жұмыс істеп жатыр. Сондықтан осы бағытта әріптестік күшеюі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG