Accessibility links

Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атады


АҚШ президенті Дональд Трамп 19 ақпанда Truth желісінде жазба жариялап, украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді "диктатор" деп атады. Зеленскийдің АҚШ-ты 350 млрд доллар көлемінде әскери көмек бөлуге мәжбүрлегенін алға тартқан Трамп бұл қаражат "келмеске кетті" деді.

Ол сонымен бірге Ақ үй әкімшілігі Ресеймен соғысты тоқтату бойынша келіссөзді сәтті жүргізіп жатқанын айтып, мұны өзіне дейін елді басқарған Джо Байден жасай алмағанын алға тартты. Трамптың сөзінше, Еуропаның да соғысты тоқтатуға шамасы жетпеген, ал Зеленский соғысты "тиімді кәсіпорын" көреді және оның жалғасқанын қалайды. Трамп Зеленскийге "жылдам қимылдауға" кеңес беріп, әйтпесе Украинадан "түк те қалмайды" деді.

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэн Daily Mail басылымына берген сұхбатында Трамп әншейін Зеленскийдің сынына реакция білдірді деді.

"Егер Зеленский президентті [Трампты] оны ашық түрде сынау арқылы өз ойын өзгертуге мәжбүрлей аламын деп ойласа, президентті білетіндердің бәрі бұл әкімшілікпен қарым-қатынасты доғаруға апаратын құрдымға кететін тәсіл екенін растай алады" деді ол.

Трамптың қатаң мәлімдемесін Еуропа саясаткерлері сынады. Германия канцлері Олаф Шольц бұл "дұрыс емес әрі қауіпті" мәлімдеме деді. Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок мұны "сандырақ" деп атап, "әлемге қараңыз, Еуропада диктатура жағдайында өмір сүріп жатқандар болса, бұл Ресей мен Беларус халқы" деді.

Украина президенті Владимир Зеленский әзірге Трамптың сөзіне реакция білдірген жоқ. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х желісінде "Украина Еуропаның қазіргі заман тарихында ең бір сұмдық басқыншылық пен үш жыл соғысты бастан өткерді. Украина халқы мен президент Владимир Зеленский Путиннің қысымына берілуден бас тартты. Ешкім де Украинаны берілуге мәжбүрлей алмайды. Біз өмір сүру құқығы үшін күресеміз" деп жазды.

  • Владимир Зеленский бұған дейін Трамптың осыған ұқсас мәлімдемелеріне жауап берген. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға шамамен 100 млрд доллар көлемінде көмек берген. "Соғыс бізге 320 млрд доллар шығын келтірді. 120 млрд доллар - бұл біз, Украина халқы, салық төлеушілері[нің қалтасынан шықты]. 200 млрд - бұл АҚШ пен еуропалық одақтастары [берген қаражат]. Бұл қару-жарақ пакеті. АҚШ бізге қару-жарақ түрінде шамамен 67 млрд доллар және тіке қаржылай көмек ретінде 31,5 млрд доллар берді" деді Зеленский.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG