Accessibility links

Трамп-Си Цзиньпин кездесуінен не күтеміз?


US President Donald Trump meets Chinese leader Xi Jinping in 2019 at the G20 leaders summit in Japan, the last time the two leaders met in-person.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньаинмен Жапониядағы G20 лидерлері саммитінде кездесіп тұр. 2019 жыл.

Түйін

  • Бүгін Оңтүстік Кореяда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин кездеседі.
  • Олар екі ел арасындағы сауда соғысы мен геосаяси шиеленісті азайту мәселелерін талқыламақ.
  • Алдын ала келіссөздер сирек минералдар экспортын шектеу, АҚШ-тағы TikTok қызметі және сауда мәселелері бойынша келісімдер болуы мүмкін дейді. Бірақ бұл ұзақмерзімді келісім емес.
  • АҚШ Мәскеудің Украинаға агрессиясын қолдамауға Пекинді көндіре ала ма? Бұған да күмән бар.

Азаттық тілшісіне пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, Вашингтон мен Пекиннің ұзақмерзімді сауда келісіміне қол жеткізуі екіталай, әрі олар бұл келіссөздер АҚШ пен Қытай арасындағы Тайвань мәселесіне байланысты шиеленісті бәсеңдетеді және Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қолдауды шектеуге Пекинді көндіреді дегенге аса көп үміттенбейді.

АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, кездесу алдындағы дайындық келіссөздері “жалпы негіз” жөніндегі уағдаластыққа әкелген. Оның ішінде Қытайдың сирек кездесетін металдарға қатысты шектеулерін уақытша тоқтатуды, қытайлық TikTok қосымшасының АҚШ-та жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін мәміле бойынша соңғы келісім және өзге де сауда қайшылықтарын жеңілдету мәселелері бар.

"Бұл кездесу Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленіс азайғандай көрініс беруі мүмкін, бірақ бәсеке әлі аяқталған жоқ. Басты қайшылықтар сақталып отыр, әрі екі тарап та өздерінің негізгі мүдделерінен бас тартуға дайын емес" деді Берлиндегі MERICS сараптау орталығының талдаушысы Клаус Сунг Азаттыққа.

Трамп Си Цзиньпинді Путинге қысым жасауға көндіре ала ма?


Азияға сапары барысында, оның ішінде Малайзия мен Жапонияға аялдаған кезінде, Трамп журналистерге АҚШ-тың үш жылдан астам уақытқа созылған Украинадағы соғысты тоқтату әрекеттеріне Пекин көмектессе деген үміті барын айтқан.

АҚШ президентінің келісім жасауға ұмтылысы әзірге нәтиже берген жоқ, бірақ Трамптың айтуынша, Си Цзиньпин Путиннің негізгі саяси және экономикалық серіктесі ретінде өз ықпалын пайдаланып, Ресей басшысын келіссөз үстеліне отыруға көндіре алады.

Трамптың көңілі толмауының бір белгісі – Вашингтон жақында Ресейдің ірі мұнай компанияларына санкция салды. Ал Қытайдың сыртқы істер министрлігі бұл шараларға "қарсы" екенін және олардың "халықаралық құқыққа қайшы" екенін мәлімдеді.

25 қазанда Air Force One ұшағындағы әңгімеде Трамп Қытайдың Ресей мұнайын сатып алуы да талқылануы мүмкін екенін айтты, дегенмен Пекин Ресейден мұнай алуды "айтарлықтай шектеді" деп қосты. Қытайдың ірі мемлекеттік мұнай компаниялары Ресейден мұнай импортын уақытша тоқтататынын мәлімдеген. Бұл – соны меңзегені сияқты.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш әкімшілігінде Қытай бойынша аға кеңесші болған Деннис Уайлдер Пекин Ресейден мұнай импортын азайту үшін көбірек әрекет ете алады дейді. Деген Сеулде өтетін бүгінгі келіссөздер Си Цзиньпиннің Путинге қолдауын әлсірететініне сенбейді.

"Трамп бұл мәселе бойынша Си Цзиньпинге қысым жасаған жоқ, өйткені оның басқа басымдықтары бар. Қытай Ресейдің соғысын қолдауын азайтпайды. Стратегиялық тұрғыда Си Цзиньпин Путинмен одақтасып отыр және бұл өзгермейді" деді Уайлдер Азаттыққа.

Сауда соғысында уақытша бітім бола ма?


26 қазанда Бессент Қытай АҚШ-тың соясын қайта сатып ала бастайды деп үміттенетінін айтты. Пекиннің АҚШ соясын алмай қоюы америкалық фермерлерге үлкен соққы болған еді. Сондай-ақ Қытай сирек минералдарға жаңа бақылау енгізуді кейінге қалдыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Мұндай сирек материалдар электр көлігі батареясынан бастап смартфон мен маңызды қорғаныс технологиясына дейін қолданылады,

The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Вашингтон келіссөздер барысында 1 қарашада күшіне енуі тиіс 100 пайыз тарифті кейінге шегеруді және АҚШ-тағы фентанил дағдарысына байланысты Қытайға салынған 20 пайыз баж салығын 10 пайызға төмендетуді қарастырып жатыр.

Бұған жауап ретінде Қытай фентанил өндіруге пайдаланылатын химиялық заттардың экспортын бақылауды күшейтуге міндеттеме алады деген үміт бар. Соңғы жылдары есірткіні асыра пайдалану кесірінен жүз мыңдаған адамның өліміне осы заттар себеп болды деген болжам бар.

Пекин мен Вашингтон сондай-ақ бір-бірінің кемелеріне салынатын порт алымдарын азайтуы да ықтимал.

Лондондағы Қарулы күштер жөніндегі Корольдік біріккен қызметтер институтының аға ғылыми қызметкері Сари Архо Хаврен келіссөздер қарсаңында ұсынылған бұл келісімді сауда соғысындағы "уақытша бітім" деп сипаттайды.

Бұл әлем нарықтарында дүрбелең тудырған екі держава арасындағы шиеленісті бәсеңдетуі мүмкін. Ал АҚШ Қытай тауарларына тарифті шамамен 45 пайыз деңгейінде қалдыруы ықтимал. Ондай болса бұл АҚШ-тың басқа да ірі сауда серіктестеріне енгізілген деңгейге жақындайды.

"Вашингтон да, Пекин де уақыт ұтқысы келеді. Жалпы алғанда, сауда мәселесі – АҚШ пен Қытай арасындағы үлкен текетірестің шағын бір бөлігі ғана" деді Архо Хаврен Азаттыққа.

Трамп пен Си Цзиньпин Тайваньды талқылай ма?


Пекин мен Вашингтон арасындағы бұрыннан келе жатқан түйткілдердің бірі — Қытай өз жері деп санайтын, өзін-өзі басқаратын демократиялық Тайвань мәселесі.

Трамптың айтуынша, Тайвань Си Цзиньпинмен келіссөздерде талқыланатын тақырыптардың бірі болады.

Көп жылдан бері қалыптасқан саясатқа сәйкес, Вашингтон "бір Қытай" қағидатын ұстанады, яғни Қытайдың жалғыз заңды үкіметі ретінде Пекинді мойындайды және Тайвань Қытай аумағының бір бөлігі деген ұстанымында қалады, бірақ мұнысын ашық жарияламайды. Қытай мен АҚШ арасындағы ресми дипломатиялық қатынастарды орнатуға осы ұстаным себеп болған.

Десе де, АҚШ "Тайвань қатынастары туралы заң" аясында аралдың қорғанысына қажетті қару-жарақ жеткізіп отыр.

Сайлау науқаны кезінде Трамп Тайваньға қатысты ұстанымын нақты білдірмей, екіұшты пікір айтып жүрді. Кейін ол Тайбэйге де тарифтер енгізіп, арал билігін қорғанысқа көбірек инвестиция салып, жоғары технологиялық жартылай өткізгіш өнеркәсібінің бір бөлігін АҚШ аумағына көшіруге шақырды.

Кездесу қарсаңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қытаймен сауда келісімі аясында Тайвань бас тарту жайы туралы мүлде әңгіме қозғалмайтынын айтқан.

Дегенмен Джордж Буш билікте болған кезде оған Қытай саясаты жөнінде сараптама жасаған Деннис Уайлдердің айтуынша, Си Цзиньпин Трамптың екіжақты кездесуге шаршап келетінін өз пайдасына жаратып, Тайвань мен Пекинге қатысты АҚШ-тың бұрыннан бар ұстанымын өзгертуге талпынуы мүмкін.

Келісім жасалса, ары қарай не болады?


Көп нәрсе Трамп пен Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда нақты нені келісетініне байланысты болмақ.

АҚШ ресми тұлғалары Қытайдың сирек минералдарға қатысты шектеулерін "кейінге шегерткізуіміз мүмкін" дегенімен, бұл қанша уақытқа созылатыны және Пекин сәуір айында жариялаған басқа шектеулерге мұның қатысы болатын-болмайтынын айта алмайды.

Трамп 2026 жылдың басында Си Цзиньпинмен кездесуге Пекинге баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді және сол жылы АҚШ-қа Қытай төрағасы да келеді деді.

Көп сарапшы Оңтүстік Кореяда жасалатын кез келген келісімді уақытша бітім деп қарастыру керек дейді. Ол екі ел басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі диалогқа жол ашуы мүмкін, бірақ екі ел арасындағы негізгі геосаяси шиеленістерді шешу әлдеқайда қиын.

"Бұл – кәдімгі бәсеке, әрі алда да бұл ешкім жеңе алмайтын бәсеке болып қала береді. Қытай өзінің ұлы держава ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтіретін, халықаралық қатынастарда үлкен ықпал ету тетіктерін алуға деген ұмтылысына кедергі болатын кез келген нәрсені қабылдай қоюы екіталай" деді сарапшы Клаус Сунг.

XS
SM
MD
LG