Accessibility links

Трамп Рюттемен кездескен соң НАТО-ны тағы да сынға алды

НАТО бас хатшысы Марк Рютте (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп
НАТО бас хатшысы Марк Рютте (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-дағы одақтастарды "қажет кезде америкалықтардың жанынан табылмады" деп тағы да сынға алды. Бұл туралы ол 8 сәуір күні Вашингтонда Солтүстік Атлантика альянсының бас хатшысы Марк Рюттемен кездескеннен кейін мәлімдеді.

"Бізге керек кезде НАТО қасымыздан табылған жоқ, тағы қажет болса да қасымыздан табылмайды. Гренландияны еске түсіріңіздер, сол бір үлкен әрі нашар басқарылатын кесек мұзды!!!" деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте кездесуден кейін CNN-ге берген сұхбатында талқылау "ашық әрі шынайы" өткенін, бірақ Трамптың альянс бойынша серіктестеріне көңілі толмайтынын жеткізді.

Рюттенің айтуынша, ол Трамппен әңгіме барысында Еуропа елдерінің "басым көпшілігі" АҚШ-тың Иранмен соғысындағы әскери іс-қимылдарына қолдау көрсеткенін атап өткен. Оның сөзінше, бұл қолдау әскер орналастыру, логистика және ұшу операцияларын ұйымдастыруды қамтыған. Бұған қоса, "одақтастар арасында Иранның ядролық және баллистикалық зымыран әлеуетін әлсірету шешуші маңызға ие деген ортақ пікір бар екенін, әрі қазіргі кезеңде мұны тек АҚШ қана жүзеге асыра алатынын" айтқан.

CNN тілшісінің Трамп кездесуде АҚШ-ты НАТО құрамынан шығару туралы ұсынысын қайта көтерді ме деген сұрағына Рютте: "Жоғарыда айтқанымдай, көңілі қалғаны анық, бірақ ол менің уәждерімді мұқият тыңдады. Сондай-ақ мен оған дәл оның көшбасшылығы арқасында Гаага саммитінде қаржыландыруды арттыру туралы шешім қабылданғанын айттым", деп жауап берді. (2025 жылғы Гаага саммитінде НАТО елдері 2035 жылға қарай қорғаныс шығынын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізуге келіскен.)

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан бері Ақ үй басшысы НАТО-ны сынға алуды күшейтті. Оның пікірінше, альянс АҚШ-қа қажет кезде жеткілікті көмек көрсетпеген.

НАТО-ға мүше елдердің көбі Таяу Шығыстағы соғыс басталар алдында өздерімен ешқандай кеңес жүргізілмегенін айтады. Италия, Испания және Ұлыбритания секілді аумағында америкалық базалар орналасқан кейбір мемлекеттер Иранға қарсы шабуыл операциялары үшін өз әскери нысандарын пайдалануға рұқсат беруге құлықсыз екенін білдірген.

1 сәуірде Трамп Reuters агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-тың НАТО құрамынан шығу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан. Ол мұны Ирандағы америкалық мақсаттарға альянс тарапынан жеткіліксіз қолдау көрсетілді деп түсіндірді. Ал The Telegraph басылымына берген сұхбатында Трамп НАТО-ны "қағаз жолбарыс" деп атаған.

  • Трамп трансатлантикалық альянстағы жағдайға көңілі толмайтынын көптен бері айтып жүр. Оның пікірінше, ұйым ескірген, ал мүше мемлекеттер ортақ бюджетке "әділ үлес" қоспайды.
  • Бұған қоса Трамп АҚШ-тың Гренландияға бақылау орнатуын бұрыннан талап етіп келе жатыр. Ол бұл мәселеде НАТО-дан қолдау сұраған, алайда альянс мүшелері осы аралға иелік етіп отырған НАТО құрамындағы Данияның егемендігін қолдады. Трамп Гренландияға қатысты талабын Қытай мен Ресейден төнуі мүмкін қауіппен байланыстырған. НАТО бойынша одақтастары аралды АҚШ-қа беру мүмкіндігін жоққа шығарғанымен, аймақтағы қауіпсіздікті күшейту қажет деген пікірмен, әсіресе Ресейдің стратегиялық артықшылыққа ие болуына жол бермеу тұрғысынан, ішінара келіскен.
Айдар
XS
SM
MD
LG