АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған келісім толық орындалмайынша, америкалық қарулы күштер Таяу Шығыста қала беретінін мәлімдеді.
"Американың барлық кемесі, ұшақтары, әскери қызметшілері, сондай-ақ ендігі айтырлықтай әлсіреген қарсыласты жойқын түрде қудалап, толық талқандау үшін қажет қосымша қару-жарақ, оқ-дәрі және өзге де құралдардың бәрі Иран аумағында және оның айналасында қол жеткізілген НАҚТЫ КЕЛІСІМ толық орындалғанға дейін қала береді", – жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамптың айтуынша, егер "қандай да бір себеппен" келісім орындалмай қалса (ондай болуы "өте-мөте неғайбыл" деді ол), онда "бұрын-соңды болмаған ауқымды әрі жойқын атыс басталмақ".
Осы аптаның басында Ақ үй басшысы Тегеранға қойған ультиматум мерзімі аяқталуына шамамен бір-екі сағат қалған кезде, АҚШ пен Иран 7 сәуір күні кешке атысты екі аптаға тоқтатуға келіскенін жариялаған. Трамп Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданған жағдайда Иранға шабуылдарды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Израиль бұл шешімді қолдағанымен, келісім шарты Ливанға жүрмейтінін айтқан. Бұдан кейін Тегеран АҚШ-қа егер Израиль Иранды жақтайтын "Хезболла" тобына (АҚШ пен Израиль террорлық ұйым деп таныған бұл топ Ливанда заңды күш саналады) қарсы операцияларын жалғастырса, атысты тоқтату режимінен шығуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Азаттық радиосының Иран қызметі – Фарда радиосының мәліметінше, АҚШ пен Иран атысты уақытша тоқтату туралы келісімге келгені жарияланғаннан кейін де Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі шектеулі күйде қалған. AFP ақпараты бойынша, кемінде екі кеме бұғаздан өтіп үлгерген, тағы бір кеме жолда келе жатыр. Бұған дейін ирандық басылымдар Израильдің Ливанға шабуылы жалғасып жатқандықтан бұғаз жабық болатынын жазған.
Сонымен бірге Иран нақты қандай талаптарға келіскені әлі толық түсініксіз. Трамп Тегеранмен мәміле Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін қайта ашумен қатар, Иранда ядролық қарудың болмауын да қамтитынын айтып отыр. Ол бұған дейін Тегеранның жойқын қаруға қол жеткізуіне жол бермеуді Израильмен бірлескен әскери науқанның басты мақсаттарының бірі деп атаған.
Сәрсенбі күні, АҚШ әскері Ираннан әзірге кетпейтіні жайлы жазбасын жариялар алдында Дональд Трамп Иранның бейбіт келісім бойынша 10 тармақтан тұратын шарттары туралы тараған ақпаратты «толық жалған» деп атады. Бұл орайда ол The New York Times пен CNN-ді тілге тиек еткен.
The New York Times Ақ үйдегі дереккөзге сүйеніп, Иран жариялаған 10 тармақты жоспар Трамп бұған дейін "келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін жұмыс негізі" деп атаған құжаттан өзгеше екенін жазған еді. Басылым әңгіме екі бөлек құжат туралы болып отыр деп жазғанымен, олардың нақты айырмашылығын ашып көрсетілмеген.
7 сәуірде атысты тоқтату бітімі жарияланғаннан кейін қақтығысқа қатысушы екі тарап та жеңіске жеткенін жариялады. Трамп өз қоқан-лоққысын іске асырмағанын және Иранның шарттарына іс жүзінде келіскенін айтты. Тегеранның 10 тармақтан тұратын бейбіт бастамалары Иранға қарсы санкцияларды алып тастау мен Ормуз бұғазына Иран бақылауын орнатуды көздейді. АҚШ әкімшілігі барлық әскери мақсаттарға қол жеткенін мәлімдеді.
8 сәуірде Дональд Трамп АҚШ Тегеранмен "тығыз ынтымақтастықта" жұмыс істейтінін мәлімдеп, Иранда "өте нәтижелі режим ауысуы" болғанын айтты. Трамптың сөзінше, Иран енді уран байытпайды, ал АҚШ Иранмен бірлесіп қолда бар уранның қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Трамп Иранға салынған тарифтер мен санкцияларды алып тастау мәселесі де талқыланып жатқанын айтты. Ол АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспарына сілтеп, тармақтардың көбі қазірдің өзінде келісілді деп мәлімдеді.