Сириядағы қабырғасы бетоннан тұрғызылған түрменің дәлізінен сыртқа шыққандардың кейбірінің бет-бейнесі қорқынышты фильмдегі зомбиді көзге елестеткендей болды. Біреулері жылдар бойы көрмеген туыстарын құшақтап, солқылдап жылап тұр. Тағы біреулері жұрт арасында "адам қасапханасы" аталып кеткен абақтыдан бостандыққа шыққанына шаттанып айғайлап жатыр, олардың да жанары жасқа толы.
Диктатор Башар Асадтың режимі құлағаннан кейін Сирияда ұзақ уақыттан бері халық арасында қатыгездігімен атышулы болған ішкі қауіпсіздік қызметінің жантүршігерлік істері әшкере болып жатыр. Шектен асқан қатыгездіктің куәсі – ел астанасы Дамаскіден солтүстікке қарай орналасқан Сейдная түрмесі (кейде Седная деп те атайды). Асад режимі жұрт арасында атауының өзі үрей шақыратын бұл түрмеде ондаған мың адамды зұлымдықпен азаптап, қинап өлтірген.
Лондонда орналасқан сириялық адам құқықтарын бақылау орталығының бағалауынша, 2011 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Сейдная түрмесінде 30 мыңнан астам адам өлтірілген немесе аштан, медициналық көмек жоқтығынан я азаптаудан көз жұмған.
Сейдная түрмесін толығымен биліктегі режимнің өзі "ойлап тапқан" деді Amnesty International құқық қорғау ұйымы зерттеу бөлімінің жетекшісі Филип Лютер. Әу баста бұл исламшыл экстремистерді қамайтын түрме болған, ал кейін саяси тұтқындар мен биліктегі режим қауіпті санаған кез-келген адамды жазалайтын орынға айналған.
Башар Асад Мәскеуге қашқаннан кейін халық бұған дейін маңына адам жоламайтын, төбесінен құс ұшып өте алмайтын атышулы түрмеге қарай лап берді. Олар түрменің темір есіктерін бұзып ашып, ондағы тұтқындарды – кейбіреуі сол жерде ондаған жыл бойы қамауда отырған – бостандыққа шығарды.
Адамды басып-жаншып, шелпектей қылып мылжалауға қолданылған болуы мүмкін көлемді де ауыр темір құрал, үйіліп жатқан жүздеген аяқ киім – Сейдная түрмесіне кірген адамдардың көзіне түскен бұл заттардың көбі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистер құрған ажал лагерьлерін еске салды. Тіпті бұл кездейсоқтық болмауы да мүмкін, себебі бір нұсқа бойынша, Сирияға билікке жақпайтындарды жазалаудың әдіс-тәсілін шеттен әкеп "енгізген" – Алоиз Бруннер делінеді. Бұл адам нацистік қылмыскер Адольф Эйхманның "еврей мәселесін түпкілікті шешу" деп аталатын қылмысын іске асыруға көмектескен негізгі серіктерінің бірі, нацистер билігі тұсында СС гауптштурмфюрері деген шені болған. Ол 1954 жылы Сирияға қашып барып, өле-өлгенше Дамаскіде тұрды, сириялық арнаулы қызмет органдарына кеңес беріп отырған, тіпті Израиль түрмесінен Адольф Эйхманды ұрлап әкетуге жоспар құрған деп айтылады. Бруннер бертін – 2010 жылы қайтыс болған.
"Сейдная түрмесін жабдықтаған немесе қамтамасыз еткен кезде сириялық режим Иран не Ресей сияқты сыртқы күштердің нұсқауларына сүйенді ме, я солардан шабыт алды ма, ол жағы маған белгісіз, – деп мәлімдеді Филип Лютер Азаттық радиосына. – Бұл түрменің жұмысы Сирия билігінің нақты мақсаттарына жетуге, ең бірінші кезекте олардың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған".
Әлеуметтік желілерде жарияланған және Азаттық радиосы қай жерде түсірілгеніне көз жеткізген видеоларда түрмедегі қағаз-құжаттарды парақтап қарап отырған адамдар, оған қоса түрме дәлізінде бостандыққа шыққанына шаттанып, айғайлап жүрген ондаған ер адам көрінеді.
Кейбіреуі жан-жағында болып жатқан оқиғаларға аңтарыла қарап, бостандық алғанына сенер-сенбесін білмей тұрғандай әсер қалдырады..
"Қорықпаңдар! Режим құлады! Қорықпаңдар! Сендер азатсыңдар! – дейді Азаттық қай жерде түсірілгенін анықтаған тағы бір видеода ер адам. – Жүре бер, қария! Аллаға тәуба, саған енді қауіп жоқ! Сен азатсың!"
"Печенье жемегеніме 9 жыл болды", – дейді видеодағы өзге бір ер адам, қолындағы тәтті-дәмдіні тағы бір тұтқынмен бөлісе отырып.
Сейдная түрмесі Асадтың қарсыластарының бақылауына өткеннен кейін осы кешеннің жер астындағы қабаттарында орналасқан камералар бар деген сыбыс тарады. Осы кезге дейін Асад үкіметіне бағынбайтын аймақтарда әрекет етіп келген "Ақ дулыға" деп аталатын сириялық гуманитарлық ұйым өкілдері арнайы үйретілген ит әкеліп, шойбалға алып іздеу жұмыстарына кірісті.
9 желтоқсанда "Ақ дулыға" ұйымы түрме аумағынан "жасырын я көз түспеген орындар" табылмағанын айтып мәлімдеме жариялады.
2017 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті Сирия үкіметін Сейдная маңында крематорий салып жатыр, ал түрме қызметкерлері күн сайын 50-ге дейін адам өлтіреді, оларды негізінен дарға асады, сүйегін ортақ молаға лақтырып тастайды деп айыптады. Америкалық шенеуніктер бұған қоса Сирияны "Ресей мен Иранның шексіз қолдауына сүйеніп" адамдарды өлтірген деп айыптады, бірақ кейін Ресей немесе Иранның крематорий салуға немесе жаппай адам өлтіруге қатысы болғанына айғақ-дәлел табылмағанын айтты.
"Мынау Сейдная түрмесі. Мынау камералар. Міне, оларға тамақ ретінде осыны берген. Кәдуілгі қырыққабат", – Асадтың қарсыластары тұтқындарды азат еткеннен кейін түрменің ішін видеоға түсіріп жүрген ер адам осылай деп айтып тұр.
Жер бетіндегі тозақтан тірі қалған тұтқындар мен олардың туыстары кейбір тұтқындар Сейднаяда бірнеше жыл бойы, тіпті ондаған жылдан бері қамауда отырғанын айтты. Видеолардың бірінде Сейдная түрмесінде отырғанына 13 жыл болған, сөйлеу қабілетінен айырылған деп ер адамды көрсетеді.
Тұтқындар бостандыққа шығып, қуаныштан бір күліп, бір жылап жүрген Сейдная түрмесіндегіге ұқсас оқиғалар Дамаскінің өзге де аудандарында және елдің басқа қалаларында болды: ондаған түрмеден тұтқындар бостандыққа шығып жатты.
"Он жыл түрмеде отырдым! Он жыл!" – 8 желтоқсанда түсірілген видеода абақтыдан босап шығып, Дамаскідегі энергетика министрлігі жанынан жүгіріп өтіп бара жатқан ер адам осылай деп айғайлайды.
Әлеуметтік желіде көп тараған төмендегі видеода аты-жөні аталмаған әйел Сирияның бірқатар түрмесінде жылдар бойы қамауда отырған деп айтылады. Бостандыққа шыққан оның екі кішкентай баласымен қауышып, солқылдап жылап тұрғаны көрсетілген.
Сирия түрмесінде 12 жыл отырған Рияд Авлар қазір Сейдная түрмесінде тұтқында болғандар мен із-түссіз кеткендер ассоциациясы құрылтайшыларының бірі. Ол Сейдная түрмесін Солтүстік Корея түрмелерімен салыстырады. "Асад режимі нацистермен бірдей болғанын бүкіл жұрт білуі керек", – деді Авлар Азаттық радиосына.
Сирия түрмесінен шетелдік азаматтар да босап шықты, олардың тағдырынан жұрт бейхабар еді. Мысалы, АҚШ азаматы, Миссури штатында тұрған Трэвис Тиммерман Дамаск түрмесінде жеті ай отырғаннан кейін бостандыққа шықты.
CBS News тілшісімен әңгімеде Тиммерман "христиан рухани мақсатын" көздеп, Сирияға Ливаннан заңсыз өтіп барғанын, түрмедегі жағдайы қатты ауыр болмағанын айтты.
Тиммерманның сөзінше, 9 желтоқсанда ол қамауда отырған камераның есігін қару асынған екі адам шойбалғамен бұзып ашқаннан кейін америкалық азамат еш кедергісіз бостандыққа шыққан. Ол түрмеден өзге де көп тұтқынмен бірге шыққанын айтты.
АҚШ мемлекеттік департаменті Тиммерман "Дамаскіден тысқары жерде" екенін растап, оған өзі қажет еткен барлық қолдау көрсетіледі деп мәлімдеді.
13 желтоқсан күні кешке "Хайат Тахрир әш-Шам" тобы Трэвис Тиммерманды шамасы Дайр-әз-Заур қаласы маңында америкалық әскери қызметкерлердің қолына табыс еткен сәтте түсірілген болуы мүмкін фотоны жариялады.
Қарашаның аяғында Сириядағы оппозициялық топтар үкімет әскеріне қарсы тұтқиылдан шабуыл бастаған. 8 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер ел астанасы Дамаскіге кіріп, президент Башар Асадтың режимі құлағанын көпшілікке жария етті. Ширек ғасырға жуық Сирияны билеп-төстеген Башар Асад Ресейге қашып барды. Мәскеу оған пана берді. Содан бері Асад ел алдына шыққан жоқ.