Accessibility links

Тоқаевтың тіл туралы мәлімдемесі дау тудырды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды, тілді ту еткен арандатушылар бар» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Тоқаевтың сөзіне наразы боп жатқандар да, түсіністік танытайық дегендер де бар. Сарапшы биліктің мұндай мәлімдемелері қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.

Осы аптада Қазақстан халқы ассамблеясы жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы тіл мәселесі туралы да айтып, "ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайтынын" мәлімдеді.

"Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз" деді Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір 2025 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір 2025 жыл.

Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыланды.

"БІРЕУДІ АРАЗДАСТЫРУ ҮШІН ТАЛАП ЕТІП ЖҮРГЕНІМ ЖОҚ"

Медиа сарапшы Бэлла Қасымқызы "қазақ тілін шетелдік біреулердің тапсырысымен, я біреулерді араздастыру үшін талап етіп жүргенім жоқ. Осы елдің тең құқылы азаматы екеніме сенгендіктен, құқымды білгендіктен талап етемін" деп жазды.

Журналист Ақсәуле Әбітай Тоқаевтың сөзінен үзінді келтіріп, "мәселенің түбін зерттемей, жазалау түрін таңдайды" деп қынжылды.

Ал блогер Жалғас Ертай «елді бірлікке шақырамын деп елдегі көп адамдар тобына топырақ шашты» деп президентті сынады. Оның ойынша, қазақ тілін этносаралық тілге айналдыру бастамасы іс жүзінде орындалмай келеді.

"Көшедегі адамдардың қай тілде сөйлеу/сөйлемеуі жайлы сөз айту президентке лайықты әрекет емес. Президенттің жұмысы - мемлекеттік органдардың қазақша сөйлеуін, іс қағазды мемлекеттік тілде жүргізуін, қызмет көрсету орындарының заңды сақтауын қадағалау. Ал көшедегі адамдар қай тілде сөйлеу керегін өздері шешіп алады" деп жазды.

Тоқаевтың пікірін оң бағалағандар да жетерлік. Блогер Алмас Алтай "санымыз қазіргіден аз, жағдайымыз бұдан ауыр кезде де қазақ тілі өлген жоқ! Ендігі жерде пессимистік ойлардың бәрінен арылған жөн" деп жазды.

Болат Аманбаев есімді адам Тоқаев мәселені дұрыс көтерді, тілді арзан пиарға қолданып жүргендер бар деген пікірін жариялады. Ал Ришат Асқарбекұлы мәлімдеме жалпылама айтылғанын, оның аса салмағы жоғын айтады. Оның көзқарасы бойынша, Тоқаев айтты екен деп, тілге қатысты талқылаулар, талап және басқа да қозғалыстар тоқтап, қазақ тілінде сөйлейтіндер саны азайып қалмайды, керісінше күшейе түседі.

Кей адам президенттің бұл мәлімдемені орысша айтқанын меңзеп, «Тоқаев мырза, қазақша айтыңызшы, түсінбедім» деп, пікірін әзілмен жеткізген.

ҚАРИННІҢ "ТҮСІНДІРМЕСІ"

Тоқаевтың тіл туралы мәлімдемесі дау тудырғаннан кейін президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин 25 сәуірде Facebook-та жазба жариялады. Ол "билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ" деді.

"Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты. Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді" деп жазды Қарин.

Тіл мәселесі Қазақстан қоғамында қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Совет кезінде қазақ тілі ұзақ уақыт бойы екінші қатарда қалып, ғылыми, әкімшілік, техникалық және білім беру салаларында орыс тілі үстемдік етті. Қазақ тілі көбіне ауылдық жерлерде ғана қолданыста қалды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана "мемлекеттік тіл" мәртебесіне ие болған қазақ тілінің қолданыс аясы елде ресми тіл саналатын орыс тіліне әлі жете алмай келеді дейді сарапшылар. Бұрынғы Совет одағы құрамында болған кейбір елдерде де ана тілдің жағдайы осыған ұқсас.

ПРЕЗИДЕНТ НЕНІ АЙТУДЫ ҰМЫТТЫ?

Тоқаевтың тіл туралы мәлімдемесін сараптаған саясаттанушы Дос Көшім Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "тіл ұлтаралық мәселе емес, лингвистика мәселесі, ал ұлттық мәселеге тірей беретін биліктің өзі" деді.

Саясаттанушы Дос Көшім
Саясаттанушы Дос Көшім

"Екі мәселені ашық айтып кеткім келеді. Бірінші мәселе тілдің мәселесі бұл ұлтаралық мәселеге жатпайды. Осыны жақсы түсінейік. Себебі біздің билік айналдырып әкеліп, тілдік мәселені ұлттық мәселеге тірейді. Тілдің мәселесі бұл лингвистикалық мәселе. Екінші мәселе тілдік қарым-қатынас адам құқығына жатады. Әркім қай тілде сөйлейтінін өзі біледі. Бірақ біздің заңымызда мемлекеттік тілде міндетті түрде сөйлеуді талап етілетін жерлер бар. Бұл біріншіден мемлекеттік органдар. Мемлекеттік ұйымдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Ол жерде сіз қазақ тілінде сөйлесе, қазақ тілінде жауап беруге міндеттісіз. Олар "міне, президент қай тілде сөйлесең де ешкім де саған ондай талап қоймайды" деп айта алмайды. Осыны сенің ойымша президент айтуды ұмытып кетті. Екінші мәселе тұтынушы есебінде қазақ тіліндегілерге қазақ тілінде қызмет көрсету бұл да заңда бар. Егер көрсетпесе жазаға тартылады. Осылардың барлығын неге екенін қайдам, осы биліктің бірде-бір рет айтқанын көрген жоқпын. Жаңағы мені алаңдатқаны, президентің осыған қатысты әрі қарайғы айтқан сөзі. "Шетелдік ұйымдардан ақша алып отырғандар осы мәселені қолдап отыр" деген уақытта шын айтуым керек, таңғалдым... Тоқаев тіл мәселесін ту еткендерді "арандатушылар" деп атады" деді Дос Көшім.

"Тоқаевтың ешкімді ешкім мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды деген сөзін кремльшіл ресейлік басылымдар жарыса жазып жатыр. Президент мұндай мәлімдемені кімге бағыттап айтты? Ел ішіндегі аудиторияға ма, әлде Мәскеуге қарата айтып отыр ма?" деген сұраққа сарапшы төмендегідей жауап береді.

"Бұл екі жаққа қарата айтылды. Біріншіден Мәскеу жаққа қарай қарата айтылды, "бізде жағдай жақсы, мен бақылап отырмын" деген нәрсе. Екіншіден, біздегі орыстілді азаматтарға айтылды және орыстілді азаматтарға айтылғаны менің ойымша өте үлкен қате болды. Бұл оларды онан сайын бір дүрліктіріп, басқа бағытқа бағыттап жатқан сияқты. Себебі Тоқаевтың айтқан сөзінің ішінде саяси ойын болса, олар оны саяси ойын деп ойламайды. Билік біздің жағымызда деп ойлайды. Сондықтан сол екі бағытта айтылды деп ойлаймын. Және үшіншіден, мүмкін қазақ тілді азаматтарға: мемлекеттік тілін қолданамын, оның қажеттілігін жасаймын, қорғаймын деген адамдарға байқап жүріңдер деген үлкен ескерту есебінде қабылдану керек" деді ол.

Сарапшының пікірінше, орыс әлеміне "бүйрегі бұрып тұратын" Тоқаевтың өзі "қазақ елінің президенті" екенін түсінуі керек.

"Ол елдегі орыс тілді азаматтарға "азаматтар, 30 жылдан асып кетті, мемлекеттік тілді үйренетін уақыт жетті. Әр нәрсені көтере бермей, егер сендердің балаларың, ең болмаса немерелерің қазақ тілін үйреніп, қазақ мектебіне баратын болса, сол уақытта бізде мұндай проблема болмас еді, мұндай проблеманы көтермес едік. Осындай жағдайдан басқа [постсоветтік] мемлекеттер өтіп кетті ғой. Грузияда, Балтық елдерінде сондай проблема болатын, қазір оларда мұндай мәселе жоқ. Өзбекстанды да алайық. Қысқасы, осындай жағдайдан өтетін деңгейіміз бар еді. Осылай дегенде бұл ұлттық мәселе болмайды. Бұл тілдік мәселе. Оларды ойландыратын еді. Бәлкім, сол кезде тіл мәселесі өзгеретін бе еді" деді сарапшы.

"ТҮБІ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ"

Ол Тоқаевтың мәлімдемесін "нақты дерексіз, адамдарды қорқытып, үйтеміз, бүйтеміз" деп сөйлейтін совет заманындағы партократтардың сөзіне ұқсатады. Ол сөз арасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Тоқаевтың тіл мәселесі бойынша позицияларын салыстырып көреді.

"Назарбаев та ешнәрсені жетістірген жоқ. Бірақ оның кейбір кезде айтқаны тамаша сөздері бар-тұғын. Ол бір ассамблеяда "15 бес жылда аюды да үйретуге болады ғой" деп айтып қалды. Тағы бірде "жүз адамның ішінде бес орыс отырса, біз орысша сөйлейміз, біз сорлы халықпыз ғой" деді. Дәл ондай айтқан сөзі өте көп. Ол бізге сәл де болса қуат бере-тұғын. Сәл де болса бізді алдамсыратады деп айтайықшы. Бірақ ол сөзді пайдаланатынбыз. "Міне, президент айтты ғой" деп пайдаланатынбыз. Тоқаевтың ешбір сөзін пайдалана алмаймыз" деді ол.

Сарапшы билік тарапынан мұндай пікір айтыла берсе, түбі жақсылыққа апармайды дейді.

"Қазір қоғам осындай екіге бөлініп отыр да. Орыс тілді қоғам, қазақ тілді қоғам. Біздің әрқайсымыз өз газетімізді оқимыз. Өзіміздің бағдарламамызды көреміз. Әрі қарай кете берсе жақсылыққа апармайды. Өйткені унитарлық мемлекеттің ішінде екі тілдік бұл. Және бұл өзгеру бағытын көріп отырған жоқпыз. 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заң қостілділік емес. Мен осы жерде айта кетейін, енді кейбірі түсінбеуі мүмкін. Қостілділік дегеніміз бір тілде сөйлеп отырып, екінші тілге ауыса беретін адамда қостілділік бар дейміз. Қазақстанда қазақтар қостілді де, орыс тілділер бір тілді. Мұны социолингвистикада біржақты қостілділік дейді. Біржақты қостілділік әруақытта үлкен қауіпке айналуы мүмкін. Екі топтың бір-бірімен қырқысуына алып келуі мүмкін. Осы тілдік бағытта екіге бөліну ұлттық қарама қайшылық, территориялық бөлініск туындатуы мүмкін. Мұны сепаратизмге де пайдалана алады. Бұл үлкен қауіп" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG