Accessibility links

Тоқаев бірқатар судьяны ауыстырды


Қазақстан президенті бірқатар судьяны қызметтен босатып, жаңаларын тағайындады. Қызметтен босатылғандар арасында жемқорлық үшін сотталғандар да бар.

Тоқаевтың 10 қараша күнгі №1085 жарлығына сәйкес, облыстық, қалалық және мамандандырылған соттардың бірнеше төрағасы қызметтен кетті. Тоқаев сот үкімі бойынша кінәлі танылған судьяларды да қызметтен алған.

"Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин және Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Шәймерденов соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты қызметінен босатылды" деп жазылған жарлықта.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін сот Бауыржан Шайдуллинді "алаяқтық" және "пара беруге итермелеу" бойынша кінәлі деп таныған. Ал Нұрлан Шәймерденов "пара алу" және "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі танылған.

Президенттің шешімімен сонымен бірге Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ғалым Қалдаров тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылған.

Бұған қоса, бірқатар облыста зейнетке шығуына байланысты және өз еркімен ондаған судья қызметінен кеткен.

Президент жарлығына сәйкес, Тимур Төлегенов Алматы қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы, Айбар Нұрбеков - Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Арайлым Сәдірмекова Ақмола облысы Сандықтау аудандық сотының төрайымы, Салтанат Қалиасқарова Степногорск қалалық сотының төрайымы, Сандуғаш Избағамбетова Ақтөбедегі №2 қалалық сотының төрайымы болып тағайындалды.

Қазақстан Конституциясы бойынша, сот тәуелсіз және оның қызметіне араласуға тыйым салынған. Бірақ құқық қорғаушылар іс жүзінде сот жүйесінің тәуелсіздігі саяси ықпал мен тағайындаулардағы атқару билігінің рөліне байланысты шектеулі екенін айтады.

XS
SM
MD
LG