Accessibility links

"Капиталдың кетуі және ашық диверсия". Теңгенің құлдырауына рубль ғана кінәлі емес


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі, соғыс, Батыс елдерінің санкциясы, рубльдің құлдырауы. Бір қарағанда, теңгенің құнсыздануына әсер еткен оқиғалар тізбегін осылай сипаттауға болатындай. Экономист Айман Тұрсынхан Азаттыққа берген сұхбатында қаржы дағдарысы қаңтар оқиғаларынан кейінгі капиталды сыртқа шығару тенденциясынан басталғанын айтады.

"МӘН-ЖАЙДЫ АНЫҚТАМАЙ ТҰРЫП, БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІ ЖОҒАРЫЛАТТЫ"

Азаттық: Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін Қазақстан экономикасында қиындықтар басталды. Көбі мұны теңгенің рубльге тәуелділігімен түсіндіріп жатыр. Қазақстан шынымен Ресейге қатты тәуелді ме?

Экономист Айман Тұрсынхан Алматыдағы митинг кезінде. 31 қазан 2020 жыл.
Экономист Айман Тұрсынхан Алматыдағы митинг кезінде. 31 қазан 2020 жыл.

Айман Тұрсынхан: Нарықта теңге рубль бағамына қатты байланбаған. 2021 жылы Қазақстан экспорты 101 миллиард долларға жетті, оның 7,5 миллиардын Ресейге жіберілген тауарлар (сауда рубльмен жүрді) құрайды. Пайыздық көрсеткішпен алсақ, бұл сыртқы сауда айналымының 10 пайызына тең. Бұл – Қазақстан экономикасы рубльге қатты тәуелді деуге жеткіліксіз.

Азаттық: Онда теңге неге құнсызданып жатыр?

Айман Тұрсынхан: Саяси қауіп пен капиталды сыртқа шығаруға талпыныс артып, валюта сатып алу нарығындағы шиеленіс күшейді.

Қаңтар оқиғаларынан кейін, 5 қаңтардан бастап Қазақстанда капитал шығару жолдары жабылды. Бірнеше күн бойы доллар бағамы 426 теңге деңгейінде тұрды. Өйткені жемқорлыққа қарсы күрес қызметі екінші деңгейлі банктердегі сыртқы транзакцияларды қатаң тексеріп отырды. Тіпті біздің компанияда да төлемдерді аударуға әдеттегідей бір тәулік емес, үш күн уақыт кетті, өйткені "бұл капиталды елден шығаруға талпыныс емес пе?" деп, транзакцияларға тексеру жүргізді. Осылай валютаға сұраныс шектелді, бірақ ұсыныс сол күйінде қалды. Сәйкесінше, валюта бағамы түсті.

Қазір жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің процедураларына қатысты қауіп күшейді. Оның үстіне, жаппай түсініспеушілік басталып, капиталын қатты валютада елден шығарғысы келетін тұлғалар қысым жасауға көшті. Осылай ұсыныстан сұраныс артып кетті. Бір жағынан, валюта бағамына осы да әсер етті.

Одан бөлек, қаржы нарығындағы активтердің көбі ресейлік банктерге тиесілі. Олар SWIFT жүйесінен ажыратылатынын білген соң, бұл шектеуге ілінбейтін Қазақстан арқылы қатты валюта резервін жинауға кірісті. Яғни, олар өздеріне төнген қауіптің алдын-алуға тырысып жатыр. Өйткені Ресейде доллар бағамы 127 рубльге жетті.

Нарықта осындай жан-жақты алаңдаушылық басталып, бұл өз кезегінде теңгеге әсер етті. 27 ақпаннан бастап Ресей Орталық банкінің алтын-валюта қорындағы 600 миллиард доллары бұғатталды. Ресей нарығында валюта тапшылығы сезіліп жатыр. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қаржы жүйесі арқылы Ресеймен байланысты валюта нарықтарын экспансияға ұшыратуы мүмкін.

Екінші жағынан, ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтеруі де ықпал етті деп ойлаймын. 24 ақпанда ұлттық банк мән-жайды анықтамай жатып, базалық мөлшерлемені көтерді. Сәйкесінше, халық пен бизнестің несиелік міндеттемелері артты. Бұл жағдайға алаңдаған бизнес өкілдері мен халық ақшасын шешіп алып, долларға ауыстыра бастады. Нарықта тиісті алғышарттар болмаса да, жоғарыда аталған шаралар қазіргі валюта бағамын қалыптастырды.

Доллардың қымбаттауына Қазақстан экономикасы дайын ба? Үкіметтен сұрадық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

"ӨЗ ҚҰЙРЫҒЫН ЖАЛМАҒАН ЖЫЛАН"

Азаттық: Валюта бағамына осы әсер етті дейсіз бе?

Айман Тұрсынхан: Қазақстанда базалық мөлшерлеме нарықтағы несие –ақша бағасы ретінде қалыптасады. Базалық мөлшерлеме жоғарылаған кезде, оған банктің табысы қосылады: осыдан халық пен бизнеске арналған ең төменгі несие бағасы шығады. 2022 жылы 1 қаңтарда ел экономикасындағы жалпы портфель құны 18,5 триллион теңгені құраған. Оның 13,5 пайызы ғана бизнеске тиесілі, қалғаны – қоқыс қарыздар.

Бұл қазір ұлттық банктің провизиялық шотында 14 триллион теңге қолданылмай жатыр дегенді білдіреді. Ұлттық банк базалық мөлшерлеме 13,5 пайыз болады деп жариялаған кезде өз шотындағы ақшаның үстінен көретін табысын белгілейді. Өйткені ұлттық банк 14 триллион теңгені екінші деңгейлі банктерге қарызға беріп, "белгіленген пайыз бойынша экономикаға несие бөліңдер" деп тапсырады. Екінші деңгейлі банктер ұлттық банк белгілеген 13,5 пайыздың үстіне өз пайдасын қосып, 36-40 пайызға жеткізеді (қысқамерзімді қарыздар). Осылай бәрі басынан басталады. Бұл өз құйрығын жалмап жатқан жыланға ұқсайды.

Бизнес жоғары мөлшерлемемен берілген қарызды төлей алмайды, өйткені нарықта бәсеке үстінде туған шектік баға бар. Несие бағасы өндірістік табыстан жоғары болса, бизнес банкротқа ұшырайды немесе кәсіпкер тұтынушыға салмақ салып, бағаны көтереді. Бұл қымбатшылыққа әкеледі. Бар ауыртпалық тұтынушыға түседі. Әлеуметтік нан бағасы 300 теңгеден асып кетсе, таңғалмаңыз. Олай болуы әбден мүмкін. Ұлттық банктің қазіргі шаралары осыған әкеле жатыр.

Етті аз жейді, жеміс алмайды. Қымбатшылық қысқан жұрт қалай үнемдеп жүр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

Азаттық: Ресейден тауар сатып алуға қатысты не айта аласыз?

Айман Тұрсынхан: Импорт құрамына қарасақ, дүкендегі бағаларға әсер ететін тұтынушылық тауарлардың үлесі 26 пайыздан аспайтынын көреміз. Импорттың негізгі бөлігін өндірістік тауарлар құрайды. Ресей мен Беларусьтен тауар сатып алудың еш артықшылығы жоқ. Орталық Азия елдері, Түркия және Еуроодақ нарығына ауысуға болады. Онда тауар тасымалы Беларусь арқылы емес, Грузия немесе Каспий теңізі арқылы жүреді. Осындай мүмкіндіктер бар, басқа нарықтардан тауар жеткізу қымбат болғанымен, бұл қазіргі логистикалық қауіптерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Сондықтан Қазақстан тауарсыз қалады деп ойламаймын.

Импорт – 18 миллиард доллар, экспорт – 6,9 миллиард доллар. Қазақстан мен Ресей саудасындағы кері сальдо – 11,1 миллиард доллар. Бұл – ел экономикасы үшін үлкен шығын. Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылғаннан кейін импортқа қатысты келісімшарттардың бәрі рубльге көшеді. Бұл рубльмен бірге теңгенің де құнсыздануына жол ашады. Сондықтан стратегиялық тұрғыда Ресейден жанармай, ауыл шаруашылық өнімдері, көлік пен құрал-жабдықтар сатып алуды қысқарту керек.

Импорт көлемінің үлкен болуы ресейлік тауарларға емес, кеден одағына байланысты. Ресей өз жері арқылы өтетін басқа мемлекет тауарларын Қазақстанға экспорттап отыр.

Логистикалық дәліздер жабылса, Ресей мен Беларусь реэкспорт жасау мүмкіндігінен айырылады. Қазақстанға тауарлар енді Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан арқылы келетін болады.

"БАСТЫ МӘСЕЛЕМІЗ – РЕСЕЙ ЖАНАРМАЙЫ"

Азаттық: Қазақстанға жаңа нарық іздеу керек пе?

Айман Тұрсынхан: Осыған дейінгі ортақ қаржы және еңбек нарығын құру жөніндегі интеграциялық келісімдерге үлкен қауіп төніп тұр. Қазақстандық кәсіпкерлер қаржы жүйесінен ажырату қаупіне байланысты жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Бұрын Ресейден материал мен құрылғы алып келгендер басқа нарық іздей бастады. Беларусьті де тізімнен сызып тастауға тура келеді. Біздегі көлік құрастырушы кәсіпорындар тауарды Ресей мен Беларусьтен әкелетін. Әділетсіз утилизация алымының арқасында нарықты Ресей және Беларусь көлік өндірушілері жаулап алды. Қазір жағдай түзеле бастады, бірақ Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Қазақстан жаңа серіктес іздеуі керек. Бір жағынан, бұл отандық көлік құрастырушы кәсіпорындарға жетекші технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда картасына қарасақ, көліктер мен құрылғылар жалпы импорттың сегіз пайызына да жетпейтінін көруге болады.

Қазақстанның басты мәселесі – жанармай. Осы жерде тығырыққа тіреліп тұрмыз. Қазақстан нарығының Ресей жанармайына тәуелділігі 40 пайыздан асады. Қазақстанда 24 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың әрқайсысы тәулігіне жүз тоннаға жетпейтін мұнай өңдейді. Қазір шикізат сатуды доғарып, оны мұнай өңдеу зауыттарына жіберсек, көктемгі маусымға дейін мұнай өнімдеріне қажеттілікті өтеуге болады.

Негізі Ресейден келетін жанармай бағасының қымбаттауы азық-түлік тауарларына әсер етпеуі керек. Бірақ Қазақстан 2016 жылдан бері Ресейге мұнай шикізатын кедендік алымсыз сатады. Яғни, біз оларға арзан мұнай сатамыз, осыдан ұлттық қорға жеткілікті мөлшерде кедендік алым түспейді. Біздегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы дұрыс жолға қойылмағандықтан, әлі күнге жанар-жағармай өнімдерін Ресейден импорттап келеміз. Жылда егін егу немесе жинау науқаны басталғанда солярка, мазут бағасы аспандап шыға келеді. Өйткені Ресейден келетін тауарға тәуелдіміз. Бұл – үлкен мәселе.

Қазақстанның ауыл шаруашылық саласы ұзақ жылдар бойы ресейлік бидай трейдерлері мен жеңіл және тамақ өнеркәсібінің әрекетінен көп зардап шекті. Олар бізді шикізат экспортына қарай тықсырып отырды. Бұл тұрғыдан алғанда, Кеден одағы, еуразиялық интеграция сияқты келісімдер қазақстандық тауар өндірушілердің мүддесіне нұқсан келтіреді.

Азаттық: Орталық Азияның басқа мемлекеттеріндегі жағдай қалай?

Айман Тұрсынхан: Өткен аптада Қырғызстан мен Өзбекстанда болдым. Қырғызстан экономикалық тұрғыда жүз пайыз Ресейге тәуелді. Оларда шағын және орта бизнеске арналған ақшаның өзін Қырғызстан-Ресей қоры бөледі, одан басқа қаржы көзі жоқ. Сондықтан ұлттық валюта – сом құнсызданды. Бірақ бұл нарықтық тұрғыдан алғанда қалыпты жағдай. Қырғызстан ұлттық банкі ешқандай диверсиялық әрекетке бармады. Біздің ұлттық банк сияқты базалық мөлшерлемені көтерген жоқ. Өзбекстанда не болып жатыр? Өзбекстанда кейінгі үш жылда конвертация бірқалыпты жүріп жатыр. Онда девальвация жоғары. Оларда да валюта құнсызданды, мұны түсінуге болады, өйткені Қазақстанмен салыстырғанда, Өзбекстан Ресейге көп тауар экспорттайды. Ресейдегі жағдай оларға да әсер етті, бірақ Өзбекстанның ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтерген жоқ. Біз де солай жасап, ресейлік банктердің валюталық спекуляциясын шектеп, капиталды сыртқа шығаруға жол бермесек, теңге бағамында өзгеріс болмас еді. Бізде ұлттық банктің өзі экономикаға қарсы ашық диверсия жүргізіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG