Accessibility links

Ташиевке “билікті күштеп басып алу” бабы бойынша айып тағылды

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевке “Билікті күштеп басып алу” және “Қызметтік өкілетін асыра пайдалану” баптары бойынша айып тағылды.

Бұл жөнінде адвокаты Икрамидин Айтқұлов хабарлады. Ташиевке елден кетпеу туралы бұлтартпас шарасы қолданылған.

Ол бұған дейін Ташиевпен бірге тергелген бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев және парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы жөнінде ақпараты жоғын айтты.

Кейбір сайттар айыптауларды “75 адамның хатымен” байланыстырады. Дегенмен Қамшыбек Ташиев істің қай іс бойынша қозғалғанын нақтыламады.

27 сәуірде Kaktus.media басылымына берген сұхбатында президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевтің "75-тің хатына" қатысы бар-жоғын тергеу мен сот шешеді деп айтқан.

9 ақпанда 75 адамнан құралған топ – бұрынғы премьер-министрлер, парламенттің бұрынғы депутаттары, саясаткерлер мен қоғам белсенділері президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламенттің спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлына қайырылып, жақын арада президент сайлауын өткізуді ұсынған. Кейінірек кейбірі хаттың мазмұнымен таныспай жатып оған қол қойып жібергенін мәлімдеді.

ІІМ хатқа қол қойғандардың кейбірі ұсталды: арасында қоғам белсендісі Бекболат Талғарбеков, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмилбек Ұзакбаев, экс-депутат Құрманбек Диқанбаев бар.

10 ақпанда Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Кейінірек ол «75-тің хатын» алға тартып, парламентте жікшілдік пайда болғанын айтты. Осыдан кейін Нұрланбек Тұрғынбекұлы спикер қызметінен кетіп, хатқа қатысы жоқ екенін айтып, мандатын тапсырды.

Айдар
XS
SM
MD
LG