Accessibility links

Коалиция: "Адам азаптау әлі тыйылған жоқ"


Полиция қамауына түскен душанбелік әйел жарақатын көрсетіп тұр. Көрнекі сурет
Полиция қамауына түскен душанбелік әйел жарақатын көрсетіп тұр. Көрнекі сурет

Тәжікстандағы адам азаптау мен жазасыз қалуға қарсы азаматтық қоғам коалициясы тамыздың 17-сінде жарияланған есебінде биыл алғашқы үш айдың ішінде Тәжікстанда азаптау мен қатігездікке қатысты жаңа 38 оқиға тіркелді деп хабарлайды.

Баяндама авторларының хабарлауынша, азаптаудан тікелей зардап шеккен 15 құрбанның 13-іне қол-аяқтарын байлап қойып сабау, тырнақтары мен жыныс мүшесі тұсына электр тогын жіберу, басы-көзінен ұру, үстіне су құю, бүйрек пен іштен тепкілеу, іш пен басқа (төбесіне) кітап қойып ұру, бетінен ұрып-соғу сияқты азаптау түрлері қолданылған.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, құқыққорғау органдары, түрме бақылаушылары және әскери бөлім офицерлері адамды зорлау, "зорлаймыз"деп қорқыту, суықта 1-2 тәулік бойы суық суда отырғызып қою, басына газдан қорғану маскасын кигізіп тұншықтыру, денесін темекімен күйдіру, қолдарын артқа қайырып бұрау, аяқ-қолдарын белдікпен байлау, аузын скотчпен желімдеп тастау сияқты азаптау түрлерін де қолданады.

Екі ер адам қоқан-лоққы жасау, қорлау және кемсіту, балағаттау сияқты психологиялық азаптауға душар болған. Коалиция есебінде құрбандардың туыстары психологиялық күйзеліске түсіп, сегіз адамның денсаулығында медициналық сипатта проблемалар пайда болған деп көрсетілген. Жәбірленушілердің көбі әсіресе Тәжікстан ішкі істер министрлігінде (28 адам, оның 6-ы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінде) азаптауға қатысты шағынған. Азаптау тәсілдері қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде (2 адам), мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) шекара әскерлері басқармасында (1 адам) , МҰҚК-да (1 адам) және жалпы білім беретін орта мектепте (1 адам) де қолданылған.

Тәжікстандық азаптау құрбаны. Көрнекі сурет
Тәжікстандық азаптау құрбаны. Көрнекі сурет

Құқық қорғаушылардың көмегіне азаптауға ұшыраған екі әйел де жүгінген. Азаптау мен қатігездік әрекеттеріне қоса, екеуін де "зорлаймыз" деп қорқытқан, ал біреуін "қылмыстық жазаңды жеңілдетеміз" деген шартпен төсектес болуға мәжбүрлеген.

Коалицияның құқықтық көмек көрсететін тобының тәжірибесінде алғаш рет қылмыстық істерді дұрыс тексермегені үшін моральдық зиян үшін өтемақы талап ететін арыз әзірленді деп хабарлайды. 2017 жылдың алғашқы алты айында екі іске қатысты зиянды өтеу туралы шешім шыққан; төрт іс әлі тексеріліп жатыр; ал сотқа жолданған үш іс енді қаралуы тиіс, оның екеуі - істі дұрыс тексермегені үшін моральдық зиянды өтеуге қатысты арыздар, 13 іс – құжаттарды әзірлеу сатысында.

Оңалту курстарынан 24 адам өткен, оның бесеуі – жасөспірім бала.

Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, құқыққорғау органы қызметкерлері адвокаттарды заң тұрғысынан көмек көрсету қызметі мен қорғауға алған адаммен жолығуына кедергі жасайды. Сот орындарына түскен істерді тексеру материалдарымен танысып шығу да қиын. Баяндама авторларының жазуынша, құқық қорғау органдары ұсталған адамдарды белсенділік пен табандылық танытқан адвокаттың қызметінен бас тартуға үгіттейді.

Биыл маусымда азаптау мен жазасыз қалуға қарсы азаматтық қоғам коалициясы Тәжікстандағы халықаралық адам құқығы әріптестігі (IPHR, Бельгия), "Нотабене" қоғамдық қоры және «Адам құқығын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық» қоғамдық ұйымымен бірлесіп әрі Еуропа одағының қолдауымен «Тәжікстанның адам құқығы саласындағы ұлттық және халықаралық міндеттемелерін орындау деңгейіне мониторинг жүргізуде азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру» жобасы аясында "Азаптауға бүгін, ертең, әрдайым қарсымын! " акциясын өткізген.

Акция аясында астанадағы "Тәжікстан" қонақ үйі, "Сафина" телевизиясы және Исмоили Сомони ескерткіші жанындағы мониторларда президент Эмомали Рахмонның азаптауға жол беруге болмайтыны туралы құқыққорғау органдарына жолдауынан үзінді келтірілген ролик көрсетілді. Маусымның 28-інде Хорог пен Вахдатта ұстау кезінде, милиция бөлімшелеріндегі тергеу кезінде, әскери қызметін, түрмеде жаза мерзімін өтеп жүріп қайтыс болған немесе жарымжан болып қалған жандардың тағдыры баяндалған фотокөрме ұйымдастырылды.

Тәжікстан: азаптау оқиғаларының картасы
Тәжікстан: азаптау оқиғаларының картасы

Ертеректе коалиция елдегі азаптау немесе қатігездік әрекеттері қолданылуы ықтимал орындардың картасын құрастырған болатын. Жағдайды сараптаған құқық қорғаушылар азаптау сияқты қатігездік тәсілдері көбінесе адамды ұстау және тергеу амалдары кезінде қолданылады деген қорытынды жасаған. Мұның себебі – заңдардағы "ұстап әкету" терминіне қатысты қайшылық құқыққорғау органы қызметкерлерінің "азаматтардың еркін жүріп-тұруын шектеу әрекеттерін өз қалауынша түсіндіруіне" мүмкіндік берген.

Тәжікстан билігі азаптау проблемасы барын мойындайды, бірақ Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы сарапшыларының сөзінше, үкімет қарастырған қадамдардан әзірше тұшымды нәтиже шықпай отыр.

Азаптау мен жазасыз қалуға қарсы азаматтық қоғам коалициясы Тәжікстандағы азаптау мен жазасыз қалумен күресте азаматтық қоғамның күш-жігерін жұмылдыру үшін 2011 жылғы қыркүйекте құрылған.

XS
SM
MD
LG