Accessibility links

Сот журналист Ботагөз Омарованы үйқамақта ұстау мерзімін ұзартқан

"Айтпа, Ботагоз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова
"Айтпа, Ботагоз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова

Астананың тергеу соты журналист Ботагөз Омарованы үйқамақта ұстау мерзімін тағы бір айға созған. Мұны журналистің адвокатының сөзіне сүйеніп Elmedia басылымы хабарлады.

"21 наурызда тергеу сотының шешімімен Ботагөз Омарованы екі айға үйқамаққа отырғызған. Ол мерзім ертең аяқталуға тиіс еді. Бірақ оны тағы бір ай, яғни 21 маусымға дейін үйқамақта қалдырғаны бүгін белгілі болды" деген адвокат Толқын Әбілова 20 мамыр күні басылымға.

Elmedia адвокат Әбілованың өткен аптада журналист Омарова кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге дайын екенін айтқанын еске салған.

Астана қаласының полициясы "Айтпа, Ботагоз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарованы, жеке адамның арызы негізінде, "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті ретінде тергеп жатыр. Тергеу ісіне журналистің нақты қай материалы себеп болғаны айтылмайды.

Ботагөз Омарованың үстінен іс қозғалғанына Астанада бір топ журналист реакция білдіріп, 21 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген. Олар президенттен журналистің ісін жеке бақылауына алуды, "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды өтінді. Дәл сондай талап 23 сәуір Алматыда журналистер өткізген баспасөз мәслихатында да айтылды.

Омароваға президенттен араша сұраған әріптестері "оны полиция әуелде президенттің атқорасы туралы материалы үшін әңгімелесуге шақырған" дейді. Журналистің өзі де биыл 8 наурыз қарсаңында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясынан сотқа дейінгі талап-арыз алғанын жазған.

Президент іс басқармасынан қомақты тендер алып отырған бұл компания былтыр Астанадағы президент іс басқармасына тиесілі атқора құрылысына араласқан жұмысшылар мен кәсіпкерлер істеген еңбегінің ақшасын қосалқы мердігерлерден даулаған кезде қоғам назарына іліккен еді. Атқора құрылысының бас мердігері болған "ВД Строй-инжиниринг" пен президент іс басқармасы құрылысқа қатысты "міндетімізді толық өтедік" деген. Ал қосалқы мердігер компания өкілдері биыл журналист Ботагөз Омароваға сұхбат беріп, "ВД Строй-инжинирингтің" артында президенттің туыстары тұр деп естігенін айтқан.

22 наурызда журналист Ботагөз Омароваға қарсы іс қозғалуына байланысты реакция білдірген ақпарат министрі Аида Балаева "заңда көзделген барлық рәсім" аяқталғанға дейін "асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге" болмайтынын алға тартқан.

Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен журналистерге қарсы іс қозғау жиілеген сайын кәсіби қауымдастықта ішкі цензура күшейгенін айтады.

Францияда тіркелген "Шекарасыз тілшілер" медиа еркіндігін қорғайтын халықаралық ұйым 30 сәуірде жариялаған жыл сайынғы сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 саты төмендеп, баспасөз ахуалы ең қиын елдер қатарында қалған.

Толықтыру: 20 мамырда, "ВД Строй-Инжиниринг" компаниясының құрылтайшысы Азамат Өсімбеков "Ұлыс медиа" YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өмірінде көрмегенін, материалда аты аталатын адамдармен еш байланысы жоғын мәлімдеді. "Мен де, менің қасымдағы басқа құрылтайшылардың да, бизнес-әріптестерімнің де президенттің туыстарына, оның айналасына ешқандай қатысымыз жоқ" деген Өсімбеков "ВД Строй-Инжинирингті" 2023 жылғы тамызда Арман Жаркеевтен сатып алғанын, компанияның бұған дейінгі иелерін тексермегенін айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG