Сириядағы оқиғалар жайлы жарияланған видеолардың көбіндегі қарулы адамдар 30-40 жас шамасында. Видеода олар Сириядағы қарулы шайқастарға қатысқанын, осы жолда жанын пида етуге дайын екенін айтады. Өзбекше сөйлеген олар Асад режимін құлатуға ұзақ уақыт дайындалдық дейді.
Сириядағы қазіргі шайқастарға бұл адамдар қай жерде, кімнің қолдауына сүйеніп дайындалғанын растайтын ақпарат жоқ. Сириядағы соғысқа қатысқан өзбектердің нақты саны да белгісіз.
Өзбектерден құралған "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" (КТЖ) тобы Сириядағы Башар Асад режимін құлатуға "Хайат Тахрир әш-Шам" ұйымы құрамында қатысқан деп айтылып жүр. 8 желтоқсанда олар Дамаскіні алып, президент Асадты елден қашуға мәжбүр етті. Осылайша, жарты ғасырдан астам уақыт Сирияны билеп-төстеген Асадтар әулетінің дәурені аяқталды. Башар Асад Сирияны кейінгі 24 жыл бойы, ал әкесі Хафез – 30 жылға жуық уақыт басқарған.
АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Түркия, Ресей мен тағы бірқатар ел террорлық ұйым деп таныған "Хайат Тахрир әш-Шам" қазір Сирияда жаңа үкімет құруға тырысып жатыр.
Биылғы 20 қарашадан бастап кемінде 15 өзбек әлеуметтік желіде түрлі пост жариялаған. Олардың кейбірі Өзбекстанның тумасы, енді біреулері Қырғызстанда туған өзбектер болуы мүмкін деген болжам бар.
Сириядағы көтерілісшілер кімдер?
Сириядағы шабуылға "Хайат Тахрир аш-Шам" қарулы тобы жетекшілік жасап жатыр. Бұл Асад режимімен күресіп жатқан сүннит жиһадшылар топтарының коалициясы. Аталған топты БҰҰ, АҚШ, Түркия және өзге елдер "террористік ұйым" деп таныған.
Сириядағы қақтығыстарға көп жылдан бері қатысып келе жатқан ұйым 2011 жылы "Жебхат ән-Нусра" деген атпен "Әл-Қаида" террористік ұйымының бір бөлімі ретінде құрылған.
ДАИШ тобының ("Ислам мемлекеті") жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади да оның құрылуына атсалысқан деп айтылады. Қарулы топ президент Башар Асад режиміне қарсы қатты қарсыласқан әрі онымен ең тиімді күрескен топ саналады.
Сарапшылар дегенмен де топ революциядан гөрі жиһад идеологиясына көбірек берілгенін және бұл көтерілісшілер коалициясының "Еркін Сирия" ұранына қайшы келетінін айтады.
2016 жылы топтың жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жулани (шын аты-жөні Ахмед әш-Шараа) "Жебхат ән-Нусраны" таратып, жария түрде "Әл-Қаидамен" "ат құйрығын шорт кесіскен". Ізінше "Хайат Тахрир әш-Шам" деген атпен қайта құрылып, өзге топтармен біріккен.
Біраз уақыттан бері "Хайат Тахрир әш-Шам" елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында шоғырланып келді. Бұл аумақ топтың де-факто жергілікті әкімшілігі саналады. "Әл-Қаидадан" қол үзгелі бері оны мақсаты біраз "тарылып", Сирияда фундаменталистік діни бағыт ұстанатын билікті орнатуға күш салып келеді.
Желіде тараған видеоларда түрлі қару-жарақ ұстап жүрген адамдар байқалады. Сириядағы режимді құлатқанға дейін олар Асадқа қарсы қарулы жасақ бақылауындағы жерлерде болғанға ұқсайды.
Мысалы, жақында әлеуметтік желіде жарияланған видеода өзін "Кәтиба Таухид уәл-Жихадтың" (КТЖ) бас қолбасшысы Сайфуддинмін деп таныстырған, өзбекше сөйлейтін ер адам өз тобы Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында орныққанын айтады.
Кейінгі екі аптада әлеуметтік желілерде жарияланған қарулы өзбектердің мәлімдемелерінен және Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосына келіп түскен ақпараттарға қарағанда, Сирияда Башар Асадтың армиясына қарсы соғысқа 200-ге жуық өзбек қатысқан және олардың көбі өзін "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобының жауынгеріміз деп атаған.
Қазіргі сәтке Сирия мен Ирак аумағында құрамында өзбектер бар екі топ – "Кәтибат әл-Имам әл-Бұхари" және "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" бар екені мәлім.
2012-2017 жылдар аралығында "Кәтибат әл-Имам әл-Бұхари" Сирия жеріндегі ұлты өзбек адамдардан жасақталған ең ірі қарулы топ саналатын.
2018 жылғы 18 наурызда АҚШ "Кәтибат әл-Имам әл-Бұхари" тобын "терроршылардың ғаламдық қара тізіміне" енгізген.
"Кәтибат әл-Имам әл-Бұхари" тобы жайлы алғаш рет 2013 жылы Сирияда Башар Асад режиміне қарсы соғысып жүрген аса ірі қарулы жасақ деп айта бастаған. Өзбекстанның Наманған облысының тумасы, Шейх Салахиддин деген лақап атқа ие Акмал Журабаев осы топтың негізін салушы деп аталатын. Ол 2017 жылы сәуірде қаза тапқан.
Бұл топ әлі күнге дейін бар ма, оның сапында неше адам жүр және олар қай жерде шоғырланған, бұл жөнінде әзірге нақты ақпарат жоқ. Бірақ, бейресми деректерге қарағанда, топтың негізін салушы 2017 жылы қаза тапқан соң өзге жетекшілері арасында алауыздық туып, топ бөлініп кеткен. Бір бөлігі "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобына, енді біреулері өзге жергілікті террор топтарына қосылса, тағы біреулері Сирия мен Түркиядағы жергілікті халыққа сіңіп кеткен.
АҚШ пен Өзбекстан: "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" – террорлық ұйым
"Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобын 2013 жылы Сирияда, Қырғызстанның Ош облысының тумасы, Әбу Салох әл-Өзбеки деген лақап атқа ие Сирожиддин Мұхтаров құрған.
Әуелгіде топ Сирия мен Ирак жерінде әрекет еткен, оның құрамында негізінен Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары болған. Бұл топ халықаралық террор құрылымдарымен, соның ішінде "Әл-Қаида" тобымен де байланыс орнатқан.
2017 жылы ақпанда "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобы "Әл-Қаидадан" іргесін аулақ салған "Жебхат ән-Нусра" тобының негізінде жаңадан құрылған "Хайат Тахрир әш-Шам" альянсына қосылған.
"Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобы қатарына адамдарды негізінен Қырғызстан мен Өзбекстаннан үгіттеп тартқан, кейін оларды Сирияға – Башар Асадтың үкіметіне қарсы соғысқа жіберіп отырған.
Өзбекстан билігі қолына қару алып, Сирия үкіметіне қарсы шайқасқа қатысқан екі өзбек азаматына сырттай айып таққан. Ол екеуі де "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобының мүшесі екені анықталды.
Олардың бірі – Жизақ қаласының тумасы Давлат Тиллабердиев.
"Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Жизақ облысы ішкі істер басқармасының бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында жас азамат Түркияда жүргенде халықаралық террор ұйымының ықпалына түскені, ал 2019 жылы қыркүйекте айналма жолдармен Сирияға аттанғаны анықталды", – деп хабарлады Өзбекстан ішкі істер министрлігі.
Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, сол жылы Тиллабердиев Сирия аумағында "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" халықаралық террор ұйымының әскери базасында арнаулы дайындықтан өткен соң, Дамаск үкіметіне қарсы қарулы шайқастарға қатыса бастаған. Қазір оған Өзбекстан қылмыстық кодексінің 155-2-бабы ("Террорлық әрекетті іске асыру мақсатында дайындықтан өту, жол жүру немесе көшіп-қону"), 244-2-бабы ("Діни экстремистік, сепаратистік, фундаменталистік немесе өзге де тыйым салынған ұйымдарды құру, басшылық жасау, қатысу") және 244-1-бабы ("Қоғам қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін мазмұндағы материалдарды дайындау, сақтау, тарату немесе көрсету") бойынша айыптар тағылған. Бұл баптар бойынша Отанында ол ұзақ мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін.
Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі іздеу жариялаған екінші өзбек азаматы – 30 жастағы Худоёр Нұриддинов.
Әлеуметтік желіге Әбу Уәлид деген лақап атпен шығып жүрген ер адам Ферғана облысы Риштан ауданында дүниеге келген. 2016 жылы Ресейге табыс табуға кетіп, террор ұйымы идеологиясының ықпалына түскен. Сол жақтан Сириядағы Идлиб қаласына аттанған.
"Х.Нұриддинов интернет арқылы жиһадқа шақырып жүр. Ол жүргізетін парақшаларға Өзбекстан аумағында тыйым салынған, оның қатысуымен түсірілген видеоларды сақтау, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке апарып соғады. Оның арғы беттен жүргізген насихатының салдарынан Өзбекстанның бірнеше азаматы қарулы шайқастарға қатысып, қаза тапқан", – деп хабарлады Өзбекстанның арнаулы қызметі.
Ресми ақпаратта кейінгі бірнеше жылда Өзбекстанда ондаған адам "Кәтиба Таухид уәл-Жихад" тобымен байланыста болған деген айыппен түрлі мерзімге түрмеге қамалғаны айтылған. Өзбекстандық адвокат Мухсинжон Мадаминов күштік құрылымдар өзбекстандықтарды террор ұйымдар қатарына тартумен күресуді мықтап қолға алып жатыр деді.
"Егер Өзбекстан азаматы террор ұйымының мүшесі екені белгілі болса, мысалы, интернетте немесе YouTube-те жарияланған видеодан анықталса, онда Өзбекстанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Терроризм айыбы тағылып, халықаралық іздеуде жүрген адамдарға, қателеспесем, интерпол арқылы іздеу салынады. Өзбекстан бұл мәселеде күресті бекем жүргізіп отыр. Өйткені, іргемізде Ауғанстан орналасқан", – деді адвокат.
Арасында америкалық The Soufan Group зерттеу орталығы да бар түрлі дерек көздерінің бағалауынша, Сирияда 2014-2017 жылдар аралығында жиынтығы 900-ге жуық өзбек азаматы жоғарыда аталған екі топтың құрамында болған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик радиосы) материалы.