Accessibility links

Сирек минералдар. АҚШ Қытайға тәуелділікті азайтып, Орталық Азияға бет бұрып отыр

Сирек металл кен орнында техника көмегімен топырақ артып жатқан жұмысшы. Қытай.
Сирек металл кен орнында техника көмегімен топырақ артып жатқан жұмысшы. Қытай.

АҚШ Қытайдан келетін стратегиялық маңызы бар минералдарға тәуелділігін азайту үшін Орталық Азия елдеріне бет бұрып, Қазақстан мен Өзбекстандағы ірі кен өндіру жобаларын қолдап отыр. Алайда шығынның көптігі, жеткізу тізбегіндегі қиындықтар және Пекиннің нарықтағы үстемдігі бұл жоспарға елеулі кедергі келтіреді.

Өткен айда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің кездесуі өтті. Алайда тараптар екіжақты қарым-қатынастағы ең өзекті мәселелердің бірі – Пекиннің стратегиялық маңызы бар минералдар экспортына енгізген шектеулері мәселесінде прогреске қол жеткізе алмады. Бұл шаралар Пентагонның да, коммерциялық сектордың да қажеттіліктерін өтейтін жеткізу тізбектерін тұрақсыз етті.

АҚШ пен Қытай басшылары 10 қарашада аяқталуға тиіс сауда бітімін тағы екі айға ұзартуға келісті. Алайда бұл шешім Вашингтонның уайымын сейілткен жоқ: Қытайдан алдыратын стратегиялық шикізат әлі де шектеулі болып отыр.

Шілдеде Сенаттың қаржы комитетінде сөйлеген АҚШ-тың сауда келіссөздеріндегі өкілі Джеймисон Грир Қытайдан минерал экспорттау көлемі "сан жағынан да, жеткізу қарқыны тұрғысынан да біздің күткенімізге сай келмейді" деп мәлімдеді.

Қытай стратегиялық маңызы бар минералдарды өндіру мен өңдеуде үстемдік етеді. Оның ішінде магниттік қасиеттерін сыртқы энергия көзінсіз шексіз уақыт бойы сақтай алатын магниттер де бар. Мұндай магниттер электр көліктерінің қозғалтқыштары мен жел генераторларынан бастап, жойғыш ұшақтардың қозғалтқыштары мен зымырандарды бағыттау жүйелеріне дейінгі көптеген құрылғының жұмысына қажет.

Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA, Парижде орналасқан үкіметаралық ұйым) бағалауынша, Қытай стратегиялық маңызы бар сирек жер минералдарының 20 түрінің 19-ын өңдеуде әлемдегі ең ірі ойыншы саналады. Пекин бұл нарықтың шамамен 70 пайызын бақылайды.

Тұрақты магниттер сегментінде Қытайдың орны одан да берік. IEA дерегінше, Пекин әлемдік нарықтың 94 пайызына ие.

Қытай бұл саладағы үстемдігін АҚШ-тың сауда қысымына қарсы құрал ретінде пайдаланып отыр. Пекин экспорт тізбегін бақылап, азаматтық салаға тиіспей тек Пентагонға апаратын жеткізу тізбегіне қысым жасап жатыр. Азаматтық саладағы жеткізу тізбегіне араласса, Вашингтонмен қарым-қатынас ушығып кетуі мүмкін, Қытай оған жол бермеуге тырысады.

Қытайдың кеден дерегінше, тамыз айында Қытай АҚШ-қа сирек минерал саналатын тұрақты магниттің 512 тоннасын экспорттаған. Бұл шілде айындағы көлемнен 21 пайызға, былтырғы тамыздағы көлемнен 13 пайызға кем.

Нью-Йорктегі Amvest Terraden Critical Minerals Fund қорының портфельдік менеджері Томаш Надровскидің айтуынша, Си Цзиньпин саммит қарсаңында Қытайдың стратегиялық элементтер нарығындағы үстемдігін пайдаланып, АҚШ-пен ұзақ мерзімді сауда бітіміне қол жеткізуге тырысқан.

"Қытайда АҚШ пен басқа елдерге стратегиялық маңызы бар минералдар жеткізуді реттеуге мүмкіндік беретін өзіндік бір "шүмек" бар: қажет кезде оны ашып, қажет кезде жауып қоя алады" деді ол Азаттыққа берген сұхбатында. "Сауда бітімін екі жылға ұзарту бұл құралдың құнын арттырар еді".

Надровскидің айтуынша, Трамп әкімшілігі екі жылдық бітім жасалған жағдайда "коммерциялық кәсіпорындар да, қорғаныс саласына арналған өнім өндірушілер де босаңсып, жаңа өндірістік қуаттар құрудың қажеті жоқ деп шешуі мүмкін" деп қауіптенген.

"Қорғаныс өнеркәсібіміз бен автомобиль жасау сияқты экономиканың негізгі салаларына қажет ресурстарға қатысты стратегиялық тұрғыдан осал тұстарда АҚШ сыртқы жеткізу көздеріне тәуелді бола алмайды" дейді Вашингтондағы Silverado Policy Accelerator ұйымының стратегиялық маңызы бар жеткізу тізбектері жөніндегі саясат мәселелеріне жауапты вице-президенті Махназ Хан (ханым).

Оның сөзінше, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіскен екі айлық бітім "АҚШ-қа уақыт береді, бірақ осалдықтың түпкі себебін жоймайды".

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық

Стратегиялық маңызы бар минералдар жеткізу бойынша Қытайға тәуелділікті азайтуға тырысқан Трамп әкімшілігі бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Ақ үйдің тамызда жарияланған ақпараттық бюллетенінде 2025 жылғы қаңтардан бері пайдалы қазбаларды өндіру саласында жалпы құны шамамен 40 миллиард доллар болатын 160-тан астам келісімге қол қойылғаны немесе олардың мақұлданғаны айтылған.

Әкімшілік ішкі өндірісті басым бағыт ретінде қарастырғанымен, кейбір жағдайда жобаларды шетелде жүзеге асыру тиімдірек. Мұның вольфрамға да қатысы бар. АҚШ-та бұл металды өндіру 2015 жылдан бері тоқтап тұр.

Вольфрам – әскери мақсатта қолданылатын беріктігі жоғары болатты, аэроғарыш саласына арналған бөлшектерді, оқ-дәрі мен құрлықтағы әскери техникаға арналған сауыттарды өндірудегі маңызды компонент. Тығыздығы жоғары болғандықтан, бұл металл зымырандар мен ұшу аппараттарын тұрақтандыру және басқару жүйелерінде де қолданылады.

Вольфрамның қорғаныс саласындағы маңызы Трамп әкімшілігін Қазақстандағы құны 1,1 миллиард долларлық жобаны қолдауға итермеледі. 2025 жылғы қарашада америкалық Cove Capital компаниясы (қазір Cove Kaz Capital Group деп аталады) мен Қазақстанның мемлекеттік "Тау-Кен Самұрық" тау-кен компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес, тараптар әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірін бірлесіп игермек.

"Қазақстан саналы саяси таңдау жасап, америкалық компанияға басымдық берді. Бұл жобадан Қытай да дәмелі болған деген қауесет бар" деді Азаттыққа Вашингтондағы Caspian Policy Center зерттеу орталығының сарапшысы Ақбота Кәрібаева Мейер.

Оның сөзінше, бұл шешім Қазақстанның ірі державалармен қарым-қатынаста тепе-теңдік сақтап, стратегиялық дербестігін қорғауға бағытталған "көпвекторлы" сыртқы саясатының үлгісі.

Мәміле ресми бекітілгеннен кейін бұрғылау жұмыстары басталып, құрылыс алаңы дайындалды және техникалық-экономикалық негіздеме әзірлене бастады. Алайда толық ауқымды коммерциялық өндіріс іске қосылғанша әлі бірнеше жыл өтеді.

"Қазақстандағы мұндай жобалар өміршең бе? Әрине. Дегенмен субсидиясыз олардың экономикалық тиімділігін негіздеу айтарлықтай қиын" дейді Колорадо тау-кен мектебінің профессоры әрі Стратегиялық маңызы бар материалдар инновациясы орталығы директорының орынбасары Иэн Ланге. "Асылында тау-кен өнеркәсібіне мемлекеттік шығынды шектеп, бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін инвестициялар салынғаны дұрыс".

Трамп әкімшілігі стратегиялық маңызы бар минералдар мәселесінде Өзбекстанмен де жұмыс істеп жатыр.

Ақпанда америкалық Traxys сауда компаниясы Өзбекстан үкіметімен құны бір миллиард доллар болатын келісімге қол қойды. Құжат вольфрам, молибден және мыс кен орындарын барлау мен игеруді көздейді. Бұл келісім Өзбекстан мен АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) арасында стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы ынтымақтастық жөнінде жасалған бөлек келісімді толықтырады.

Бұл салада АҚШ-пен әріптестікті дамыту мүмкіндігі Орталық Азияның өзге елдерінде де бар. Нақтырақ айтқанда, Қырғызстан мен Тәжікстанда сүрме элементінің едәуір қоры бар. Бұл – өрттің таралуын тежейтін материалдарда, қорғасынға арналған қоспа ретінде және жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылатын стратегиялық маңызы бар минерал.

Қыркүйекте АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гор мен Сенаттың Орталық Азия жөніндегі тобына жетекшілік ететін сенатор Стив Дэйнс Бішкекке барған сапарында Қырғызстанның ресми өкілдерімен тау-кен өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты талқылады.

Олар осы сапар аясында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан президенттерімен де кездесті.

АҚШ Орталық Азия елдерінен стратегиялық маңызы бар минералдарды алдыруға қол жеткізу бағытында бірқатар нәтижеге жетіп жатса да, "географиялық факторды, яғни мүмкіндіктерді шектейтін жағдайды ескеру қажет" дейді Ақбота Кәрібаева Мейер.

Оның айтуынша, Қытай Орталық Азияға географиялық тұрғыдан жақын орналасқандықтан, Пекинге "бұл аймақтағы істерге араласуы әлдеқайда оңай".

Қысқа және ұзақ мерзімді қиындықтар

Қысқа мерзімде АҚШ стратегиялық маңызы бар минералдарды алдыруды әртараптандыру жолында елеулі кедергіге тап болып отыр. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Пентагон Қытай, Ресей, Солтүстік Корея және Ираннан шығатын кей металдарды пайдалануға тыйым салмақ. АҚШ бұл елдерді "сырттағы қарсылас" деп санайды.

№14415 атқарушы жарлықта бекітілген бұл тыйым аталған төрт елде өндірілген сирек жер металдарынан жасалған магниттерді, вольфрамды, танталды және молибденді пайдалануға берілетін ерекше рұқсаттардың мүмкіндігін едәуір шектейді.

Енді қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мұндай материалдарды қолдануға олардың арзандығын немесе пайдалануға қолайлылығын сылтау етіп рұқсат ала алмайды. Ерекше рұқсат алу үшін компаниялар балама жеткізу көздерін табу мүмкін емес екенін дәлелдеуге тиіс.

Вашингтонда орналасқан Аэроғарыш өнеркәсібі қауымдастығы (AIA) жақында жариялаған есебінде қауымдастыққа кіретін кейбір компаниялар жаңа талаптарды 1 қаңтарға дейін орындауға үміттенетінін хабарлады. Ал басқаларына бұл үшін 2028 жылға дейін немесе одан да көп уақыт қажет болуы мүмкін. Себебі нарықта белгіленген талаптарға сай, аэроғарыш саласына арналған сападағы материалдар қат.

AIA Трамп әкімшілігіне талаптарды сирек минералдарды жеткізу жолдарының әлеуетіне қарай қоюды және ерекше рұқсат беру ісінде жұмсақтық танытуды ұсынып отыр.

Колорадо тау-кен мектебінің профессоры Лангенің айтуынша, Ақ үй қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына белгілі бір еркіндік беруі мүмкін деп санайды.

Сарапшылардың сөзінше, ұзақ мерзімді перспективада АҚШ күш-жігерін стратегиялық маңызы бар минералдарды өңдеуге бағыттауы керек. Өндірістің ондаған жыл бойы Қытайға көшірілуі реттеуге байланысты шығындардың өсуіне, металлургия саласындағы білікті мамандардың тапшылығына және шикізатты әрі қарай өңдейтін өндірістік қуаттардың жетіспеуіне әкелді.

"Меніңше, жеткізу жолдарын әртараптандыруға ең үлкен кедергі – шикізатты өңдеу мәселесі" деді Азаттыққа Trivium China консалтингтік компаниясының стратегиялық маңызы бар минералдар мен жеткізу тізбектері жөніндегі зерттеушісі Кори Комбс.

"Пайдалы қазбаларды өндіру, әдетте, технологиялық тұрғыдан әлдеқайда жеңіл. Қиыны – өңдеу кезеңі, өйткені шешуші технологиялық білім мен тәжірибе дәл осы жерде шоғырланған. Қытайдың өңдеу қуаттарын ондаған жыл бойы қалыптастыру тәжірибесі бұл міндеттің қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді" дейді ол.

Сарапшы АҚШ-та өндірістік тізбектің аралық кезеңдерінде, яғни шикізатты өңдеу мен дайын өнім шығарудың арасында сұраныстың байқалмай отырғанын атап өтті.

Жобаларды жүзеге асыру мерзімінің ұзақтығын, рұқсат алу қиындықтарын және капиталдың шектеулі болуын ескерсек, сарапшылардың пікірінше, Вашингтонға Қытайға тәуелді емес стратегиялық маңызы бар минералдар жеткізу тізбегін қалыптастыру үшін он жылдан астам уақыт қажет болады.

Ал Пекин осы тәуелділікті сақтап қалуға тырысып отыр. АҚШ Қытайға қарсы қадам ретінде баж салығын көтерумен бірге жасанды интеллектіге қажет жартылай өткізгішті Қытайға экспорттауды шектеу мәселесін де қарастырған. Пекин сирек минерал саласындағы тәуелділікті Вашингтонның осы ықтимал қысымына қарсы қолданғысы келеді.

Әзірге Қытай өз дегенін істеп отыр.

Биыл Трамп әкімшілігі Қытайдың 100-ден астам компаниясын АҚШ Сауда министрлігінің арнайы тізіміне – сауда мен экспорт саласындағы "қара тізімге" енгізу туралы шешімді кейінге қалдырды. Ақ үй бұл қадамға Пекин сирек минералдар экспортын одан қатты шектеп жіберуі мүмкін деп қауіптенгеннен барды.

Қытайдың стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы үстемдігі Тайвань бұғазында дағдарыс туындаған жағдайда Вашингтонның оған араласу мүмкіндігін шектеуі ықтимал.

Қаңтарда жарияланған Heritage Foundation қорының есебінде соғыс басталған жағдайда Қытай экспорттық шектеулерін толық көлемде қару ретінде пайдаланса, АҚШ-та заманауи оқ-дәрі өндіруге қажет минералдар қоры 90 күнге жетпей таусылуы мүмкін екені ескертілген.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG