5 маусымда Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 9 айыпталушыға үкім оқылды. Ең жоғары жаза – 23 жыл.
Сот "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу", "Бұзақылық" баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасылды 23 жыл түрмеге кесті.
Сот үкімі бойынша:
- Равиль Сакиев – 20 жыл;
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл;
- Шыңғыс Белғожаев – 7 жыл;
- Дархан Әскентай – 7 жыл;
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл;
- Дидар Қалиахмет – 7 жыл;
- Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жыл;
Сот кәмелетке толмаған Д.Ысқақты бір жыл 6 ай түрмеге кесті.
Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық өтемақы өндіріп беру туралы өтінішін ішінара қанағаттандырды.
Үкім бойынша Шынасыл Абзалдан жәбірленушілерге - 60 млн теңге, Сакиевтен 30 млн теңге өндіріледі. Бұған қоса, ортақ тәртіппен қалған сотталушылардан (Д.Ысқақтан басқасы) 30 млн теңге өндіріледі.
Сот қылмыстық іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді, Арлан Қазакенов, Юлдаш Рузбакиевтың әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру жөнінде де жеке қаулы шығарды.
Бейсенбі күні үкім оқылғаннан кейін сот ғимаратының іші-сыртында айғай-шу болды. Сотталушылар мен олардың туыстары жылап, айғайлап, шу шығарды. Сотталушылар залдағы әйнекті ұрып, шаға жаздады.
Сотталушылардың туыстары үкімге келіспейді. Олар тергеу тиісті дәрежеде жүргізілген жоқ деп санайды және Шерзат Полаттың әкесіне қарсы арыз түсіретінін айтты. Кейбіріне медициналық көмек қажет болды.
Ал жәбірленуші жақ Шерзат Полаттың өлімі бойынша іс “топ болып адам өлтіру” ретінде қаралуы керек еді деп санайды. Бірақ жалпы алғанда үкіммен келісетіндерін жеткізді.
Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова соттан кейін журналистерге сотталушы жақ әлі қоқан-лоқы жасауын қояр емес деді.
“Қазір сот біткеннің күннің өзінде де олардың ешқандай өкініштері де жоқ. Өзімізге атылып, ата-аналары да атылып, “біз шықпайсыздар деп ойлайсыздар ма?” деп қоқан-лоқы жасап жатыр” деді Перизат Нұрымова
Бұған дейін прокурор Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" баптары бойынша айып тағылған Абзал Шынасылды 23 жылға; "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" айыбы тағылған Равиль Сакиевті – 20 жылға; "қару қолданып бұзақылық жасаған" деп айыпталған Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметті – 7 жылға; "Бұзақылық" айыбы тағылған, бұрын да сотты болған Нұрқияс Ілиясовты – 9 жылға; "Бұзақылық" бабына қоса "телефон ұрлағаны" үшін айыпталып отырған және бұған дейін де сотты болып, жазасын толық өтеп бітпеген Азамат Тоқтаубаевты – 15 жылға қамауды сұраған еді. Ал кәмелетке толмаған Д.-ға қылмыс жайлы хабарламағаны үшін бір жарым жылға бас еркіндігінен айыру жазасын тағайындауды ұсынған.
Судья Ержан Жанұзақов прокурорлар сұраған жазаны берді.
Сот кезінде сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды толық және ішінара мойындамады.
Шерзат Полатты тікелей өлтірген деген айып тағылып отырған Абзал Шынасыл жасөспірімді өлтірген жоқпын деп мәлімдеген. Бұған дейін ол істі сотқа дейін тергеу кезінде қазір сотқа тартылып жатқан басқа қатысушылармен арада жасалған келісім бойынша адам өлтіру қылмысын мойнына алғанын айтқан.
Тоғыз айыпталушының бәрі өздерін қорғаушылардың ұстанымын қолдайтынын айтты. Олардың бірі – адвокат Жұмат Әбенов 2 маусым күнгі отырыста "Нұрымовтың қолындағы пышақ алыс-жұлыс кезінде абайсызда Полатқа қадалған болуы мүмкін деген долбарды да жоққа шығаруға болмайды" деген.
ТЕРГЕУ БОЛЖАМЫ
Тергеу және айыптау нұсқасы бойынша, 2024 жылғы 4 қазанда Қаржаубай Нұрымовтың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге масаң күйде келген Дархан Әскентай мен жасөспірім Шерзат Полаттың арасында жанжал шығып, Полат Әскентайды ұрып жібергеннен кейін ол достарын көмекке шақырып, аяғы жаппай төбелеске ұласқан.
Алыс-жұлыс кезінде 16 жастағы Шерзат Полатқа пышақ жұмсалып, ол құлап түскен. Жанжалға қатысушылар жерде жатқан жасөспірімді теуіп, басынан ұрған. Пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім қансырап, қаза болды. Талдықорғандағы сотта сөйлеген сот-медицина сараптамасының мамандары егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде, жасөспірімді ажалдан аман алып қалуға болар еді деген пікір білдірді.
Шерзаттың қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
Талғардағы бұл қылмыстық оқиға өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін жергілікті бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысындағы елеулі олқылықтары үшін" қызметтен алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күнішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен алынды.
ПІКІРЛЕР