Қазақстанның бірнеше облысында шаруалар егістікте шегіртке қаптап кетті деп дабыл қағып жатыр. Ал осы шегірткелер жайын айтып, ауыл шаруашылығы министрлігін сынап, әлеуметтік желіде бірнеше жазба жариялаған журналист Кирилл Павлов сотқа шақырту алды.
Жетісу облысының Кербұлақ ауданында егістікке шегіртке қаптап , шгаруалар бұрын-соңды мұндай болмаған дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жетісу облысындағы аумақтық инспекциясы жәндік басқа аудандарда да жаппай шыққанын, оларды арнайы техникалармен жойып жатқанын айтқан.
Алматы облысының Ұйғыр ауданында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Мамандар мәселені күннің күрт ысып кетуімен байланыстырады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері шегірткені дәрілеп жатырмыз, он күн кешіксек, орасан зор залал келтіреді дейді.
Қызылорда облысы Арал ауданында да шегіртке құжынады . Шаруалардың дәрілеу жұмысына және ескі техникаларға көңілі толмайды. Мамандар техникаларда ақау шығып жатқанын мойындайды. Аудан бойынша 20 мың гектар аумақта зиянкес жәндіктерді дезинсекциялау жоспарланған. Әкімдік тапсырысын орындайтын мердігер мекеме өкілі жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап үлгереміз деп уәде берген.
Түркістан облысында дихандар күндіз-түні егістік басында жүрміз дейді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік өңірдегі ахуал деп әлеуметтік желіде тараған видеолар ескі, Түркістан мен Жамбыл облыстарында дәрілеу жұмысы 95 пайыз аяқталды деп мәлімдеді. Бірақ мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков 21 мамырдағы мәжіліс отырысында осы аймақтағы ахуал бәрінен қиын деп мәлімдеген.
"Ал Арыс қаласы, Сарыағаш, Келес, Шардара және Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр. Әсіресе, нәсібін жер-анадан терген шаруалардың жағдайы қиын. Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып-қызыл шығынға батары анық" деді депутат.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 11 өңірде итальяндық прус және азиялық шегірткемен күрес жалғасып жатыр. Шегірткемен күрес жұмысына 4,5 мыңнан астам адам, 400-ден астам техника жұмылдырылған. "Қорғаныс шараларында заманауи, тиімді пестицидтер қолданылды" дейді министрлік.
ШЕГІРТКЕ МӘСЕЛЕСІН ҚОЗҒАҒАН АГРОБЛОГЕРДІ СОТҚА ШАҚЫРТУ
Әлеуметтік желіде шегірткелер мәселесін көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігін сынаған журналист, агроблогер Кирилл Павлов сотқа шақырту алды. Себебі ауыл шаруашылық министрлігі оның үстінен "жалған ақпарат таратты" деп арызданған. Павлов бұл істі кәсіби қызметіне кедергі келтіру ретінде бағалап отыр.
Азаттық радиосы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына келген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлынан министрлік Павловтың нақты қай сөзін жалған деп есептейтінін сұрады .
Вице-министр биыл шегірткенің болжалды таралу аумағы 2,1 млн екенін, бұл былтырғыдан 1 млн гектарға аз екенін, ал Кирилл Павлов шегірткенің таралу аумағы 5 млн гектар деп айтқан.
"Біз бұл ақпаратқа келіспейміз" деді ол.
Әлеуметтік желіде шегіртке мәселесіне бірнеше жазба арнаған Павлов Facebook платформасында 25 сәуір күні жарияланған сөзінде : "Ауыл шаруашылығы министрлігі оптимизмге бәс тікті. Болжам: "Шегіртке 2,1 млн гектарды қамтиды". Бәлкім ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткені былтыр жеңіп тастадық деп ойлайтын шығар. Бірақ тәуелсіз бағалау бойынша, бір Жамбыл облысының өзінде морокколық шегіртке 3,5 млн гектарды қамтуы мүмкін. Бұдан бөлек азиялық шегіртке және италиялық прус бар" деді.
Кирилл Павловтың шегіртке туралы кейінгі жазбаларында да осы аумақ мәселесі дауланған. Азаттық журналистің өзінен сұхбат алып, мәселенің мән-жайын сұрады.
– Кирилл, сіздің үстіңізден сотқа арыз түскенін қалай білдіңіз?
– 20 мамыр күні маған полиция қызметкері хабарласып, кездесуге келуім керек екенін айтты. Не болғанын сұрадым. Ол түсініксіздеу сөйледі, бірақ ақыры "бұл жалған ақпарат тарату, яғни қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша" деді. Бірақ сол күні тіс жұлдырып, имплант салдыртып, кездесуге бара алмадым. Оларға жағдайды түсіндіріп, келесі күні кездесуді ұсындым. Бірақ түнгі сағат 00:00-де үйіме полиция келіп, 456-баптың 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша "әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату" бойынша хаттама толтырды. Әрине, хаттамаға қол қоймадым. Себебі мен ешқашан жалған ақпарат таратқан жоқпын. Оған дейін маған ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты фитосанитарлық қауіпсіздік орталығынан ескерту хат келген. Онда мен "шегірткенің таралу аймағына қатысты жалған ақпарат таратқаным" жазылған және олар менен жазбамды өзгертуді не жоюды талап еткен. Мен мұны журналистке қысым деп бағалап, бас прокуратураға арыз жаздым. Бірақ әлгі арыз қайтадан ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберіліпті. Неге олай болғаны белгісіз Содан соң осындай іс қозғалды. Бірақ олар қандай ақпараттың нақты жалған екенін түсіндірмейді. Мен өз есебімді көрсетуге дайынмын. Ал қарсы тарап соған дайын ба – белгісіз. Қазірге дейін сот отырысы болған жоқ. Бір күнде хаттама толтырып, сотқа жіберген жылдамдығы күдікті. Қалай болғанда да адвокатымызбен бұл шағымды даулаймыз, біраз жайттарды басы ашылады деп ойлаймын. Өйткені процесс кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі дәлел келтіруге мәжбүр болады.
– Сіз талап арызды көрдіңіз бе? Министрлік нақты қандай ақпаратты жалған деп санайды?
– Егер бұл қылмыстық іс болса, танысатын едім. Бірақ бұл әкімшілік іс болған соң, маған арызды көрсеткен жоқ. Сотта белгілі болады. Бұған дейін маған шегірткенің таралу аймағын асыра көбейтіп көрсеттің деген мазмұнда хабарлама жіберген. Бірақ олардың алдыңғы жарияланымдарын қарасақ, кейбір деректер менікінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Шегірткенің таралу аймағы, өңделетін жер көлемі және індет ошағы деген үш түрлі ұғым. Оларды шатастыруға болмайды.
– Яғни, сіз олар қандай деректерге шүйліккенін біліп отырсыз ба?
– Иә, бірақ олар шағымдарын қалай дәлелдейтінін түсінбеймін. Себебі біз бұл деректерді өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Бәрі сол министрліктің өзінен алынған мәліметтерге сүйеніп есептелген. Яғни, олар өздерінің мәліметтеріне өздері қарсы шығып отыр.
– Министрлік сотқа дейін сізбен байланысып, постты жою немесе түзету туралы өтініш айтты ма?
– Иә, фитосанитарлық қауіпсіздік орталығынан ескерту келді. Онда "сіз дұрыс емес ақпарат тараттыңыз, жойыңыз немесе түзетіңіз, әйтпесе сотқа береміз" деп жазылған. Бірақ ненің жалған екенін түсіндірмеді. Мен сұрау салып, сұрақтарымды жібердім. Алайда сырғытпа жауап беріп, қосымша деректерді алу үшін порталға сілтепті. Ал ол портал жабық, оған кіруге логин/құпия сөз жоқ. Шағымданып едім, әрең дегенде кейінгі бірнеше жылғы карталарды жіберіпті. Бірақ мен нақты сұрақтар жібергенмін, оған нақты жауап жоқ.
– Қазіргі уақытта Қазақстандағы шегіртке мәселесі қаншалықты күрделі? Шығын көлемі қандай?
– Әзірге шығын туралы тек болжай аламыз. Қазір тек оңтүстік өңірлерде, мысалы, Шардара ауданында бірлі-екілі ошақтар байқалады. Менің ойымша, Жамбыл облысында да жағдай ушығуы мүмкін, себебі биыл шегіртке үшін өте қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Өткен жылы да олар ұшып кетуге дайын тұрған, бірақ жайылым көп, шөп қалың болғандықтан, олар қозғалмады. Азығы жеткілікті болса қайда барсын. Ал биыл олар қоректенетін биомасса аз, тауларда қар аз, су аз, температура жоғары – бұл шегірткелер үшін ең қолайлы жағдай. Шегіртке – өте ерекше тіршілік иесі. Олар ұжымдық санамен әрекет етеді. Бұл бұрыннан белгілі. Ұшуға көтерілген кезде олар бір организм ретінде қозғалады. Мысалы, бұрын шаруалар егістікті өртеп қорғанған кездері, шегіртке арасындағы ересектерін сол өртті сөндіруге жіберетін болған. Мұндай мінез бен әрекет азық жетіспеген кезде ғана байқалады. Биыл маусым көрсететін сияқты.
– Сіз басқа өңірлердегі фермерлермен сөйлестіңіз бе? Олар не дейді? Қандай қауіп бар, алғашқы белгілер байқалды ма?
– Өкінішке қарай, фермерлердің үміті үзілген. Олар енді үкіметтен көмек күтпейді. Барлығы өз бетімен әрекет етуге үйренген. Дәрі-дәрмек сатып алып, өздері шашып, заласыздандыруды жоспарлап отыр. Кімнің мүмкіндігі бар – солар дайындалып жатыр, кімнің мүмкіндігі жоқ – олар "Құдай сақтасын" деп оыр. Бізде, жалпы, ауыл шаруашылығында "Құдай сақтасын" деген сөз – сақтандырудың баламасы. Өйткені өзге ештеңе көмектеспейді.
– Сіздіңше мемлекеттік органдар шегірткенің таралуын болжау мен бақылауда қандай қателікке жол беріп отыр?
– Бұл жерде екі тәсіл бар. Біріншісі – бюджетті игеру. Екіншісі – нақты қай жерде шегіртке бар екенін анықтап, проблеманы жою. Бірінші тәсілде – әдемі есеп беріп, фото-видео көрсетеді. Ал екіншісінде – ұзақмерзімді, ауыр жұмыс істеу керек, алыс жерлерге барып, спутниктік жүйелерімен зерттеулерді қажет етеді. Одан "алақай" деп есеп беретіндей фото шықпайды. Бұл – жүйелі, табанды әрі кәсіби жұмыс.
– Сіздіңше шегірткемен күрестің тиімді жолы қандай? Олардың таралуын азайту үшін ауыл шаруашылығы министрлігі не істеуі қажет?
– Барлық өркениетті елдерде мұндай жұмыстар нарыққа берілген. Лицензиясы бар компаниялар конкурс арқылы таңдалады. Олар шегірткені улаған болса – келесі жылы сол жерден шегіртке шықпауы керек. Егер шықса, жауап беруге тиіс. 8 миллиард теңге деген аз ақша емес екенін мойындауымыз керек. Ал бізде, шегірткемен күресуге жауапты комитеттің басшысы жарты жыл жұмыс істемей жатып, парамен ұсталып жатса күдік күшейетіні анық. Мұны бақылау да оңай емес, мәселен, нақты қай жерді өңдегені, онда қандай препарат қолданғанын, қанша мөлшерде қолданғанын анықтау мүмкін емес. Миллион гектарды қалай тексермексіз? Өңделді деген жерде көп ұзамай шегіртке қайта шықса, бұл нені білдіреді? Дұрыс өңделмеген шығар, қалай ойлайсыз? Біз жыл сайын миллиардтап ақша жұмсаймыз. Бірақ шегіртке жылдан-жылға көбейіп барады. Ал есептерде – тек жеңістер. Егер біз оны жеңдік десек, неге ол келесі жылы былтырғыдан да көп болып шығады?
ПІКІРЛЕР