Сенат депутаттары қаңғыбас жануарлар туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, мәжіліске қайтарды. Олар қаңғыбас жануарларды ұстағаннан кейін бес күннен соң эвтаназия қолдану туралы норманы алып тастауды ұсынады. Есесіне қаңғырған жануарлардың санын реттеу тәртібін әрбір аймақтың мәслихаты өзі шешуі керек деп санайды.
Бұған қоса, 15-баптан "эвтаназия" терминін алып тастау, қаңғыбас жануар деп чип қана емес, бірінші кезекте иесі жоқ жануарларды атау ұсынылып отыр. Олардың сөзінше, талқылау кезінде сенатқа азаматтардан 300-ден астам шағым-ұсыныс түскен.
Сенат депутаттарының айтуынша, үй жануарларын қысқа уақытта чиптеуді міндеттеу қиын болуы мүмкін, әсіресе ауылдық жерлерде мүмкіндік шектеулі.
Бұған дейін қазақстандық жануар құқығын қорғаушылар заң жобасындағы эвтаназия туралы нормаға қарсылық білдіріп, петиция жариялаған. Петиция авторлары мұндай түзетулерді қабылдамауды, сонымен қатар құқық, ветеринария, экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген балама заң жобасын қарауды сұраған. "Стоп отлов" қорының жетекшісі Мария Гребенкина мұндай шаралар қаңғыбас жануарлар мәселесін шешпейді және өкілетті асыра пайдалану қаупін тудыруы мүмкін деп санайды.
Сәуір айында заң жобасы мәжілісте талқыланған кезде төменгі палата депутаты Магеррам Магеррамов иттерді міндетті тіркеу мен олардың иелеріне салық салуды ұсынған. Оның сөзінше, салық көлемі жануардың түріне байланысты.
Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин және қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ит иелеріне салық салудың тиімділігіне күмән келтірген, бұл азаматтарды жануарларынан бас тартуға мәжбүрлеуі мүмкін екенін де айтқан.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданған.
Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді. Заңда қаңғыған иттің иесі бес күнде табылмаса, онда ол зарарсыздандырылып, панажайға немесе табиғатқа жіберілетіні жазылған. Заң қаңғыған иттерді егер олар айналаға қауіп төндірмесе, жоюға тыйым салады.