2023 жылғы парламент сайлауында бір мандатты округтен шыққан тәуелсіз кандидаттар "биліктің зәресін ұшырды" дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев. Өйткені олар билік өкілдеріне елеулі бәсекелес болып қана қоймай, сайлау кезіндегі заңбұзушылықтар әшкерелеген, ол туралы көпке ашық айтқан және бұл жағдай билікке ұнамай қалған. Азаттық сарапшыдан сұхбат алып, Қазақстан президентінің пропорционалды сайлау жүйесіне ауысу туралы ұсынысын талқылады.
БІРМАНДАТТЫЛАР БИЛІКТІҢ ЗӘРЕСІН ҰШЫРДЫ
– Осыдан екі жыл ғана бұрын енгізілген бірмандатты округтер арқылы сайлау жүйесі билікке енді неге қажетсіз болып қалды?
– Шындығына келгенде, кейінгі парламент сайлауында бірмандаттылар биліктің зәресін ұшырды. Себебі нақ сол бірмандатты округтерден шыққан тәуелсіз кандидаттар билікшіл кандидаттарға айтарлықтай бәсекелеске айналды. Екіншіден, сайлау қалай өткенін, дауыс санау барысындағы қандай заңбұзушылықтар болғанын айтып, үлкен ақпараттық резонанс жасаған да дәл солар. Бұл, әрине, билікке ұнамайды. Өйткені 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билік бақылау мен қысымды күшейтіп, билік транзитіне дайындалып жатқанын байқап отырмыз. Тіпті бірпалаталы парламент құру туралы шешімді де осы саясаттың контексінде қарастыру керек.
Себебі "Егер бұл мәселеге шынымен байыппен қараған болсаңыздар, неге оны 2022 жылы жасамадыңыздар?" деген ең басты сұрақ туады. Сол кезде референдум өткізіліп, Конституцияға өзгерістер енгізілген еді. Ендеше неге сол жылы бірпалаталы парламент құруды ұсынбадыңыздар? Демек, ол кезде билік әлі Тоқаевтың билікте отыру уақытын ұзарту не болмаса жаңа бірпалаталы парламенттің спикері Конституцияға сәйкес, президенттен кейінгі екінші тұлға болып саналатын жаңа саяси конфигурация құру үшін қандай саяси схема ойлап табу жөнінде бір тоқетер шешімге келмеген болуы мүмкін.
Сондықтан қазір биліктің ең басты мақсаты – саяси алаңды да, ақпараттық алаңды да тазарту. Кейінгі екі жыл бойы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, олар алдағы парламент сайлауын "тазартылған алаңда" өткізгісі келеді. Сайлаудың өзін де барынша бақылаудан шығармай өткізбек. Олардың ойынша, мұндайда бірмандаттылар сияқты "қиындықтар" болмайды. Оның үстіне, Қазақстандағы саяси партиялардың басым көпшілігі – билікшіл партиялар. Сондықтан егер жаңа парламент тек партиялық тізім бойынша ғана жасақталатын болса, онда дауысын партияға емес, бірмандатты округтен түскен кандидатқа бергісі келетін сайлаушылардың конституциялық құқығы бұзылады.
ПРОПОРЦИЯЛЫҚ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ
– Парламентті тек партиялық тізімдер бойынша жасақтаудың артықшылығы мен кемшіліктері қандай болуы мүмкін?
Шын мәнінде сенаттың айтарлықтай саяси функциясы болған жоқ, ол тек белгілі бір тежегіш рөлін атқарды.
– Ең қызығы, өзіміз бірпалаталы парламент құруды көп жылдан бері жақтап келдік. Өйткені 1995 жылдан кейін [Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев құрған екіпалаталы парламентті де, сенатты да әу бастан жасанды құрылым деп санадық. Шын мәнінде сенаттың айтарлықтай саяси функциясы болған жоқ, ол тек белгілі бір тежегіш рөлін атқарды. Сондай-ақ ол әзірге қолайлы қызмет табылмаған шенеуніктер уақытша қонақтай тұратын транзит аймағы сынды болды.
Сенат тіпті өңірлердің сөзін сөйлейтін орган да болған жоқ. Әрине, формалды түрде сенатта өңірлер өкілі болып отырды, бірақ іс жүзінде ол мұндай функция атқарған жоқ. Яғни бұл құрылым әу бастан жасанды болды. Алайда біз бірпалаталы парламент жайлы айтқан кезде пропорционалды-мажоритарлық жүйе құруды жақтадық. Яғни, тым болмағанда 50/50 болсын, оның ішінде бірмандаттылар да болсын дедік.
Екіншіден, біз бірпалаталы парламент құру жайлы ұсыныстарды сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды либералдандыру контексінде айтқан едік.
Яғни бұл процесс ашық, айқын, бәсекелі болсын дедік. Әкімшілік немесе мемлекеттік органдардың қай партияны тіркеп, қайсысын тіркемей қоюды өз бетінше шешуге мүмкіндігі болмасын дегенбіз. Қазір бұл салада "көлеңкелі" тұстар өте көп: олар кімге рұқсат беріп, кімге бермеуді өздері ғана шешеді. Біз дәл осыған байланысты парламенттік реформаны сайлау жүйесін және партиялық жүйені реформалаудан бөлек қарастыруға болмайды деген едік. Ал олар болса қазір парламенттік өзгерістерді қолданыстағы авторитарлық жүйе аясында жай ғана өткізгісі келетінін айтып отыр. Яғни парламент мейлі қанша палаталы болсын, айтарлықтай айырмашылық болмайды, бәз баяғыдай бақылауда қала бермек.
Сондықтан олардың қазіргі жариялап отырғаны – кезекті саяси технология. Бұл бәрінен бұрын қолдағы биліктен айырылмай, неғұрлым ұзағырақ отыруды көздейді. Өйткені "патшаны маңайындағыларға қарап танимыз" ғой. Қаңтардан кейінгі үш жылда президенттің төңірегінде қалыптасып үлгерген белгілі бір топтар оның биліктен кеткенін қаламайды. Бәлкім олар билікке таласуға дайындалып жатқан да болар. Олар үшін ең бастысы – өз қауіпсіздігі, олар өз басын арашалап қалуды жақсы меңгерген. Сондықтан дәл қазір солар түрлі схемаларды, бір жағынан, президенттің беделіне нұқсан келтірмейтіндей етіп, яғни Назарбаевша тура бетке былш еткізбей, билікте ұзағырақ қалу жолын табуды ойластырып жатқан болуы да мүмкін. Назарбаевтың "қәнеки, менің өкілетімді тағы 20 жылға ұзартып жіберейік" немесе "Конституцияға тағы өзгеріс енгізейік, онда 7 жыл емес, екі рет бес жылдан болсын" деп жасағаны есіңізде ме? Бұл жерде маңызды жайт бар.
Мен әзірге гипотеза ретінде сондай сценарий айтқан едім, бірақ іс жүзінде қалай боларын, референдум кезінде парламенттік реформа туралы мәселе ғана бола ма, әлде олар у-шуды пайдаланып, соның тасасында тағы бірдеңені өткізіп жібере ме, оны білмейміз ғой. АЭС жөніндегі референдум секілді болуы мүмкін. Басында олар "тек бір атом электр станциясын салу мәселесін референдумге шығарамыз" деді. Ал кейін: "Егер біреуін құптасаңдар, онда Қазақстанда тағы елу АЭС салуға да рұқсат бергендеріңіз" деген сыңайда, алаяқтыққа ұқсайтын тәсіл қолданды. Сондықтан дәл осы жолы да сондайды жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Өйткені референдумның өзі – парламент реформасынан бөлек қосымша басқа нәрселерді де өткізіп жіберуге ыңғайлы мүмкіндік береді. Бұл жағдайды мұқият бақылайық, сосын оқиға қай бағытқа қарай өрбитінін көреміз.
– Мұндай модель саяси бәсекелестікке және азаматтардың мүддесін қорғайтын шынайы өкілеттікке ықпал ете ала ма?
– Әрине, жоқ. Бірақ мынаны түсінген жөн: әлемде қос палаталы да, бір палаталы да парламенттер бар. Алайда функциялық ерекшелігі соларды қандай саяси жүйе құрғанына ғана байланысты. Демократиялық жүйелерде қос палаталы да, бір палаталы да парламенттер жұмыс істей береді және өкілді орган қызметін атқара береді. Ал авторитар жүйелерде парламент әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олар өкілді орган емес. Себебі олардағы авторитар саяси жүйенің өзі билікті саяси монополия орнатып, парламентті бақылауда ұстауға міндеттейді.
Сондықтан саяси жүйені өзгертпей және басқа салаларды либералды жасамай тұрып тек парламенттік реформа өткізу – ескі көліктің тек бір дөңгелегін ауыстырғанмен бірдей. Мысалы, оның моторын ауыстырмай, жалпы техникалық тұрғыдан жаңартпай, тек бір дөңгелегін ауыстырып, "міне, біз жаңа көлік жасадық" деу – ақымақтық әрі ол күлкілі көрінеді.
Сол себепті менің ойымша, мұнда азаматтардың сайлау құқықтары белгілі бір деңгейде шектелетін болады. Өйткені тәуелсіз кандидаттарға дауыс бергісі келетін әрі партияларға сенбейтін адамдар енді ондай мүмкіндіктен айырылады. Енді мәселе партия басшыларының қолында болады, олар партиялық тізімдерді президент әкімшілігімен келісіп түзеді. Ал партиялық тізім дегеніміз – өте жабық тізімдер. Яғни кандидаттар туралы мәселе енді ашық түрде емес, оңаша түрде шешілетін болады. Парламентке кім өтеді? Яғни парламенттік сайлауда озды деп жарияланған партиялар, дәлірек айтсақ, олардың басшылығы жоғары жақпен келісіп, партиялық тізіммен парламентке кімдер өтетінін өздері анықтайтын болады. Ал көптеген сайлаушылар ол адамдарды мүлде танымайды да, кім екенін де білмейді. Өйткені олардың орнына шешім қабылданып қойған. "Сіздер партияға дауыс бердіңіздер ғой, енді нақты депутат кім болатынын өзіміз шешеміз" дегендей. Бұл бәсекеге қабілетті немесе қызықты жаңа саясаткерлер пайда болу мүмкіндігін одан сайын азайтатыны даусыз.
ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ ЖӘНЕ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ
– Парламентті тек партиялық тізім бойынша жасақтау – Қазақстанда ешбір партияны қолдамайтын және партия қызметіне қатыспайтын миллиондаған адамның құқықтарын шектеу емес пе?
Партиялық жүйесі мықты мемлекеттерде партия дегеніңіз – нағыз кадрлар ұстаханасы.
– Егер бізде саяси партиялар классикалық форматтағыдай бәсекеге қабілетті болғанда, олар да көптің көңілінен шығатын саясаткерлердің мықты тобын қалыптастырар еді. Басқа елдердің тәжірибесі де соны көрсетіп отыр. Партиялық жүйесі мықты мемлекеттерде партия дегеніңіз – нағыз кадрлар ұстаханасы, сол жерден халық дауыс беруге дайын беделді саясаткерлер шығады.
Ал Қазақстанда ондай партияларды құруға құлық жоқ. Енді бір мандатты округтерді алып тастағалы жатыр. Сөйтіп біздің саяси алаңымыз одан сайын тарылып, одан әрі бірсарынды болмақ. Өйткені ол толығымен басқарылатын алаңға айналады. Ал билік тосынсый болғанын ұнатпайды, ондайды көргісі келмейді. Сондықтан бұл қадам саяси партияларға сенбейтін, бірақ өзіне таныс, сенетін немесе сенгісі келетін нақты бір кандидатқа дауыс беруге дайын қазақстандықтардың құқығын шектейді.
Қазақстанда партияға кірмеген, бірақ жеке тұлға ретінде белгілі саясаткерлерге деген сенім бар, әрі ол айтарлықтай күшті ресурс екенін кейінгі парламент сайлауында көрдік. Партиялық тізім бойынша парламент жасақтау деген жаман нәрсе емес. Оның бәрі қандай партияларға болатынына, қандай парламент қалыптасатынына байланысты. Ал біздегі жағдайда мұның бәрі, әрине, "минус" белгісімен жүреді. Сол себепті адамдар көбірек өзіне белгілі, өз қаласының, өңірінің, ауыл-аймағының өкілі болған нақты адамдарға дауыс бергісі келеді. Меніңше, билік дәл осы маңызды факторды алып тастағысы келіп отыр.
– Тоқаевтың жолдауынан кейін мәжіліс депутаты Азат Перуашев "депутат қанша мықты болғанымен, оны қолдайтын командасы бірге болғаны жақсы. Оның командасы – партия. Сондықтан парламентке партиялық тізіммен өту – дұрыс шешім" деген еді. Бұл демократияға сай бола ма деген сұраққа "иә" деп жауап қатты. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бәрі де шынайы саяси бәсекеге тіреледі. Шын мәнінде солай. Қазіргі парламентке қарасақ, оның мүлде демократиялық еместігін көреміз. Сонда ең белсенді кім? Бірнеше адам ғана бар және олар – бір мандатты округтен өткендер. Яғни сұрақ қойып, электоратпен жұмыс істеуге тырысатындар да солар. Ал партиялардың өкілдерінің көбі тілі жоқтай үнсіз отыра береді. Сондықтан мәселе парламент партиялық тізіммен бола ма, 50/50 жолымен бе, әлде бір мандатты ма – мәселе оған тірелмейді.
Мәселе – ережелердің өзінде, саяси жүйенің қалай құрылғанында жатыр. Мысалы, Тоқаев шығып: "Жігіттер, ойланып-толғандым да, парламенттің қажеті жоқ деп ұйғардым" десе, парламенттегі билікшіл депутаттардың көбі: "Біз де баяғыдан соны айтып жүрміз ғой. Шын мәнінде парламенттің керегі жоқ" деп шығар еді. Назарбаев парламентті неше рет таратқаны есіңізде ме? Кейде тіпті депутаттардың өзі: "Парламент дұрыс жұмыс істемей жатыр" деп бастама көтеретін.
Әр жолы жоғарыдан нұсқау түскенде депутаттар бірден бас изеп, қолдады. Ешкім қарсы шыққан жоқ, ешкім оның бұрыс екенін айтпады. Сондықтан қазір "қандай парламент тиімді?" деп көп айтуға болады, бірақ мәселе – парламенттің нақты қандай функциялары мен өкілеттігі барында. Ол жаңа өкілетке ие бола ма, тәуелсіз бола ала ма, мысалы, парламенттік тергеу жүргізе ме, қаржы шығындарын қатаң бақылай ала ма? Қағаз жүзінде бар, бірақ іс жүзіне келгенде бәрі тілін жұтып қойғандай, үстінен түскен бюджеттерді еш қарсылықсыз мақұлдай береді. Сондықтан жалпыдан бастап, жекеге көшу керек.
Ал егер саяси жүйе бәсекесіз, авторитарлы болса, егер тежемелі әрі тепе-теңдік жүйесі жоқ болса, президенттік билік бәрінен үстем тұрса, онда парламент қандай форматта болмасын – қос палаталы ма, бір палаталы ма, – бәрібір ол тек басқарылатын институт қана болады. Оның міндеті – халықтың өкілі болу емес, жоғарыда қабылданған шешімдерді заңдастырып отыру ғана болмақ.
БІРМАНДАТТЫ ОКРУГТЕР АРҚЫЛЫ САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТТАР
– Бірмандатты округтер арқылы парламентке өткен депутаттар несімен есте қалды? Олар өз сайлаушыларының мүддесін қорғай алды ма?
Бізде қиып өтуге болмайтын белгілі бір "қызыл сызықтар" бар, парламентте де солай – ешкім ол шектен аспайды.
– Бір мандатты округтен сайланған депутаттар негізінен жергілікті сипаттағы мәселелерді көтеруге тиіс болды. Парламентте отырғандардың ешбірі бүкіл саяси жүйені өзгерту туралы мәселе қозғаған жоқ. Ал ондайды әдетте парламентте отырған оппозициялық кандидаттар көтереді, олар үкіметті де, әкімдерді де, шенеуніктерді де, тіпті президентті де қатты сынайды. Бұл – маңызды жайт.
Бізде егер біреу біреуді сынаса, ол көбіне премьер-министрді немесе министрлерді сынаумен шектеледі. Бірақ бұл да саяси технологияның бір бөлігі, себебі Назарбаев тұсында қалыптасқан "патша жақсы, тек уәзірлері нашар" деген ыңғайлы бір әдіс болды. Протестік көңіл-күйді президентке емес, шенеуніктерге бағыттау керек болды. Сіз оларды сынай аласыз, сұрақ қоя аласыз, бірақ тыйым бар, әсіресе саясатқа келгенде. Барлығы бақылау астында отыр. Мейлі президент туралы айт, мейлі премьер-министр немесе басқа біреуді сына – бәрін мұқият тексереді. Түсінесіз ғой? Бізде қиып өтуге болмайтын белгілі бір "қызыл сызықтар" бар, парламентте де солай – ешкім ол шектен аспайды. Яғни оларға "шеңберден шықпай ойнауға" мүмкіндік береді: міне, жолдастар, мына кеңістікте қалағандарыңды істеңдер, бірақ одан арыға бармаңдар дейді.
– Осындай реформалар азаматтық қоғамның дамуына және парламентке деген сеніміне қалай әсер етуі мүмкін?
– Дәл осы жерде өте маңызды бір жайт бар. Мәселені кеңірек қарау керек. Бұл тек парламентке немесе сайлау жүйесіне қатысты емес. Жалпы, мен жаңа ғана айтқан жолдауды шартты түрде "жолдаудың тоңазытқышпен шайқасы" деп атадым. Жолдауда жасанды интеллект туралы да, түрлі бастамалар жайлы да айтуға болады, бірақ адам үйіне келіп, тоңазытқышын ашқанда, ішінде азық-түлік азайғанын, баға қымбаттағанын, жалақысы бұрынғыдан төмен екенін көргенде, оны ештеңе сендіре алмайды. Қай кезде де телевизорды да, басқа насихатты да тоңазытқыш жеңеді. Бұл – маңызды мәселе.
Сонымен қатар, билік кейінгі бір жарым жылда шағын және орта бизнеске, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қаржылай қысымды күшейтіп отыр. Бұрын кейінгі 30 жылда халықтың үлкен бөлігі саясаттан тыс өмір сүріп келді: "біз саясатқа араласпаймыз, сендер де бізге кедергі жасамаңдар" дегендей. Нарықта жұмыс істеп, шағын бизнеспен айналысып, отбасын асырап отырған еді. Енді биліктің өзі осы сегментке қысым жасап, сол баяғы жартылай лоялды қатынасты шайқалтып отыр. Осылайша, тиімсіз әлеуметтік-экономикалық бастамалар қоғамда жаңа әрі қуатты наразы көңіл-күй тудырады.
Көпшілік үшін қандай парламент болатыны маңызды емес. Олардың саясаттан баяғыдан көңілі қалған, сайлауға да бармайды. Бірақ саяси жүйеге деген көзқарасын әлеуметтік-экономикалық факторлар арқылы бағалайды. Яғни инфляциямен күрес қаншалықты нәтижелі болады, жалақы өсе ме, балаларға жақсы білім беруге мүмкіндік бар ма – міне, осының бәрі шешуші фактор. Бұл – Маслоу пирамидасына тірелетін нәрсе: адамның алдымен базалық қажеттіліктері өтелуі керек. Ал Қазақстанда көп адамның базалық қажеттілігі өтелмей тұр.
Сондықтан Тоқаев бұл жолы алғаш рет инфляцияға көбірек мән берді. Бұрын ол жай ғана үстірт айтылатын. Қазірдің өзінде билік инфляция – кедейлерге салынған салық екенін түсіне бастады. Ол жылдам өсіп жатыр, ал халықтың табысы болса керісінше, құнсызданып барады. Бірақ билік мұны тоқтата алмайды, өйткені оларда ең басты нәрсе – нақты әрі айқын экономикалық бағдарлама жоқ.
Олар тек макроэкономикамен айналысқанды ұнатады: мысалы, 2029 жылы жалпы ішкі өнім 450 миллиард долларға жетеді дейді. Бірақ микроэкономиканы, халықтың нақты тұрмыс жағдайын ескермесе, бұл да Назарбаев кезіндегідей тығырыққа тірейді. Шенеуніктерге ірі жобалар ұнайды: жаңа министрліктер, жаңа кабинеттер, жаңа тақтайшалар. Бұл – олардың арманы деуге болады.
Сондықтан мемлекет аппараты өз әлемінде өмір сүріп жатыр, жаңа схемалар ойлап табады, саяси технологиямен айналысады, ал қоғамның өз шындығы өз ішінде қалып отыр. Бірақ олар қоғамды тым бағаламай отыр: қазір халық ақпараттық кеңістікте белсенді, билікшіл телеарналарды немесе блогерлерді тыңдамайды. Олар әртүрлі арналардан құрастырып, елде шын мәнінде не болып жатқанын түсініп отыр. Ал елде болып жатқаны – кезінде оларға уәде етілген нәрсе емес, әсіресе Қаңтардан кейін айтылған уәде орындалған жоқ.