Accessibility links

Салтанат Нүкенованың өлімін жасырды деп сотталған Бақытжан Байжанов бостандыққа шықты

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (арғы жақта) пен оның немере інісі Бақытжан Байжанов (берірек отыр) сот процесі кезінде. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (арғы жақта) пен оның немере інісі Бақытжан Байжанов (берірек отыр) сот процесі кезінде. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың атышулы өліміне байланысты "қылмысты жасырған" деген айыппен сотталған Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты. Мұны оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев айтты деп жазды Kursiv басылымы.

"Бүгін өткен сот отырысында Степногорск қалалық соты Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасап, оны дереу босатуды бұйырды. Оның жазасының өтелмеген бөлігі үш айдан сәл асады. Бақытжан бүгін отбасына оралады", - деген адвокат 22 шілдеде.

Басылымның жазуынша, сот шешім қабылдаған кезде жаза өтеушінің мінез-құлқы жақсы деген түзеу мекемесінің берген анықтамасына сүйенген. Түрме әкімшілігі Байжановтың тәртібін бірінші дәрежелі деп бағалап, екі мақтау қағазы барын және сот үкімі бойынша берілген талаптардың толық қанағаттандырылғанын атап көрсеткен. Прокурор Байжановты босатуды қолдаған.

Бақытжан Байжанов - бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың немере інісі. 2024 жылдың мамыр айында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Бишімбаевқа 24 жылға бостандығынан айыру жазасын кескен. Ол азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіріп, азаптағаны үшін кінәлі деп танылған.

Сот Байжановты қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бостандығынан айырған.

Салтанат Нүкенованың кісі қолынан қаза табуы Қазақстанда қоғамында да, халықаралық деңгейде де миллиондаған адамның назарын аударған резонансты іс болды. Сот процесінен кейін фемицид пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірнеше наразылық акциясы өтті. Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтетін заң қабылдаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG