Accessibility links

Британдық Ақтөбеге жер аударылған әжесі туралы зерттеп жүр


Майкл Даниэль Сагатис
Майкл Даниэль Сагатис

Үш жыл бұрын британдық Майкл Даниэль Сагатис 1940 жылы Батыс Белоруссиядан Қазақстанға депортацияланған үлкен нағашы әжесінің ескі хаттарын тауып алған. Әжесінің ұлты – поляк. Өз отбасының тарихын зерттеу үшін ол бірнеше елді аралаған әрі оны медиажобаға айналдырған.

Сагатис Лондонда дүниеге келген, бірақ 10 жасында оның отбасы Уэльске көшіп барған. Университетте тарих және философия бөлімінде оқыған. Кейін құрылыс саласындағы бизнеске бет бұрған. Сагатис 2015 жылдан бері өз әулетінің тарихын зерттеп жүр. Үш жыл бұрын туыс апайы қайтыс болып, әкесі екеуі ол кісіден қалған заттарды қарап шығуды ұйғарған. Соның арасынан нағашы әжесі Юзефа Буйдова ескі поляк тілінде жазған 20 хатты тауып алған. Сагатис Юзефа Буйдоваға жиеншар болып келеді.

1940 жылы сәуірде оны Белоруссияның 1939 жылы СССР құрамына кірген бөлігі - поляктардың байырғы атамекенінен Қазақстанға депортациялаған. Буйдованың жасы сол кездің өзінде 76-да болған. Совет үкіметі поляктарды шекара маңы аймақтарынан "сенімсіз элементтерді" көшіру бағдарламасы аясында жер аударған. Қазір поляктардың мәжбүрлі қоныс аударуы - совет үкіметі жүргізген саяси репрессиялардың бірі деп танылған. Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Майкл Сагатис өзінің жобасы туралы айтып берді.

– Іздеу жұмыстарын неден бастадыңыз?

– Әлгі хаттарды тауып алған бетте мұны үлкен жобаға айналдырамын деп ұйғардым. Бұл үшін Юзефадан тараған туыстарға жолығуым керек болды. Олар Польшаның батысындағы Гожув қаласында тұрады. Соғыс біткеннен кейін оның қызы репатриант ретінде сол жаққа оралған. Зерттеуімді Берлинде бастадым, ол жақта бір жыл тұрғанмын. Табылған хаттарды аударуға лингвист мамандар көмектесті. Бұған қоса, туыстарына жолығып, Юзефаның өмірі туралы сұрадым. Бір жылдан кейін ол кісінің қандай адам болғанын өзін көргендей елестете алатын болдым.

Юзефа Буйдованың хаты
Юзефа Буйдованың хаты

– Ол кісі өте мықты әйел болыпты. Қазақстанға бірге депортацияланған өзі сияқты қарт поляктардың ішінен тірі қалған жалғыз адам екен. Оны мақтан тұтамын. Туыстарының естеліктері мен Юзефаның хаттарынан оның қандай мықты кісі болғанын ұғынғандаймын. Алты баласы болған. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын көрген. Бала-шағасына өмірінің ақырына дейін, тіпті алыста жүріп те бас-көз болған. Есейіп кеткен балаларының өзіне нұсқау беріп, жөн сілтеп отырған. Қартайған шағында қиыр шетке, жат ортаға жер аударғанына қарамастан Юзефаның сағы сынбаған, рухы түспеген.

– Оны қай жаққа депортациялаған?

– Ақтөбеге. Совет терминологиясында мұны депортация деп атамаған. Оған "қалған өміріңді Отан игілігіне еңбек етіп өткізесің" деген.

– Юзефаны не үшін депортациялаған?

– Ол кісінің Алоиз Буйдо деген баласы полицей болып жұмыс істепті, НКВД (СССР ішкі істер халық комиссариаты – ред.) оның сол үшін тұтқындаған көрінеді. Юзефаның өзге балалары қашып үлгерген. Ал күйеуі сол кезде марқұм болып кеткен. Өзін Қазақстанға жалғыз әкеткен. "Мемориал" құқық қорғау қоғамы материалдарынан түсінгенім -Юзефаны сатқынның шешесі ретінде жер аударған.

– Ол кісі Ақтөбеде қалай күнелтіп, немен айналысқан?

– Киім-кешек тіккен, ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. Ол кісінің қандай қиын жағдайда өмір сүргенін сақталып қалған хаттарының арқасында елестете аламыз. Мысалы, ол өзге поляктармен бірге орналастырған баракта тұрғаны үшін бес айға 500 рубль төлеуі тиіс екенін жазған.

Юзефа Буйдованың хаттары
Юзефа Буйдованың хаттары

Юзефа хаттарында тағы не туралы жазған екен?

– Ол балаларына көбінесе көмек сұрап жазған. Хаттарында азық-түліктің, өзге де заттардың бағаларын да сипаттаған. Мысалы, сол кезде Ақтөбеде пима - 200 рубль, жарты литр сүт - бес рубль, еттің бағасы 20 рубль болған екен. Жылу үшін айына 20 рубль төлеткен. Бір хатында балаларынан көліктерін сатып, ақшасын жіберуді сұраған. Бұдан бөлек, Юзефа "дәмін есіме түсірейін" деп балаларынан сало (шошқаның майы), бал, итбүлдірген, жарма жіберуді өтінген. Ол кісінің мінезінің адуынды болғаны хаттарынан да байқалып отырады. Әдетте шешесі балаларына бұлай жазбайды ғой, бірақ ол кісіні жоқшылық мәжбүрлеген.

Юзефа балаларынан хат алмағанын уайымдаған, олардан "жиірек жазып тұрсаңдаршы" деп өтінген. Соңғы хаттарында денсаулығы сыр беріп жүргенін жазған. Денсаулығы барған сайын нашарлап, жөтелгенде қан түкіре бастаған. Меніңше, ол 1942 жылдың аяғында я болмаса 1943 жылдың басында туберкулезден қайтыс болған сияқты.

Юзефа Буйдова жазған хаттардың үзінділері
Юзефа Буйдова жазған хаттардың үзінділері

– Жобаны бастағаныңызға үш жыл болғанын айтып қалдыңыз ғой. Берлиннен басталған зерттеуіңіз кейін қалай жалғасты?

– Жобаны қызықтырақ етуді, яғни адам жеке тағдырын ашуды ұйғардым. Былтыр әкем екеуміз Беларусь еліне барып келдік. Өйткені Юзефа хаттарын сол жақтағы бір ауылға жолдап отырған. Бұдан бөлек, Вильнюс, Будапешт, Ақтөбе және Львовте бірнеше көрме ұйымдастырдым. 1 қараша күні Мәскеуде перфоманс өткізуді жоспарлап отырмыз. Оны Театр. Doc және ГУЛАГ мұражайымен бірлесіп ұйымдастырмақпыз. Актерлер әуелеген музыкамен бірге Юзефаның хаттарын оқитын болады, бұған қоса, видео, фотосуреттер көрсетеміз. Және нағашы әжемнің өмірі мен поляктарды депортациялау тарихына байланысты фактілер келтірілген хаттар көрмесін өткіземіз. Мұндай көрмені Польшада да ұйымдастырғым келеді. Бірақ келер жылдың көктеміне дейін берілген Ресейдегі виза мерзіміне сәйкес уақытты толық зерттеуге пайдаланып қалғым келеді.

– Ақтөбеге қашан бардыңыз?

– Екінші көрмені Будапеште өткізген болатынмын. Көрмеге келушілердің бірі "Қазақстанға да баратын шығарсыз?" деп сұрады. Әуелде бұл жайлы онша ойланбадым. Бірақ әлгі сұрақтан кейін баруым керек деп шештім. Өткен жылы желтоқсанның аяғында Ақтөбеге барып, көрме ұйымдастыруды ұйғардым. 20 желтоқсан күні қоғамдық-мәдени орталықта сөз сөйледім. Ақтөбе мен Қазақстан жұрты мені қайран қалдырды. Жолға шығарда мұндай қонақжайлылық көремін деп мүлде ойлаған жоқ болатынмын. Бірақ жолымда ұшырасқан адамдардың қолдауына, кең пейіліне тәнті болдым, мұны ешқашан ұмытпаймын. Ақтөбеге барғанымның арқасында көрме де, бүкіл жоба да тың деректермен толықты.

– Қандай жаңа деректер таптыңыз?

– Мысалы, түп нағашым орыс екенін білдім. Демек менің қанымда ирландтың, литванның, поляктың және орыстың қаны бар болып шықты. Жер аударылып барған соң біраздан кейін Юзефаны Ақтөбе түбіндегі бір ауылға көшіріпті. Мұны Поляк мәдени орталығының көмегінің арқасында анықтадым. Бұған қоса, ол кісі Қызыл Крест ұйымынан гуманитарлық көмек алып тұрыпты. Тамыздың аяғында Юзефа тұрған ауылға тағы бір мәрте бармақпын. Бәлкім, бұл жолы зиратын тауып қалармын. Қыста барғанымда омбы қардан таба алмай кеткенмін.

Майкл Сагатис Мәскеудегі ГУЛАГ музейінде
Майкл Сагатис Мәскеудегі ГУЛАГ музейінде

Сапарымның тағы бір маңызды мәні болды. Юзефа туралы хикаяны естігеннен кейін жергілікті билік саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемориал ашуды ұйғарды. Олар ең үздік дизайнға конкурс жариялап, айналдырған үш айдың ішінде ескерткіш орнатты. Қазір ол Ақтөбедегі орталық алаңда - Ленин ескерткішінің орнында тұр.

– Жобаңыздың мақсаты бар ма?

Мақсатым – туыстарымның тағдырымен байланысты тарихи оқиғалардың адамға қазір де әсер етуі мүмкін екенін көрсету. Ал мұны түйсініп, ақиқатқа жетуге құлық танытпасаң, тарих салған жаралар жағымсыз әсер етуі мүмкін. Мына жоба ресейліктердің де өз әулеті тарихын зерттеуіне түрткі болса деймін. Менің әкем, яғни Юзефаның жиені де әжесі туралы ештеңе білмеген. Бірақ бұл бір отбасының тағдырын ғана баяндайтын жоба емес. Бұрын ешкім білмеген фактілер тарихты тануға көмектеседі. Бұл әсіресе Молотов-Риббентроп пактісінен кейін Польшаны жаулап алған СССР басқыншылығы туралы үндемеуге тырысып отырған қазіргі Ресейде аса маңызды.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Кондрашова алған сұхбат орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG