Accessibility links

Украинада құлаған Малайзия ұшағының жаңа «дерегі»


Малайзия жолаушылар ұшағы құлаған жерге қойылған белгі. Онда "Кіруге болмайды! Территорияда MH17 ұшағы апаты құрбандарының мәйіттері жатуы мүмкін" деп жазылған. Украина, Донецк облысы, 15 желтоқсан 2014 жыл.
Малайзия жолаушылар ұшағы құлаған жерге қойылған белгі. Онда "Кіруге болмайды! Территорияда MH17 ұшағы апаты құрбандарының мәйіттері жатуы мүмкін" деп жазылған. Украина, Донецк облысы, 15 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей Малайзия жолаушылар лайнерін Украина реактивтік ұшағы атты дейтін «куәгер» тапты. Ал айғақтар лайнерді сепаратистер басып алған аймақтан «Бук» зымыраны атқанын көрсетеді.

Нидерланд телеарналарының бірі «Малайзия жолаушылар ұшағын ресейшіл сепаратистер «Бук» зымыраны атты» деген пікірді растайтын мәлімдеме жасаған соң, Мәскеу «оны Украина реактивтік ұшағы құлатты» деген болжамды насихаттауды күшейтті.

ҮШ СУРЕТ

Нидерландтың RTL Niews агенттігі Украинаның шығыс аймағы тұрғыны түсірген үш суретті көрсетті.

Оның екеуінде «Бук» зымыран кешенінен шықты деген түтін ізі бар, ал үшінші суретте Малайзия жолаушылар ұшағы апатынан кейінгі түтін түсірілген. Суреттегі уақыт көрсеткіші ұшақтың құлаған сәтіне тура келеді.

Нидерланд сарапшылар тобының екі маманы суреттердің шынайы екенін айтады. Bellingcat сайтында «Бук» зымырандарының қозғалысы туралы ашық мәліметтер жариялап келе жатқан Элиот Хиггинс Азаттыққа «суреттердің түпнұсқа болуы мүмкін екенін» айтты. Ол «суреттер [шын болса] жолаушылар ұшағына «жер-әуе» зымыранының тигенін дәлелдейтін айғақ болатынын» ескертті.

Ол Азаттыққа электрондық пошта арқылы жолдаған жауабында «Шілденің 17-сі күні біз ізіне түскен «Бук» сол аймақтың солтүстігіне қарай жылжыған, суреттер біздің осы ақпаратымызды растап тұр» дейді.

Бірақ Нидерланд мамандарының мәлімдемесінен бірнеше сағаттан соң (желтоқсанның 22-сі - ред.), ресейлік «Комсомольская правда» газеті «Украинаның бұрынғы солдатынан» алынған сұхбатты жариялап, жұмбақ «куәгердің» 298 адамның өліміне себеп болған оқиғаны өз көзімен көргенін жазды.

РЕСЕЙДІҢ «КУӘГЕРІ»

Әлгі «куәгер» «Украинаның СУ-25 ұшағы Днепропетровскідегі базасынан ұшып шығып, «әуе-әуе» зымыранымен Boeing 777 жолаушылар ұшағын атып түсірген» дейді. Оның айтуынша, «түрі аппақ қудай болып кеткен» ұшқыш базаға оралғанда ұшақтың зымырандары болмаған. «Комсомольская правда» газетіне ол «ұшқыш «ұшақтың қажетсіз уақытта, қажетсіз жерде болғанын» айтты» деген.

Шілдедегі апаттан төрт күн өткен соң Ресей қорғаныс министрлігі «Малайзия ұшағын СУ-25 атып түсірді» деп хабарлады, бірақ авиациялық сарапшылар бұл теорияға күмән келтірді.

Лафборо университетінің авиация және қауіпсіздік жөніндегі ғылыми қызметкері Дэвид Глив Азаттыққа «зымыраны бар СУ-25 ұшағының бес километрден артық биіктікке көтеріле алмайтынын» айтты, ал МН17 (Малайзия жолаушылар ұшағы – ред.) ұшағы 10 километр биіктікте ұшып бара жатқан.

Ресейшіл «куәгердің» уәжіне қарағанда, ұшақ тұмсығын көтеріп, зымыранын жоғары қарай атуы мүмкін. Әскери сарапшы және журналист Павел Фельгенгауэр тәуелсіз Snob.ru сайтына Ресейдің жаңа мәлімдемесі «сандырақ» екенін айтты.

Нидерланд мамандары жолаушылар мәйіттерін елдеріне аттандырып тұр. Украина, Харьков, 28 қараша 2014 жыл.
Нидерланд мамандары жолаушылар мәйіттерін елдеріне аттандырып тұр. Украина, Харьков, 28 қараша 2014 жыл.

Фельгенгауэрдің пікірінше, СУ-25 крейсерлік жылдамдықпен кетіп бара жатқан Boeing 777-ні қуып жете алмайды. Ол «Оның үстіне, СУ-25-тің «әуе-әуе» санатындағы R-60 зымырандары ыстық қуып ұшады, оның малайзиялық ұшақтың қозғалтқышына емес, тұмсығына тигені де ақылға сыймайды» дейді.

Бірақ Ресейдің тергеу комитеті құпия «куәгердің» «әрекеті мен жасаған мәлімдемесіне қарап, оның шындықты айтқанына еш күмән келтірмейтінін» мәлімдеді. Украинаның шығысындағы соғыс басталғалы Киевпен сөзі жараспай қалған Ресей кұқық қорғау органы «куәгердің» «өтірік детекторы» тексеруінен де өткенін айтады.

Хиггинстің пікірі бойынша, «Ресей мұның бәрін оқиғаның ізін жасырып, басқаларды шатастыру үшін айтып отыр». «Бұл «куәгердің» Нидерланд мамандарының мәлімдемесінен соң бірден табыла кеткенін де есепке алыңыз» дейді ол.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG