Accessibility links

Алтай-Саян сүтқоректілері мұз дәуірінен бері өзгермеген


Ресей-Моңғолия шекарасындағы Алтай-Саян аймағы.
Ресей-Моңғолия шекарасындағы Алтай-Саян аймағы.

Жаңа зерттеу Ресейдің оңтүстігі мен Батыс Моңғолиядағы Алтай-Саян тауларын мекендейтін сүтқоректілердің он мыңдаған жылдан бері өзгеріске ұшырамағанын көрсетті.

Мұз дәуірі кезеңін көз алдыңызға елестеткіңіз келсе, Еуразияның Алтай-Саян тауларын барып көріңіз. Сол уақытта тіршілік еткен сүтқоректілер осы аймақта әлі бар.

ЖҰМБАҚ ӨЛКЕ

Ресей-Моңғолия шекарасындағы таулар тізбегін соңғы мұз кезеңінен бері сүтқоректілер паналап келеді. Сүтқоректілердің дене көлемі мен физикалық қасиеттері эволюцияға ұшыраса да, бұл жердегі жануарлар плейстоцен дәуірінде өмір сүрген хайуандарға қатты ұқсайды.

Чехиядағы Оңтүстік Богемия университетінің ғалымдары Еуразияның жеті бөлігіндегі 35-12 мың жыл бұрын тіршілік еткен сүтқоректілердің тізімін жасап, оларды қазіргі 14 аймақты мекендейтін хайуандармен салыстырды.

Топ жетекшісі Вера Павелкова Ржичанкова зерттеу нәтижесіне сүйеніп, мұз дәуіріндегі экожүйенің қазіргі Алтай-Саян тауларында сақталғанын айтты.

Ресей-Моңғолия шекарасындағы Алтай-Саян аймағын аралап жүрген Вера Павелкова Ржичанкова.
Ресей-Моңғолия шекарасындағы Алтай-Саян аймағын аралап жүрген Вера Павелкова Ржичанкова.
- Дала және тундра жануарлары, мысалы, жылқы мен бұғы мұнда бір ұлттық саябақта бірге өмір сүреді. Мұз дәуірінің фаунасы Үкөк үстіртінде (Алтай Республикасы) және Батыс Моңғолияның Увснуур мен Харуснуур аймақтарында сақталған, - дейді ғалым Азаттыққа.

Бұл аймақта бұғы, сайғақ, Пржевальский жылқысы, дала леммингі сияқты хайуандар бар.

Мамонттар мен түкті мүйізтұмсық сияқты жойылып кеткен жануарларды қоспағанда, қазіргі хайуандардың ежелгі ата-бабаларынан ерекшелігі шамалы.

СЕБЕП

Ғалымдар «Бұның себебі – Алтай-Саян тауларындағы салқын және құрғақ климат соңғы мұз дәуірінен бері өзгермеген» дейді.

Бұған Алтай-Саян тауларындағы жер бедері де ықпал етуі мүмкін. Тау, қылқан жапырақты орман, жазық алқап мен сулы-батпақты алаптар жануарлар мен жайылымдардың көптеген түрлерінің сақталуына қолайлы.

Алтай-Саян таулары.
Алтай-Саян таулары.
Ұлыбританиядағы Борнмут университетінің палеоэкология бөліміндегі профессор көмекшісі Джон Стюарт соңғы зерттеудің маңызын:

- Мұз дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген хайуандардың қазіргі аналогын таптық. Бұл ғылым үшін өте маңызды, мұз дәуіріндегі басқа да құбылыстарды жете түсіну үшін Алтай-Саян тауларын зерттеу қажет, - деп түсіндіреді.

МҰЗ ДӘУІРІНІҢ «ЖӘДІГЕРЛЕРІ»

Стюарт пен Павелкова Ржичанкова «Зерттеу Алтай-Саян таулары сүтқоректілер мен басқа да тіршілік үшін, өсімдіктер үшін рефигиум (табиғаттың төтенше құбылыстарында хайуандар паналайтын орын) болғанын көрсетеді. Кезінде Еуразияның басқа аймақтарын мекендеген тіршілік иелері климат өзгерісі болғанда қырылып қалды» дейді.

Чех ғалымдары бірнеше жыл бұрын Ресейдің Алтай өлкесінен соңғы мұз дәуірінде жойылды деп саналатын ұлуларды тапты.

Стюарттың айтуынша, бұл аймақта ежелгі адамдардың қаңқалары да бастапқы қалпын сақтауы әбден мүмкін.

Алтайдың қазақстандық беті. (Көрнекі сурет)
Алтайдың қазақстандық беті. (Көрнекі сурет)
- Бұл аймақта әртүрлі адамдар тұрады. Өлкені Еуразиядан табылған адамның ежелгі үш өкілі – неандерталдықтар мен Денисов үңгірінің тұрғындары және қазіргі адамдар мекендеген. Сондықтан адамзаттың ежелгі өкілдерін тауып жатсақ таңғалмаймыз, - дейді Джон Стюарт.

2010 жылы Алтай тауларындағы Денисов үңгірінен ежелгі адамдар қаңқасы табылған еді. ДНҚ талдау жасағанда олардың 40 мың жыл бұрын өмір сүргені анықталды. Бұдан кейін неандерталдықтар сүйегі мен саналы адамдардың құралдары табылды. Демек үңгірді әртүрлі кезеңде адамзат эволюциясының үш өкілі мекен еткен.

Кейінгі талдаулар Денисов үңгірін мекендеушілер ежелгі адамдардың төртінші тобымен будандасқанын көрсетті. Төртінші топ осыдан миллиондаған жыл бұрын Еуропа мен Азияда өмір сүрген тік жүретін адам (Homo erectus) болса керек.

Стюарттың айтуынша, Алтай-Саян аймағын зерттеу нәтижесінде ешкім күтпеген тосын жаңалықтар ашылуы мүмкін.

- Бұл өлке салыстырмалы түрде аз зерттелген. Бұл жерді археология мен антропологияның ұштасатын тұсы деуге де болады, - дейді ғалым.

(Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG