Accessibility links

Путинге қатысты Ресейдегі жас пен кәрі екі пікірде


Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің қабырғаға салынған граффити суреті. Мәскеу, 1 наурыз 2012 жыл
Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің қабырғаға салынған граффити суреті. Мәскеу, 1 наурыз 2012 жыл

Ресейдегі президент сайлауы аға буын мен жастар арасындағы көзқарас алшақтығын көрсетті. Жас буын Владимир Путиннің орнынан кеткенін қаласа, үлкендер ол кетсе Ресей берекесіздікке ұшырауы мүмкін деп үрейленеді.


Азаттық тілшісі хор дирижері Александр Аванесовпен және оның жасөспірім шәкірттерімен пікірлесіп, екі буын арасындағы айырмашылықты байқаған еді.

«РЕСЕЙ ЕШҚАШАН БҰЛАЙША ГҮЛДЕНГЕН ЕМЕС»

«Ресей бұған дейін ешқашан бұлайша гүлденіп көрген емес, сондықтан дауысымды Владимир Путинге беремін» дейді Александр Аванесов. Ал Татьяна Ким болса сайлау бюллетенін шимайлап тастаймын дейді, себебі, оның пікірінше, Ресейдегі саясат – көзбояушылық.

56 жастағы Александр 1990 жылдары Путин билікке келгенге дейін Ресейдің қалай қожырап, берекесіздікке ұшырағанынан жастардың хабары жоқ деп есептейді. Ал 18 жастағы Татьяна Путиннің авторитарлық билігіне енді төзе алмайтынын, ал сайлау бюллетенінде тізімде тұрған оның қарсыластары –Кремльдің қуыршақтары екенін айтады.
Александр Аванесов, хор дирижері. Мәскеу. Видеокадр көрінісі.
Александр Аванесов, хор дирижері. Мәскеу. Видеокадр көрінісі.

Мәскеуде француз хорының дирижеры болып жұмыс істейтін ұстаз бен сол хорда ән айтатын шәкірт арасындағы пікір қайшылығы алдағы жексенбіде болатын президент сайлауында Ресейдегі түрлі буындар арасының қаншалық алшақ екенінен хабар беріп тұр.

Ұстаз Аванесовтың жасындағы жұрт Путинге дейінгі кезеңде болған бейберекет өмірдің қайталануынан қорқып, премьер-министрге арқа сүйейді. Ал шәкірт Татьянаның қатарластары Путин дәуірінде қалыптасқан «тұрақтылық пен өркендеудің» жемісін жей отырып, авторитарлық жүйенің жаңаруын және демократияланғанын қалайды.

ЖАСТАР ПУТИНДІ БАҒАЛАЙДЫ, БІРАҚ ӨЗГЕРІСТІ ҚАЛАЙДЫ

Аванесов Путиннің Кремльге қайтып келгенінен гөрі президент Дмитрий Медведевтің екінші мерзімге қайта сайланғанын қош көреді. Дегенмен, ол Путин келгелі орнаған тұрақтылықтың арқасында қаннен-қаперсіз өмір сүріп жүрген жастарды бақытты ұрпақ қатарына қосады.

- Олар Путиннің патерналистік қамқорлығынан жалыққан соң жаңа бірдеңені аңсап жүр. Біз кезінде партияның әрбір съезін үрейлене күтіп, саясат дегенді мүлде ұмытатын заман туар ма екен деп армандайтынбыз. Біз жақсы ақша тауып, тып-тыныш отбасымызды асырап, әдемі киім киіп, тоя тамақ ішіп жүруді, шетелге қыдыруды көксейтінбіз... Міне, қазір дәл сол уақыт келді емес пе? – дейді Аванесов
Перьмде өткен Путинге қарсылық көрсету шарасы. 26 ақпан 2012 жыл
Перьмде өткен Путинге қарсылық көрсету шарасы. 26 ақпан 2012 жыл

Мәскеудегі кафеде Азаттық радиосының тілшісімен сұхбаттасқан Татьяна Ким мен жолдастары аға буынға қарағанда жақсы жағдайда ғұмыр кешіп жатқандарын түсінеді. Дегенмен, бұл автократиялық саяси жүйеге көз жұма қарап жүре беру дегенді білдірмейді деп санайды олар.



«САЙЛАУ – САЙЛАУ ЕМЕС, ОППОЗИЦИЯ – ОППОЗИЦИЯ ЕМЕС»

Олар қазіргі режимнің тоқпағымен Ресейде тоқырау заманы орнай ма деп алаңдайды. Жақында бүкіл Мәскеуді дүрліктірген оппозицияның қарсылық жиындарына ешқайсысы қатыспаса да, олар өкіметтің шерушілерге қара күйе жақпаққа әрекеттеніп жатқанынан хабардармыз дейді.

Татьяна мен оның құрбысы, Мәскеу Жоғары экономика мектебінің оқушысы, 17 жастағы Камила Грачева бұл наразылық шараларын «халықтың пікір білдіру еркін пайдалану әрекеті» деп санайды.

- Адамдардың пікір білдіру құқығы бар екенін жұрт неге ұмытып кете береді? Егер олар бірдеңені өзгерткісі келсе, онда олардың бас қосып, пікір айтуға хақысы бар емес пе? – дейді Грачева.

- Біреулер өз құқықтарын, ал енді біреулер өз жауапкершіліктерін ұмытып кетіп жатады, - дейді Ким.
Жастар Ресей саяси жүйесіндегі потемкиншілдіктен әбден шаршаған. Себебі бұл елдегі сайлау – шынайы сайлау емес, ал оппозиция нағыз оппозиция емес.

Грачеваның айтуынша, жастар Ресей саяси жүйесіндегі потемкиншілдіктен әбден шаршаған, «себебі бұл елдегі сайлау – шынайы сайлау емес, ал оппозиция нағыз оппозиция емес».

- Желтоқсандағы сайлаудың алдында болған жүйе тіпті жиіркенішті, себебі сайлау нағыз таңдаудың нәтижесін көрсетпеді, оған псевдо-оппозиция қатысты да, билік толығымен авторитарлық жүйеге айналып кетті, - дейді Грачева.

Сол арада біздің әңгімемізді тыңдап отырған орта жастағы әйел қыздардың сөзін бөліп: «Бұл ұрандарды біз 80-жылдардан бері естіп келеміз. Бұл – бос сөз» деп ұрысты. Мұның өзі екі ұрпақ арасындағы алшақтықтан хабар беріп тұрғандай.

РЕСЕЙ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖІКТЕЛУ

Әлеуметтанушылардың айтуынша, аға және жас буын арасындағы араздық - Ресей электоратына жік салып тұрған көп түйткілдің бірі ғана. «Левада» әлеуметтік зерттеу орталығының сарапшысы, әлеуметтанушы Борис Дубин:

- Сахаров және Болотная алаңдарында, Якиманка көшесінде жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, наразылық білдіруге шыққандардың басым бөлігі жастар емес, 40-қа толмаған орта жастағы азаматтар. 40 пен 55 жас аралығындағылар да белсенділік танытқан. Сондықтан бұл бөліністі орталықта тұратындар мен шалғайдағылар, кедейлер мен байлар, жастар мен егде адамдар арасындағы жіктелу деп бөліп қарастыру керек, - дейді.

Аға буын өкілі Аванесов та ешқашан Путинді қолдайтын жиындарға қатысып көрмепті. Бірақ, алдағы уақытта мұндай шараларға атсалысу ойында бар. Себебі оның айтуынша, бұлқынған оппозиция күштері Ресей әзер қол жеткізген тұрақтылыққа қатер төндіріп отыр.

Аванесовтың ойынша, Путиннің қарсыластары оны «билікке келіп байыды» деп айтыптағанымен, бұған еш дәлел келтірмейді. «Путин елінен гөрі өзін жақсы көреді» дегенге дәлел болатын ештеңе байқай алмадым» дейді ол.

«ПУТИН ӨЗГЕРЕДІ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

Татьяна мен Камила алдағы додада Путин жеңіске жетіп, енді кем дегенде және бір мерзім президенттік қызмет атқаратынын сезеді. Дегенмен бұл уақытты салмақты саяси-экономикалық реформалар жүргізуге арнайды деп үміттенеді.

Шәкірттері ұстаз Аванесов айтқан мына бір пікірмен келісетіні айқын:

- Мен де Путин өзгереді деп үміттенемін. Алғаш билікке келе салған кезде Шешенстан мәселесін шешу үшін оған саяси тұрғыдан қатал, әрі қатыгез болуға тура келді. Кезінде Сталин Гитлерге қарсы қатал болғаны сияқты бұл да орынды ұстаным болды. Қазір біз одан гөрі сарабдал, әрі адами саяси жүйе мен ұстанымды қалаймыз.

(Мақаланы қазақшаға аударған - Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG