Accessibility links

Соғыс бастап, күші сарқылып жатқан Ресей Қытай мен Үндістанның қатысуымен әскери жаттығу өткізбек


Восток-2018 әскери жаттығуы.
Восток-2018 әскери жаттығуы.

Украинадағы соғыс кезінде "Восток" әскери жаттығуы бұрынғыдай кең ауқымда өтпейді. Соған қарамастан Ресей Батысқа әлі де оқшаулана қоймағанын, әскери қуатының жеткілікті екенін көрсетуге тырысып жатқандай.

Ресей 2018 жылы Қиыр Шығыста әскери жаттығулар өткізгенде, оған 300 мыңнан астам сарбазы қатысқан. Олар Қытай мен Моңғолия сарбаздарымен жаттыққан еді. Сонда Кремль әскери қуаты мықты екенін, Пекинмен байланысын нығайтып жатқанын көрсетпек болған.

Қазір Мәскеу тағы бір жаттығуға дайындалып жатыр. Оған елу мыңнан астам адам қатысады. Украинаға басқыншылық кесірінен шығынға батып, қиындыққа тап болғанына қарамастан, Ресей осылайша әскери қуатының әлсіремегенін көрсеткісі келеді.

1 қыркүйекте басталатын жаттығу бір аптаға созылады. Оған Қытай, Үндістан, Лаос, Моңғолия, Никарагуа, Алжир, Сирия, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан әскерлері қатысады.

Жаттығу кезінде әуеде, теңіз бен құрлықта маневрлер жасалады. Мәскеу Ресейдің Тынық мұхиты флоты мен Қытайдың әуе-теңіз күші Жапон теңізінде "теңіз коммуникациясын және теңіз аудандарының экономикалық қызметін қорғауға бағытталған" жаттығулар өткізетінін мәлімдеді.

Иран, Қытай және Ресей теңіз әскерлерінің Үнді мұхитындағы жаттығуы. 19 қаңтар 2022 жыл.
Иран, Қытай және Ресей теңіз әскерлерінің Үнді мұхитындағы жаттығуы. 19 қаңтар 2022 жыл.

Ресей шенеуніктері жаттығудың тек қорғаныс сипатта өтетінін, белгілі бір елге қарсы бағытталмағанын айтты. Бірақ Мәскеудің Украинадағы басқыншылығы мен Азиядағы ушығып тұрған геосаяси жағдай кезінде өтетін әскери жаттығудың символикалық мәні бар.

Ресей мен Қытай Тынық мұхиты аймағына назар аударып, саяси және әскери байланысын нығайтып жатқанын көрсетуге тырысып жатқанда, Жапония мен Оңтүстік Корея секілді аймақтағы державалар әскери жаттығуды мұқият бақылайды дейді сарапшылар.

"Бұл Қытай үшін Жапонияға назар аудара отырып, Ресеймен жұмыс істеудің жақсы мүмкіндігі" деді Мэрилендтегі Фростбург университетінің профессоры Хайюн Ма Азаттыққа. Ол Пекиннің Ресеймен, Оңтүстік және Орталық Азиямен байланысын зерттейді. "Тайвань бұғазындағы жағдай өршіп жатқанда, осы күндері Жапония расымен Қытайдың назарына ілікті. Олар Ресей Тынық мұхитында оған жақындай алады деп үміттенеді".

Жаттығуға Үндістанның қатысатыны да көптің назар аудартты.

Үнді сарбазы Ресей автоматымен нысананы көздеп тұр. Владикавказ, 28 шілде 2010 жыл.
Үнді сарбазы Ресей автоматымен нысананы көздеп тұр. Владикавказ, 28 шілде 2010 жыл.

Нью-Дели қорғаныс саласында Мәскеумен бұрыннан байланыс орнатқан. Вашингтонмен де қарым-қатынасы жақсы. Қытай мен Үндістан арасында Гималайдағы шекара дауы бар. Екі жыл бұрын онда қанды қақтығыс болған еді. Үндістан қазанда Қытай шекарасына жақын маңда АҚШ-пен әскери жаттығу өткізеді.

"Ресей халықаралық қауымдастық үшін жағымсыз [ойыншыға] айналды. Бірақ бұл жаттығу оған Украинадағы соғысқа дейін айтқысы келген [ойға] оралуға мүмкіндік береді" деді Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темір Омаров. "Ресей қорғаныс саласындағы байланысын нығайтып, соғыс оны толық оқшауландыра қоймағанын көрсеткісі келеді".

ШЫҒЫСТАҒЫ МҮДДЕ

Қытай мен Ресей күштері 2005 жылдан бастап бірлескен әскери жаттығу өткізіп келеді. Бірақ кейінгі жылдары оны кеңейтіп, Азия мен Жерорта теңізіндегі әскери жаттығуларды қосты.

2018 жылы Пекин мен Мәскеу кең ауқымды жаттығуға көшті. Ол жоғары шенді командирлерді бірлесіп жұмыс істеуге дайындауға бағытталды. Ал былтыр Ресей әскері алғаш рет жаттығу үшін Қытай жеріне барды.

Қытай танктері Восток-2018 әскери жаттығуында.
Қытай танктері Восток-2018 әскери жаттығуында.

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин ақпанда "шексіз әріптес" екенін мәлімдеді. Мәскеудің Украинаға басқыншылығы алдында жасалған бұл мәлімдеме екі ел байланысының шарықтау шегі болды.

Қытай соғыс басталғалы Батыстың Ресейге салған санкцияларынан айналып өту үшін ойланып әрекет етуге тырысты. Бірақ Украинадағы соғысқа Ресейді НАТО мен Батыс арандатты деп айыптап, халықаралық ұйымдарда Мәскеуге дипломатиялық қолдау білдірді. Мамырда АҚШ президенті Джо Байден Токиодағы саммитке барғанда, екі ел бомбалаушы ұшақтарын жіберді.

АҚШ өкілдер палатасының өкілі Нэнси Пелоси Тайваньға барып, Пекиннің Вашингтонмен байланысы шиелене түскенде, Ресей де Қытайды қолдап шықты. Пелосидің сапарына жауап ретінде Қытай Тайваньға жақын маңда әскери жаттығу өткізіп, әуеге бес баллистикалық зымыран жіберді. Олардың бәрі Жапонияның экономикалық аймағына құлады.

Осы айда Қытай шенеуніктері Пекиннің Ресей ұйымдастырған әскери жаттығуға қатысуының қазіргі халықаралық және аймақтық жағдайларға қатысы жоқ екенін айтты. Бірақ Ма Жапония саясатындағы өзгеріс, атап айтқанда қорғаныс шығынының артуы, Мәскеуге санкция салуы және Қытайдың Тайваньдағы әрекетін айыптауы шиеленісті күшейтті дейді.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Владивостоктағы кездесу кезінде стақан соғыстырып тұр.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Владивостоктағы кездесу кезінде стақан соғыстырып тұр.

Өткен аптада Ресейдің екі теңіз жасағы Ресей мен Жапонияны бөліп тұрған Лаперуза бұғазынан сес көрсете өтіп, "Восток" жаттығуына аттанды дейді ол.

Қытайдың да, Ресейдің де Жапониямен жер дауы бар: Мәскеу мен Токио Курил аралдарына таласса, Пекин Жапонияның қолындағы Сенкаку аралдарына көз тігіп отыр.

ҮНДІСТАН ФАКТОРЫ

"Восток" жаттығуына Үндістанның қатысатыны сарапшыларды таң қалдырды. Оған қатысатын Пекин мен Нью-Дели арасында шиеленіс өршіп тұр. Үндістанның Батыспен байланысын нығайтып жатқаны тағы бар.

29 тамызда Үндістан Қытайды Тайвань бұғазын әскерилендіргені үшін айыптады. Бұған дейін екі ел Қытай әскери кемесінің Шри-Ланкадағы даулы портқа барғаны үшін сөз таластырып қалған еді.

Сарапшылар Үндістанның әскери жаттығуға қатысуына Нью-Дели мен Мәскеудің қорғаныс саласындағы тығыз байланысы әсер етті дейді.

"Батыс көзімен қарасақ, бұл жақсы болмауы да мүмкін. Бірақ Үндістанның сыртқы саясатына жақсы ықпал етеді" деді Азаттыққа Уилсон орталығындағы Азия бағдарламалары директорының орынбасары Майкл Кугельман.

Үндістан Ресейдің Украинаға басқыншылығына қатысты пікір білдірген жоқ. Батыстың Мәскеуді оқшаулау әрекеттеріне қарамастан, Ресейдің арзан мұнайын сатып алуды жалғастырып жатыр.

Кугельман әскери жаттығу Үндістанның "стратегиялық автономия" саясатына сай келетінін, мұның бәсекелес державалар арасында тепе-теңдікті сақтай отырып өз мүддесін ұстануға мүмкіндік беретінін айтады.

Үндістан Ресей мен Қытай кірген бірнеше көпжақты блокқа мүше. Оның арасында Бразилия, Оңтүстік африка кіретін БРИКС пен Пәкістан, Орталық Азия елдері мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымы да бар. Кугельман мұндай әртараптанған әріптестік Нью-Делиге аймақтағы ықпалын арттыруға мүмкіндік береді дейді.

"Бұл – Үндістанға жақсы әсер етеді. Икемді және бәсекелес елдерді теңестіруге қабілеті бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG