Accessibility links

Reuters: Ресей "Өрмек" операциясы кезінде 20 ұшағынан айырылды


Америка барлау қызметінің мәліметінше, Ресейдің әскери аэродромдарына соққы жасаған украин күштерінің "Өрмек" операциясы кезінде 20 ұшақ істен шығарылған. Бұл жөнінде Американың ресми тұлғаларына сүйенген Reuters жазды.

Он шақты ұшақ жойылған, қалғаны бүлінген.

Американың барлау қызметі келтірген мәлімет Зеленский айтқан саннан әлдеқайда аз. Бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский шабуыл кезінде 41 әскери ұшақ істен шығарылғанын, жартысы қалпына келместей бұзылғанын айтқан.

Дегенмен Reuters дереккөзі операцияның маңызын атап өткен. Олардың бірі осының нәтижесінде Ресей атысты тоқтату бойынша келіссөзде позициясын қатайта түсетінін айтқан.

Америка өкілдерінің сөзінше, Украина АҚШ-қа мұндай шабуылға дайындалып жатқанын айтпаған. Сейсенбі күні телеаарнаға берген сұхбатында АҚШ-тың Украина бойынша уәкілі Кит Келлог "Өрмек" операциясы жанжалды күрт ушықтырды, себебі Украина Ресейдің "ядролық үштігінің" бір тіреуішіне соққы жасады деп мәлімдеген. Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен Ресей басшысы Владимир Путин Мәскеу аталған шабуылға қарымта қайтаратынын айтқан.

XS
SM
MD
LG